СҚО-да «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңіндегі жеңімпаздарына құрмет көрсетілді (ФОТО)

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Н.Погодин атындағы облыстық драма театрында «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының облыстық кезеңіндегі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов қатысты. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы төртінші жыл өткізіліп жатыр. Облыстық кезеңге 28 отбасы өтті. Бүгін «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының республикалық кезеңіне қатысушылар анықталады. Байқау қатысушыларын облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

«Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатқан тамаша байқаудың жоғары қоғамдық және рухани-адамгершілік мәні бар. Ұрпақтар байланысы мен сабақтастығын, рухани, ұлттық және мәдени дәстүрлерді тек отбасы қамтамасыз ете алады», - деп атап өтті өз сөзінде Ерік Хамзаұлы.

Бұдан кейін облыстық кезең жеңімпаздарын «Шебер мұғалім», «Спорттық жетістіктер», «Ең еңбекқор отбасы», «Еңбекқор әулет», «Отбасылық таланттар», «Көпбалалы отбасы», «Интернационалды отбасы» және «Жүрегімді балаларға арнаймын» аталымдары бойынша марапаттау өтті.

«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде 3-ші орынды екі отбасы өзара бөлісті: бұл Уәлиханов ауданынан келген Нұрбаевтар мен петропавлдық Мартемьяновтар отбасы. 2-ші орын да екі отбасыға берілді - Ғ.Мүсірепов атындағы ауданнан келген Сұлтановтар мен Мамлют ауданындағы Қарабалаевтар отбасы. Ал Шал ақын ауданындағы Окуневтар мен Ақжар ауданынан келген Мадиғаж отбасы бұл байқаудың жеңімпаздары атанды.