СҚО-да қарды дұрыс тазаламағаны үшін айыппұл салады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Биыл Солтүстік Қазақстан облысында қар қалың түсіп, биіктігі орташа жылдық көрсеткіштен едәуір асты, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өңірде су тасқыны болу қаупі жоғары, қазірден бастап оның салдарын азайту шаралары қабылдануда. Бірінші кезекте, көшені қардан тазарту.

Петропавл әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қалалық бюджеттен қыста көшелерді таза ұстауға 270 миллионнан астам қаражат бөлінді. Қар жинау жұмыстары қазан айынан басталған. Күн сайын 4 арнайы орынға 100-ден астам техника қар тасиды.

Жол қызметі күштері су басуы мүмкін жерлердегі қарды тазалаумен айналысуда.

Петропавлда қарды дұрыс жинамаған 7 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция учаскелік инспекторлары қарды уақтылы тазалау мақсатында 512 жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар хабардар етті.

Қысқы кезеңде елді мекендер аумағын абаттандыру қағидаларын, инфрақұрылым нысандарын бұзғаны,  жасыл желекті зақымдағаны үшін 378 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жолды зақымдағаны, жол жамылғысын ластағаны, жолдарда жұмыс жасау талаптарын орындамағаны үшін 153 адам жауапкершілікке тартылды.