Словениялық «ұшқыш шаңғышы» Алматыда өтіп жатқан Әлем Кубогының жеңімпазы атанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Словениялық «ұшқыш шаңғышы» Йерней Дамьян Алматыда трамплиннен шаңғымен секіру бойынша өтіп жатқан Әлем Кубогының жеңімпазы атанды.

Оның көрсеткіші - 265 балл. Ал жапондық Рерюки Шимицу 260,5 балмен екінші орынға көтерілді. Үшінші орында - ресейлік Владислав Бояринцев. Оның көрсеткіші - 257,8 балл.

Алматыда «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінде өтіп жатқан Әлем Кубогының кезекті Жазғы кезеңіне төрт қазақстандық спортшы қатысқан болатын.

Нәтижесінде Константин Соколенко 20-орынды иеленді. Сабыржан Момынов 31-орында, ал ағалы-інілі Марат және Радик Жаппаровтар 33-ші және 35-ші орындарды бөлісті.

Айта кетелік, Әлем Кубогының Жазғы кезеңіне әлемнің 12 елінен 70 астам спортшы қатысуда. Бүгін жарыстың соңғы күні әйелдер және ерлер арасында квалификациялық секірулер болады.

Айта кетелік, трамплиннен шаңғымен секіру бойынша Әлем Кубогының Жазғы кезеңі биылғы маусымда 25 шілдеде Польшаның Висла қаласында басталған-ды. Екі аптадан кейін жарыс 9 тамызда Швейцарияның Айнзильден қаласында жалғасты. 15 тамызда спортшылар Куршевель (Франция) шипажайына аттанды. Кейінгі кезең Жапонияда өтті.

Алматыдан кейін, жарыстың келесі кезеңі 28 қыркүйек пен 4 қазанда Хинценбах пен (Австрия) және Клингентал (Германия) қалаларында өтеді.

Жарыстың басты ұйымдастырушысы - «Универсиада Алматы 2017» атқарушы дирекциясы, Қазақстанның шаңғылық спорт түрлері қауымдастығы мен ҚР трамплиннен шаңғымен секіру Федерациясы.