Жәбірленуші «Қызылжар» таксиі жүргізушісінің айтуынша, ол түн жарымда шақыру бойынша, Шаховское селосына бет алған. Барған жерінде оның көлігіне екі мас жігіт мініп, Бескөл селосына апаруды сұраған. Көлік жолға шығысымен жолаушылардың біреуі жүргізушінің мойнына пышақ кезеп, көлікті тоқтатып, артқы орынға отыруды талап еткен. Ер адамның телефонын, мың теңге ақшасын тартып алып, олардың бірі рөлге отырған. Екінші қарақшы артқы орында көлік иесімен бірге жайғасқан. Жәбірленуші ыңғайлы сәтті пайдаланып, көліктен сытылып шығып, қаша жөнелген. Қаскөйлер оны ұстамақ болған, абырой болғанда қуып жете алмаған. Жапа шеккен ер адам үш сағат бойы жапан далада қарға омбылап Петропавлға жеткен. Қала шетіндегі жанармай стансыларының бірінен полицияға телефон шалған. Бірнеше сағаттан кейін полиция қызметкерлері қылмыскерлер мініп кеткен Ауди-80 көлігін Петропавлдың маңынан тапты. Көліктің іздерінен, қаскөйлердің рульге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, көлікті далада қалдырып кетуге мәжбүр болғаны анықтады.
Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қарақшылардың кімдер екенін анықтап, күдіктілер облыс орталығындағы таныстарының пәтерінде құрықталды. Қылмыскерлер, Бескөл селосының бұрын ұрлық үшін сотталған 22 және 26 жастағы екі тұрғыны болып шықты. Екеуі де темір тордан бір жылға жуық уақыт бұрын босатылған, біреуі болса шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Ұсталғандардың айтуынша, қылмыс жасалған күні қос қарақшы Шаховское селосындағы туыстарының үйінде қонақта болса керек. Қас қарая Петропавлға бармақ болып дәмханадан телефон арқылы Бескөлге дейін такси шақыртқан. Қалталарында бір тиын ақша болмаған жігіттер такси жүргізушісіне қарақшылық жасауды алдын ала жоспарлаған. Жүргізушіден тартып алған телефонды төрт мың теңгеге сатып, түскен ақшаны арақ-шарапқа жұмсаған. Бүгінгі күні телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Екі күдікті де тергеу абақтысына қамауға алынып, оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 179 бабына сәйкес «Қарақшылық шабуыл» жасады деген айып тағылып, тергеу жүргізілуде.