СҚО-ға қарасты Аққайың ауданының полицейлері екі адамды өлтіру қылмысын ашты

ПЕТРОПАВЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Аққайың аудандық ішкі істер бөлімінің полицейлері екі адамды өлтіру қылмысын ашты,

деп хабарлайды СҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

21 қаңтар күні түнгі сағат 3 шамасында Киров көшесінде орналасқан жер үйдің жанып жатқандығы туралы хабар келіп жетеді. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтаған соң, үйден 72 жастағы үй иесі мен оның 60 жастағы әйелінің денесін табады. Аудандық ішкі істер бөлімінің жедел-тергеу тобы өрт шыққан үйді тексерген соң қаза тапқан адамдардың денесінен көптеген пышақ жарақаттарын көрген. Бірден өрт қылмысты жасыру үшін әдейі ұйымдастырылды деген болжам жасалады.

Жедел іздестірушілер таныс отбасыларды аралап, қылмыс жасалар алдында үй иесінің әйелі көршілеріне қонаққа барып, ауылдастарымен спирттік ішімдіктер ішкенін анықтаған. Қатты мас болған әйелді ішімдік ішілген үйдің әйелі сол жерде бірге болған 20 жастағы жігітпен екеуі үйіне әкеліп салады. Жас жігіт бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталып, бірнеше ай бұрын ғана бостандыққа шыққан екен.

Полиция қызметкерлері келесі күні таңертең оны туысқандарының үйінен мас күйінде табады. Ол жасаған қылмысын бірден мойындап, оқиға қалай болғанын айтып берген.

Оның айтуынша, отырыс барысында ол жәбірленуші әйелдің ішімдік алып келуге бірнеше рет ақша бергенін байқап қалады. Содан кейін, әйел қатты мас болып қалған соң үй иесі әйелге қаза тапқан әйелді үйіне дейін шығарып салуға көмектеседі. Кетерінде жігіт әйелдің ұйықтап жатқан күйеуі мен ашық жатқан есігін көреді. Біраз уақыт өткен соң ол қайтып келіп, үйден ақша іздей бастайды. Сол кезде оянып кеткен әйел шу шығарып, жігіт оны бірнеше жерінен пышақтайды, көмекке келген күйеуіне де пышақ салады.

Екі зейнеткерді өлтірген қылмыскер үйді ақтарып, ақша таппаған соң от қойып кеткен. Қазір күдікті уақытша қамау абақтысына жабылды, оның үстінен қылмыстық іс қозғалады.