Олардың тоғызы Айыртау ауданында, екеуі Қызылжар ауданында және біреуі Жамбыл ауданында орналасқан. Табиғи мұраның басым бөлігі реликті қарағайлы ормандар, ерекше гранитті жартастар және сирек кездесетін табиғи ландшафттар. Жалпы аумағы – 181,4 га.
«Жаңажол» қарағайлы орманы
Мәселен, «Жаңажол» қарағайлы орманы Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылынан оңтүстік-батысқа қарай, Майбалық ауылының маңында орналасқан. Ол Есіл мен Тобыл өзендерінің аралығындағы ежелгі құмды-шөгінді жыныстарда сақталып қалған сирек кездесетін реликті қарағайлы орман. Оның жалпы аумағы - 9 га.
Орманда негізінен кәдімгі қарағай өседі. Ағаштардың орташа жасы шамамен 110 жыл, 1,5 ғасыр өсіп тұрғандары да бар. Қарағайлардың орташа биіктігі 20 метр, ал діңінің орташа жуандығы 30 сантиметрге жетеді. Қалың өскен орманда бұғы мүгі, папоротник, мысықтабан және итбүлдірген сияқты өсімдіктер өседі. Сонымен қатар қайың мен көктерек те кездеседі.
Мамандардың айтуынша, «Жаңажол» қарағайлы орманы өзінің табиғи орналасу ерекшелігімен құнды. Ол қарағайлар үшін қалыпты емес табиғи-географиялық аймақта орналасқандықтан, ерекше қорғауды қажет етеді. Орманның үлкен елді мекендерден алыс орналасуы оның табиғи қалпын сақтауға оң әсерін тигізіп отыр.
«Күміс бор»
Қызылжар ауданындағы «Күміс бор» орманы да өзінің таңғажайып табиғатымен ерекшеленеді. Большая Малышка елді мекенінің маңында орналасқан табиғат ескерткіші 83 га аумақты алып жатыр. Ормандағы кейбір қарағайлардың жасы 2 ғасырдан асып кеткен.
Қарағайлы алқапты айнала қоршаған аққайыңдар күн сәулесіне шағылысып, күмістей жарқырап тұрады. Орманның атауы осы ерекше көрініске байланысты қойылған деседі. Оның өсімдіктер дүниесі де алуан түрлі. Мұнда солтүстік өңірге тән итбүлдірген, қойбүлдірген, мүктер мен қыналар, дәрілік шөптер, оның ішінде валериана мен желайдар кездеседі. Бұл табиғи кешен өңірдің биоалуантүрлілігін сақтауда маңызды рөл атқарады.
Қарағайлы орман
Осы аудандағы тағы бір табиғи ескерткіш - Қарағайлы орман. 26 га аумақты алып жатқан табиғат ескерткішінің ерекшелігі – мұндағы қарағайлар 1905 жылы бұрынғы Полудино орман шаруашылығының негізінде құрылған Соснов орманшылығында қолдан отырғызылған. Ал табиғат ескерткіші мәртебесі оған 1986 жылы берілген.
Қарағай көшеттері ормансыз ашық алқапқа, кәдімгі қара топыраққа егілген. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде бұл орман табиғи ортаға жақсы бейімделіп, ағаштардың биіктігі бүгінде 16-20 метрге, ал діңінің орташа жуандығы 18-24 см-ге жеткен.
Мамандардың айтуынша, Қарағайлы орманның ғылыми маңызы зор. Бұл алқап ормансыз жерлерді көгалдандыру арқылы қарағайлы ормандардың аумағын ұлғайтуға болатындығын дәлелдейтін тәжірибелік үлгі саналады.
Қалған табиғат ескерткіштері Айыртау ауданында, көпшілігі Шалқар-Имантау курорттық аймағының аумағында орналасқан. Мәселен мұнда «Бүркіт тауы» және бұлақ бар. 3 га жерді алып жатқан бұл табиғи кешен көркем ландшафтымен, гранитті жартас беткейлерімен және жерден шығып жатқан бұлағымен ерекшеленеді. Бұлақтың суы жыл бойы тартылмай, мөлдір таза күйін сақтайды.
«Бүркіт тауы»
«Бүркіт тауы» өңірдің бірегей табиғи нысандарының бірі саналады. Тау етегінде дала және орманды-далаға тән өсімдіктер өсіп, жануарлар мен құстардың көптеген түрі мекендейді. Биік жартастары мен табиғи бедері бұл аумаққа ерекше көрік берген.
«Казачий» аралы
Имантау көліндегі «Казачий» аралы 36 га аумақты алып жатыр. Имантау елді мекенінен 4 км қашықтықта орналасқан. Жоғарыдан қарағанда аралдың пішіні жүрекке ұқсайды. Тағы бір ерекшелігі – аралда бұл өңірде сирек кездесетін казак аршасы өседі. Сонымен қатар аралда кәдімгі қарағай, қайың, шие, таңқурай сияқты өсімдіктер бар. Жануарлар дүниесі де алуан түрлі. Мұнда құстардың көптеген түрін, сондай-ақ сарыбас жылан мен сұржыланды кездестіруге болады.
Үңгірлі сарқырама
Үңгірлі сарқырама табиғат ескерткішінің жалпы аумағы - 0,5 га. Сарқырама маңайдағы бұлақтардан бастау алады. Су гранитті жыныстарды жарып өтіп, тереңдігі 4 метрге дейін жететін шағын шатқалдан өтеді. Одан әрі биіктігі 2 метрлік жарқабақтан төмен құлайды.
Айыртау ауданындағы табиғат ескерткіштерінің басым бөлігі – шоқылар. «Жарылған», «Өткір», «Екі ағайынды», «Шолу» шоқылары және «Котелок» жартасы да ерекше қорғауға алынған.
Бұған дейін Шалқар-Имантаудағы 46 демалыс орнының 13-і жаңғыртуды қажет ететінін жазған едік.