СҚО-да «Құлан» бағдарламасы бойынша 122 млн. теңгеге жылқы сатып алынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да «Құлан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында шаруалар 122 млн. теңгеге 316 жылқы сатып алды.

«Құлан» бағдарламасы бойынша филиалға 432 млн теңгенің 44 өтініші келіп түсті. 122 млн теңгеге 316 бас мал сатып алу қаралып, қаржыландырылды. Қазір Аграрлық несие корпорациясының СҚО филиалында 570 жылқы сатып алу өтініші қаралуда. Жалпы сомасы 223 млн теңгені құрайды», - деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚО филиалының бас маманы Асқат Жақиянов.

Мамандардың айтуынша, өтініштердің дені Аққайың, Қызылжар және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданнан келіп түскен. «Қарыз мерзімі - 10 жылға дейін. Сыйақы ставкасы - 14 пайыз, оның жылдық 7 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады. Сыйақыны және негізгі қарызды өтеу бойынша мерзімі 3 жылға дейін. Бір жылқының орташа құны - 200 мыңнан - 300 мың теңгеге дейін», - деді А. Жақиянов. Жыл басынан бері шаруалар «Алтын асық» бағдарламасы аясында 2 мыңнан астам қой сатып алды.