Петропавлдағы кардиологиялық орталықта бүгін дәрігерлер әдеттегіден көп. Жергілікті мамандардан бөлек, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Өскемен, Семей, Орал қалаларынан келген кардиологтар шетелдік әріптестерінің шеберлік сағатына қатысып, жаңа тәсілді меңгермек.
Сырқат – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның 72 жастағы тұрғыны Нафиса Уразбахтина. Бұған дейін қан тамырларына стент қойылған екен. Ал жүрек қақпашасы жанындағы уақыт өте келе тарылған аорта тесігін үлкейтуге дәрігерлер бұған дейін батпаған. Енді оған кішкентай тілік арқылы заманауи имплант қойылады.
«Аорталды стеноз – жүрек қақпашасы жанындағы аорта тесігінің тарылуы. Бұл дерттің салдарынан қанның жүруі қиындайды. Сырқаттың басы айналады, талып, тез шаршағыш болады. Ентігіп, дем ала алмай тұншығады. Бұл науқастарды емдеп-жазу өте қиын. Ота жасалып, аорталды қақпашаға протез қойылады. Транскатетерлік имплантация жасы 70-тен асқандарға, көптеген созылмалы аурулары бар болғандықтан жүрекке ашық ота жасауға жарамайтын сырқаттарға қолданылады.
Мұндай оталар Алматы, Нұр-Сұлтан және тағы бірқатар облыс орталықтарында жасалады. Бірақ бұл жолғы ерекшелік – Қазақстанда алғаш рет протез ретінде қара малдың жүрек қабы алынды», - дейді СҚО кардиологиялық орталықтық кардиологиялық блок меңгерушісі Мақсат Құдраттулаев.
Маманның айтуынша, облыс бойынша ота қажет 7 адам анықталған.
«Сырқаттарды Нұр-Сұлтан қаласында компьютерлік томографтан өткіздік, өйткені біздің орталықта ондай қондырғы жоқ, құжаттарын Еуропадағы әріптестерімізге жібердік. Ол жерде сырқаттарға келетін қақпашаларды дайындады. Сол жетеуінің ішінен тек үшеуіне бүгін ота жасалады. Жалпы, өңірде мұндай сырқаттар көп.
Бұл отаның бірегейлігі – жүрек қақпашасы тарылады, алайда қақпашаның өз диаметрі үлкен. Сондықтан біз протезді қойған кезде ол жабылады. Сырқаттың жағдайын ушықтырып алмай үшін, жұмысты тез атқару керек. Ал бұл – қара малдың жүрек қабынан жасалған биопротезді қою кезінде тамыр жабылмай, қан жүре береді. Сондықтан біз отаны асықпай, сапалы жасай аламыз. Әрі адам ағзасы оны тезірек қабылдап, тез жазылады» - дейді Мақсат Құдраттулаев.
Қазақстанда қазір қолданылып жүрген қақпашалар синтетикалық материалдан жасалған. Ал қара малдың жүрек қабынан жасалған имплант Швейцарияда өндіріледі.
«Бұл қазір біздің орталықта жасалып отырған ең күрделі ота. Қақпаша алынбайды, егер дерт қайталанатын болса, бұл протезді үстінен қайта қоюға болады. Бұл – қымбат ота. МӘМС аясында жүргізіліп отыр. Шамамен 6,5 млн теңге тұрады. Бұл тәсілді орталыққа енгізу үшін жергілікті маман 7 ота жасап, арнайы сертификат алуы қажет», - дейді кардиолог.
Жалпы ота 40 минутқа шақталған. Бірақ, алғашқы және шеберлік сағаты болғандықтан шамамен 1,5 сағатқа созылды.
«Менің дәрігерлерге алғысым шексіз. Менің өмірімді құтқарып қалды. Есімді біліп жаттым, бәрі жақсы болды», - дейді Нафиса Уразбахтина.
Сырқатқа ота жергілікті анестезиямен жасалды. Сауығу-қалыпқа келу мерзімі де мұндай отадан кейін тез, бір аптадан кейін Нафиса үйіне жіберіледі.
«Бүгінгі ота сәтті жасалды, нәтижесі өте жақсы. Кардиологиялық орталықтың материалдық-техникалық жарақтандырылуы, мамандардың дайындығы өте жоғары. Командалық жұмыс байқалды. Десек те, болашақта осындай оталар жасалатын болса, орталыққа компьютерлік томограф алу қажет. Бұл сырқаттарды анықтауға және отадан кейін олардың жағдайын бақылауда ұстауға керек. Мен мұндай оталарды 5 жылдан артық жасап келем, тәжірибем жеткілікті. Осы уақытқа дейін 500-ден астам жүрек қақпашасы имплантын қойдым», - дейді медицина ғылымдарының докторы, Глазго дәрігерлері мен хирургтарының корольдік колледжінің және кардиологтардың еуропалық қоғамының мүшесі Кейт Дж Олдройд.
Бүгін тесу арқылы жүрекке тағы екі ота жасалмақ.
«Бұған дейін жүрек қақпашасын ауыстыру үшін жүрекке ашық ота жасайтынбыз. Бірақ ондай отаны егде жастағыларға жасауға болмайды, өйткені көтере алмайды. Енді бұл мәселе шешімін тауып отыр. Жарты жылға жуық дайындалып, шетелдік мамандармен келісіп, бүгін еуропалық әріптестеріміз бізге келіп шеберлік сағатын өткізіп жатыр. Үш күнге шақталған. Болашақта бұл оталарды біздің өз мамандарымыз жасайды. Жылына осы тәсілмен ең кемінде 30-40 ота жасауды жоспарлап отырмыз», - дейді СҚО кардиологиялық орталықтың директоры Азамат Мағзұмов.