«Қазгидромет» кәсіпорны СҚО филиалының басшысы Қымбат Мерғалимованың айтуынша, агрометеорологиялық бақылау желісі облыстың барлық аумағын қамтыған. Бақылаулар тек дәнді дақылдар егілетін аудандарда ғана емес, сонымен қатар жайылым жерлерде де жүргізіледі.
– Өсімдік шаруашылығының өнімділігі 70% ауа райы жағдайларына, ал қалған 30% агротехнологияларға тәуелді екені белгілі. Ал егу, күтіп-баптау сияқты жұмыстарды мерзімінде жүргізбеу салдарынан өнімнің 40% жоғалуы мүмкін. Осыған байланысты агрометеорологиялық ақпарат ауыл шаруашылығында ерекше маңызға ие.
Облыста агрометеорологиялық бақылау желісін 2000 жылдан бері 2,3 есе арттырдық. Бүгінде облыс аумағында 28 бақылау пункті жұмыс істейді, - дейді Қымбат Мерғалимова.
Өңірде қазір 11 метеорологиялық станция, 13 автоматты агрометеорологиялық бекет және 4 автоматты метеорологиялық станция бар. Маманның айтуынша, бақылау пункттерінен алынған деректер агрометеорологиялық болжамдарды әзірлеуге, көктемгі егістің тиімді мерзімдері мен тәсілдерін анықтауға, сондай-ақ зиянкестер мен өсімдік ауруларының таралу қаупін болжауға пайдаланылады.
– 1 ақпандағы жағдай бойынша облыста топырақ 45–146 см аралығында қатқан, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 15–85 см-ге көп және ауыл шаруашылығы үшін қолайсыз.
Қар жамылғысындағы су қоры 18–52 мм, облыстың басым бөлігінде бұл көрсеткіш климаттық нормадан және өткен жылғы деңгейден 27–65% төмен. Тек Тимирязев және Уәлиханов аудандарында нормаға жуық.
Қараша–қаңтар айларында түскен жауын-шашын мөлшері 37,2–121,9 мм болды. Облыстың көп бөлігінде бұл нормадан 12–67% жоғары, ал Аққайың ауданында және Мағжан Жұмабаев ауданының солтүстік бөлігінде нормадан 39–49% төмен, - дейді Қымбат Мерғалимова.
Бұған дейін СҚО-да тасқын қаупін болжау үшін қар жамылғысының көрсеткіштері өлшенгенін жазған едік.