2017 жылы дүниеден өткен қаламгердің өлеңдері жеке кітап болып жарық көріп отыр.
Осы бір мазмұнды басқосуды жүргізген жазушы Алдан Смайыл өзінің досы, әріптесі С.Рахымбек туралы тұщымды мағлұматтарды, екеуінің бастан кешкен қызықты оқиғаларды айтып берді.
Айта кету керек, Смағұл Рахымбек 1952 жылы Ақмола облысының Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Еңбек жолы аудандық «Шамшырақ» газетінен басталған. Ақмола облыстық телерадио компаниясында аға редактор, бас редактор, кейін ҚР Президентінің Телерадио кешенінде бас радактор қызметтерін атқарған. Ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, осы өңірде ана тіліміздің өркен жаюына, халқымыздың өнері мен медениетінің дамуына үлес қосты.
Қадірлі қаламгер қыруар іс тындырып, қарапайым өмір сүрді. Өзінің туған елі мен жерін жырлап өтті. Сондай-ақ Астананың әрбір жетістігіне қуанды. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырлы болуына жан-тәнімен қызмет етті. Достары да көп болды. Осы Арқа өңіріне еліміздің әр қиырынан көшіп келген әрбір қазақты бауырым деп қабыл алды. Қалам ұстаған іні-қарындастарын ерекше қадір тұтты.
Көзі тірісінде С.Рахымбектің «Ару мен Арлан», «Көңіл шуағы», «Айдындағы ақ желкен», «Темір тордағы тіршілік» атты прозалық кітаптары жарық көрді. Осы орайда, жазушы А.Смайыл қаламгердің көркем туындылары оқыған адамға үлкен ой салатынын, біз өмір сүріп отырған қоғамның тыныс-тіршілігін айқын көрсететінін айта келіп: «Смағұлдың прозалық шығармалары әлі бағасын алған жоқ», - деді. Әріптестеріне алдағы уақытта осы жағына да тереңірек мән беру керектігін еске салып өтті.
ҚР Президенті Телерадио кешенінің бас директоры Ерлан Бекхожин мен Астана қаласының тұрғыны, Батыр ана Хадиша Жалмағамбетова жаңа кітаптың лентасын қию құрметіне ие болды.
Осы кеште ақын-журналист Айбатыр Сейтақ қаламгер дүниеден өткен кезінде шығарған «Жақсы жанды кім қияды ажалға?» деген және «Смағұл аға рухымен сырласу» атты өлеңдерін оқып берді.
Бұл күні С.Рахымбек туралы естелік айтамын деушілер өте көп болды. Өйткені ел ағалары, достары мен бірге қызмет жасаған әріптестері асыл азамат жайлы өз ойларын іркіп қалған жоқ. Атап айтқанда, Махат Садық, Бауыржан Аймақов, Жұматай Сүйіндіков, Амангелді Жұмабеков, Ерлан Қожагелдиев және басқа да азаматтар сөз алып, Смағұлдың адами асыл қасиеттері жайлы ой толғады. Облыстық телерадио компанияда ұзақ жылдар бойы режиссер қызметін атқарған Бағдат Көбенова қаламгердің өз әріптестерімен сыйлы қарым-қатынаста болғанын айтып берді. Ал Қорғалжын ауданынан келген Сәуле Нүркен алты жыл бұрын Смағұлдың 60 жасқа толған мерейтойы аудан бойынша жақсы аталып өткенін, мектептерде бірнеше кездесулер болғанын тілге тиек етті.
Еуразия ұлттық университетінің профессоры, журналист-ғалым Мұратбек Тоқтағазин ақынның мұрасы оқырманға жетіп отырғаны жақсы бастама екенін айта келіп, алдағы уақытта Смағұл Рахымбектің есімін өзі туып өскен Қорғалжын ауданындағы бір мектепке беру туралы ұсыныс жасады. Сонымен қатар күн сайын қарқынды өсіп жатқан елордамыздың жаңа бір көшесі қаламгердің атымен аталса, қырық жылдай осы қалада тұрып, ұлттық рухымыздың көтерілуіне, рухани саланың дамуына аянбай қызмет еткен ақынға жасалған үлкен құрмет екенін алға тартты. Ал ардагер журналист Бәдуан Имашұлы әріптесі жайлы естелігінің соңында Смағұлдың Астанада тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату туралы ұсынысын жеткізді.
Кезінде танымал диктор болған радио ардагері Күләш Молдахметова осы кеште С.Рахымбектің Мұқағалиға арналған «Сен ұлысың Қарасаздың» атты өлеңін оқып берді. Бұл өлеңі:
«Мен-дағы, Мұқа, сенің жалғасыңмын,
Киесі бар ақындық мандатыңның.
Бір өзіңсің - маршалы қара өлеңнің,
Қатардағы мен оның солдатымын!»- деп аяқталады. Сондай-ақ ақынның өз жарына арнаған «Шырағымды үрледің» деген өлеңін де мәнерлеп оқыды.
Астана тұрғыны Серік Байжұма «Ақын Смағұл» деген өлеңін оқып, С.Рахымбекті ерекше құрметтейтінін, өзінің ұлы дүниеден өткенде қайғының азабынан алып шыққанын баяндап берді. Сондай-ақ Қорғалжын ауданының Жантеке ауылынан арнайы келген Баян Амангелдіқызы «Мәңгілікке есте қалды бейнеңіз» атты арнау өлеңін оқыды.
Енді жаңа жыр жинақ туралы бірер сөз. 15 баспа табақтан тұратын жыр кітап мазмұны, көтерген тақырыптары бойынша «Отаным - ыстық жүрегім», «Қыраның боп түледім», «Арналды ізгі тілегім», «Өз отбасым - тірегім», «Өлеңмен өмір сүремін», «Жанымның іздеп бір емін», «Аралап келем жыр елін», «Әнге айналсын өлеңім» және сын-сықақтар топтастырылған «Сөзбен сойып, іредім» атты тоғыз тарауға бөлінген. Ақынның әр жылдары түскен фотосуреттері де осы жинаққа енген.
Ақын «Өлеңмен өрдім өмірді» атты жырында елдің амандығын тілей отырып:
«Қиналып халық жүрмесін,
Айтпасын ешкім мұң-зарын!
Босаға жақта қалмасын
Ұрпағым менен жырларым!»- деп өз аманатын жеткізіпті. Өзінің туған жерге ту тіккенін айта келіп, осы өлеңін:
«Ақынға құрмет керек деп
Ел-жұртым көрер той кешін.
Өзім жоқ жерде,
Қашанда
Жырларым менің сөйлесін!» деген оймен түйіндеген екен. Кітабы жарыққа шығу арқылы ақынның мұрасы оқырманға жетті.