СҚО-да жолдарды жөндеуге және қайта қалпына келтіруге 7 млрд. жуық теңге бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. 10 маусым. ҚазАқпарат - Биыл Солтүстік Қазақстан облысының аумағы бойынша өтетін республикалық маңызы бар көлік жолдарын жөндеуге және қайта қалпына келтіруге ел бюджетінен 7 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Оның 6 миллиарды Астана-Петропавл тас жолының үш учаскесін қалпына келтіруге бағытталатын болады.

Қазақстан Республикасының көлік стратегиясын дамыту бағдарламасына сәйкес, аталмыш күре жолдың ұзындығы 81 шақырымды құрайтын үш учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Биыл жабынның төменгі қабатын төсей отырып, 13 шақырым жолды абаттандыру, Жезқазған-Петропавл автожолына түйісетін екі деңгейлі жол айырығын салу және облыс шекарасынан Келлеровка ауылына дейінгі жолдың 26 шақырымдық алғашқы учаскесін іске қосу жоспарланып отыр.

Жөндеу жұмыстарына 6 жол-құрылыс кәсіпорны тартылады. Оларда 500-ден астам адам және 252 техника жұмыс істейтін болады.