СҚО-да соңғы үш жылда 700-ге жуық жаңа археологиялық ескерткіш анықталды - археолог

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары бұл аумақта әлі де зерттеуді қажет ететін көптеген ескерткіш бар екенін көрсетіп отыр.

Фото: Археология институтының деректер қорынан

Өңірдің археологиялық мұрасы, жаңадан табылған нысандар туралы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Меруерт Қиясбекқызымен әңгімелестік.

- Меруерт Қиясбекқызы, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Солтүстік Қазақстан филиалының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Филиалдың бұл өңірде қажеттілігі неден туындады?

- Солтүстік Қазақстан археологиялық тұрғыдан өте маңызды өңір. Мұнда тас дәуірінен бастап ортағасырларға дейінгі тарихи-мәдени үдерістерді сипаттайтын көптеген ескерткіш бар. Ботай мәдениеті сияқты әлемдік ғылым үшін маңызы зор археологиялық нысандардың осы аумақта орналасуының өзі өңірдің ғылыми әлеуетін көрсетеді.

Алайда тарихи мұрасы бай болғанымен, Солтүстік Қазақстан облысы аумағы археологиялық тұрғыдан біркелкі әрі жүйелі зерттелді деп айта алмаймыз. Сондықтан филиалды құрудағы негізгі мақсаттың бірі - өңірдегі археологиялық зерттеулерді тұрақты ғылыми негізге қою, жергілікті мамандардың әлеуетін біріктіру және археологиялық мұраны анықтау, зерттеу, сақтау жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру болды.

Филиал 2022 жылғы 18 қарашада ресми тіркеуден өтіп, жұмысын бастады. Біз Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тарихы музейі ғимаратында орналасқанбыз. Құрылған күннен бері осы жергілікті жоғары оқу орнымен, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетімен, Солтүстік Қазақстан және Қостанай Облыстық тарихи-өлкетану музейлерімен, аталған облыстардығы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығымен және мемлекеттік «Ботай» музей-қорығымен тығыз ғылыми байланыста.

Фото: Археология институтының деректер қорынан

Қазіргі уақытта қандай да бір нәтиже туралы айтуға бола ма?

- Ең маңызды нәтижеміз - археологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтіп жатырмыз. 2023-2024 жылдары Әлкей Марғұлан атындағы археология инстиуты Ғылым және Жоғарғы білім министрлігінің мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында «Мәдени-тарихи үрдіс контекстіндегі Солтүстік Қазақстан: тас дәуірінен бастап этнографиялық бүгінге дейін» атты жобасын жүзеге асырды. Оның аясында облыстың 13 ауданында іздестіру және барлау жұмыстары жүргізілді.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 438 археологиялық ескерткіш бар деген мәлімет қалыптасқан еді. Ал осы екі жылдағы барлау нәтижесінде археологиялық нысандардың саны 1200-ден асты. Оның 700-ге жуығы жаңадан ашылған ескерткіштер. Бұл өңірдің археологиялық картасы біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі әрі бай екенін көрсетеді.

- Демек, өңірде ашылмаған археологиялық нысандар өте көп қой?

- Иә. Ескерткіш анықталмайынша, оны қорғау да, зерттеу де, ғылыми айналымға енгізу де мүмкін емес.

Сондықтан алғашқы кезеңде барлау жұмыстарының маңызы өте жоғары. Біз белгілі ескерткіштерді қайта зерттеумен ғана шектелмей, жаңа нысандарды іздеуге басымдық бердік.

Әсіресе, Солтүстік Қазақстанның кейбір аудандары археологиялық тұрғыдан жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Сондықтан алдағы уақытта барлау географиясын кеңейту қажет.

- Сіздердің зерттеулеріңізде ортағасырлық ескерткіштерге ерекше назар аударылған екен. Бұл кезеңнің өңір тарихындағы орны қандай?

- Ортағасырлық кезең - Солтүстік Қазақстан өңірі тарихының әлі де жеткілікті зерттелмеген тұстарының бірі. Бізде қола дәуірі, ерте темір дәуірі, Ботай мәдениеті туралы зерттеулер біршама жақсы қалыптасқан. Ал ортағасырларға келгенде археологиялық деректер аз әрі фрагменттік сипатта. Мұның басты себептерінің бірі - бұған дейін ортағасырлық кезең ескерткіштеріне ауқымды әрі жүйелі археологиялық зерттеулердің жүргізілмеуі.

Барлау жұмыстары негізінен Есіл өзенінің бассейнінде, оның ірі салалары Иманбұрлық пен Аққанбұрлық бойында жүргізілді. Сонымен қатар көлдер жүйесінің солтүстік-батыс бөлігі мен Көкшетау қыратының батыс сілемдері де қамтылды. Бұдан бөлек, Қамысты алқабының оңтүстік-батыс бөлігінде барлау жұмыстары жүргізілді.

