СҚО-да ер адамды бөліспеген әйелдер арасындағы жанжал қайғылы аяқталды

ПЕТРОПАВЛ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Антоновка ауылында ер адамды бөліспеген әйелдердің жанжалы қайғылы аяқталды, деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

СҚО-ның Айыртау ауданында екі бойжеткен ер адам үшін 38 жастағы әйелді ұрып-соқты, әйел алған жарақаттары салдарынан көз жұмды.

Алдын ала тергеу материалдарына сәйкес, Лобаново ауылының 26 жастағы тұрғыны құрбысымен бірге Антоновкадағы сүйіктісіне келіп, оның көкшетаулық әйелмен кездесіп жүргенін біледі.

Қарсыласының да кездесуге келіп, ауылдың басқа тұрғынының үйінде тоқтағанын біліп алған құрбылар ішімдікке тойып алып, сол үйге қарай беттеді. Көп сөйлемей, бірден жұдырыққа жүгінеді. Бір әйелге жабылған екі бойжеткен оны ұрып-соғып, одан кейін сүйікті ер адамының үйінде отырыстарын жалғастырады. Кешке қарай соққыға жығылған әйел мерт болды.

Полицейлер екі күдіктіні де ұстады. Қазіргі уақытта олар Айыртау АІІБ-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды. ҚР ҚК-нің 103 бабымен («Жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») қылмыстық іс қозғалды.