Сандықтың биіктігі 40 см, ұзындығы – 68, ені 44 см. Бұйымның қақпағының ішкі бетінде сақталған зауыттық таңба ерекше қызығушылық тудырады. Таңбада «КАТАВ» деген жазу бар. Яғни, бұл бұйым Ресейдің Оңтүстік Орал өңіріндегі Катав-Иванов металлургиялық зауыттарының бірінде жасалуы мүмкін. Тарихи деректерге сәйкес, кәсіпорын XVIII ғасырдың ортасында құрылған.
Жәдігерді осы мектептің бұрынғы директоры, қазір зейнет демалысындағы Василий Мантариди жергілікті кәсіпкерлердің бірінде көріп, қалап сұрап алған екен.
- Біздің мектептің түлегі, Гусаковка елді мекенінің тұрғыны Михаил Маркграфтан бұл бұйымды екі-үш рет сұрап бардым. Нәтижесінде музейімізге сыйлады. Дұрыс атауы – сейф-қазына. Мұның ішіне ақша, құжаттар сияқты құнды заттарды салып сақтаған, - дейді Василий Мантариди.
Салмағы шамамен 3 центерге жететін сандықтың қарапайым адамға тиесілі болмағаны анық. Аңыз бойынша, ол белгілі ғалым, ағартушы Шоқанның туған атасы Уәлиге қатысты болуы мүмкін.
- Бірақ қолымызда оны растайтын құжаты жоқ. Революциядан кейін бұл зат оның бақташыларының бірінің қолына түскен. Көп жылдар бойы Щучинскіде сақталып келді. Қолдан қолға өтіп, енді біздің музейден орын алды.
Қызықтап келіп, сұраушылар көп. Бірақ бұл құнды жәдігерді ешкімге бермейміз, - дейді Василий Мантариди.
Константиновкадағы мектеп музейі 2019 жылы мектеп директорының бастамасымен ашылды. Қазір ол Айыртау ауданы бойынша мектептердегі жалғыз мұражай. Осы аралықта жәдігерлер саны мыңнан асқан.
- Құнды жәдігерлер өте көп. Мысалы, қарудың қола, темір ұштары сақталған. Мамонттың сүйектері бар. Мұның бәрі өзімізде табылған. Тұрғындар әкеліп тапсырады. Константиновка ауылының тарихына қатысты жәдігерлер де көп, - дейді Василий Мантариди.
Бұған дейін Самарқандтағы көрмеде Әмір Темірдің сыйға тартқан туы мен тарихи жәдігерлері қойылғанын жазған едік.