Өкінішке қарай, барлау жұмыстары барысында ортағасырлық кезеңге жататын толық стратификацияланған қоныстық кешендер анықталған жоқ. Жақсы Жаңғыстау көлі маңындағы жел мен су әсерінен бұзылған ортағасырлық қоныс, сондай-ақ этнографиялық 25 маусымдық қоныс зерттелді. Соңғы нысандардың астында ортағасырлық мәдени қабаттардың сақталуы мүмкін деген болжам бар.

- Ортағасырлық қоныстарды табуда қандай қиындықтар бар?

- Біріншіден, өңірде қоныстардың қазіргі кезде егіншілік жұмыстары жүргізілетін аумақтарда орналасуы себеп. Бұл жағдай археологиялық ескерткіштерге елеулі антропогендік әсер етеді.

Екіншіден, ортағасырлық халықтың бір бөлігі маусымдық немесе көшпелі өмір салтын ұстанған болуы ықтимал. Демек, олардың тұрақтары біз дәстүрлі түрде елестететін ірі әрі күрделі құрылыстар түрінде сақталмауы мүмкін.

Бұл жерде қыстауларды зерттеудің маңызы ерекше. Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстандағы зерттеулерінде осындай мәселелерге назар аударған. Сондықтан Солтүстік Қазақстаноблысындағы ортағасырлық қоныстарды іздеуде де осы бағыттың ғылыми мүмкіндігі жоғары деп есептеймін.

Фото: Археология институтының деректер қорынан

Барлау барысында нақты қандай ортағасырлық ескерткіштер анықталды?

- Ғабит Мүсірепов атындағы және Есіл, Айыртау, Шал ақын аудандары аумағындағы зерттеулер барысында 15 ортағасырлық қорым, ерте ортағасырлық кезеңге жататын 3 жеке оба, ортағасырлық нысандар сақталуы мүмкін 10 этнографиялық зират және ортағасырлық оба орналасқан бір культтік құрылыс анықталды.

Ғылыми қызығушылық тудырған нысандардың қатарында Шудасай, Жақсы Жаңғыстау 7 және 8, Чистополье 2, Симоновка 11 және 12, Привольное қорымдары бар.

Симоновка 11 ескерткішінің ерекшелігі - мұнда қимақ-қыпшақ кезеңіне жататын болжамды культтік құрылыс бар. Нысанда ритуалдық әрекеттер мен ас беру белгілері байқалады.

- СҚО-ның Алтын Орда дәуіріндегі орны туралы не айтуға болады?

- Бұл өңірді Алтын Орда тарихынан бөлек қарастыруға болмайды. Өйткені бұл аймақ Еуразия даласындағы тарихи-мәдени және коммуникациялық үдерістердің бір бөлігі болды.

Бүгінде Қызылоба, Ақ ирий сияқты ескерткіштерге қатысты зерттеулер жүргізіліп жатыр. Әсіресе Ақ ирий нысанына қатысты жаңа ғылыми деректер қызығушылық туғызады.

Көп жылдар бойы бұл ескерткіш ерте темір дәуірінің қонысы ретінде зерттеліп келді,оған негіз болатын материалдар да бар. Археология институтының ықпалымен археологиялық материалдарға Литваның Вильнюс қаласындағы радиокарбон зертханасында C14 талдауы жүргізілді. Нәтижелер нысанның ортағасырлық кезеңге, соның ішінде Алтын Орда дәуіріне жақын екенін көрсетті.

Бүгін біз Алтын Орда туралы көп айтып жүрміз. Бұл өте маңызды. Бірақ тарихты тек мақтанатын тақырып ретінде емес, ғылыми тұрғыдан терең зерттеуді қажет ететін сала ретінде қарауымыз керек.

Қазақстан тарихының жаңа академиялық көптомдығында Алтын Орда кезеңіне арнайы томның арналуы да осы қажеттілікті көрсетеді. Біз өз тарихымызды жазба деректермен қатар археологиялық деректер арқылы да тереңдете түсуіміз керек.

Меніңше, Солтүстік Қазақстан облысының археологиялық мұрасы әлі толық ашылмаған үлкен ғылыми кеңістік. Біз бүгін тапқан 700-ге жуық жаңа ескерткіш - сол кеңістіктің тек бір бөлігі. Ал оның ар жағында әлі талай ғылыми жаңалық жатыр.

Сондықтан біздің міндетіміз - сол мұраны тауып қана қою емес, зерттеу, сақтау және келесі ұрпаққа ғылыми тұрғыда дұрыс жеткізу.

Бұған дейін ортағасырлық Жанкент қалашығында археологиялық қазба жұмысы басталғанын жазған едік.