Соғыс дипломатиясы: Маусым меморандумы Иранның жағдайын қалай қиындатты

АСТАНА. KAZINFORM – Осы аптада АҚШ пен Иран арасындағы маусым меморандумының 60 күндік мерзімі аяқталды. Осы аралықта тараптар соғысты тоқтатуға жол ашатын келісімге келуге тиіс болған. Алайда ондай нәтиже шыққан жоқ. Шиеленіс бұдан әрі қалай өрбуі мүмкін? Kazinform халықаралық шолушысы Сұлтан Әкімбеков осы сұраққа жауап іздеп көрді.

Фото: Kazinform / ЖИ

Жаңа шиеленіс алдындағы стратегиялық дамыл

Меморандум толыққанды бітім әкеле алған жоқ. Тараптар ара-тұра бір-біріне соққы жасап отырды. АҚШ Иранның жағалауындағы және ел аумағындағы кейбір нысандарын бомбалады. Иран болса, Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекет жасаған кемелерге және Парсы шығанағындағы кейбір елдерге соққы берді.

Шілдеде АҚШ маусым меморандумының күші жойылғанын мәлімдеді. Бұл күтпеген шешім бола қойған жоқ. Өйткені құжаттағы талаптардың басым бөлігі Вашингтонға тиімсіз еді. Оның ішінде барлық санкцияны алып тастау, бұғатталған активтерді босату, көршілес аумақтардағы әскерді әкету және Иранды қалпына келтіруге 300 млрд доллар бөлу сияқты шарттар болды. Соңғысы іс жүзінде өтемақы төлеуге ұқсайтын.

Ендеше, АҚШ мұндай меморандумға неге барды және одан неге іле-шала бас тартты?

Маусым айында Вашингтон үшін Ормуз бұғазының жұмысын қамтамасыз ету басты мәселе болған сияқты. 28 ақпанда басталған қақтығыс америкалықтарды бұл мақсатқа толық жеткізе алмады. Мұнай нарығындағы ахуал тұрақсыз болып, баға өсті. Оны тек өнеркәсібі дамыған елдердің стратегиялық қорларынан мұнай шығару арқылы ұстап тұруға тура келді. Ал соғысты одан әрі өршіту АҚШ-қа да қауіпті еді.

Құрлықта соғысу ықтималдығы тым төмен болғандықтан, америкалықтардың қолында Иранның энергетикалық және мұнай инфрақұрылымын бомбалап, атқылаудан басқа жөнді амал да болмады. Мұндай тәсіл Тегеранды тұралатқанымен кейін қандай да бір келісімге келуді қиындата түсетін еді.

Сондықтан АҚШ-қа уақыт ұтып, әлемдік нарықта мұнайдың ұсынысын көбейту және Ормуз бұғазын бақылау мәселесінде бұрынғы қателіктерді түзету қажет болды.

Иран үшін де бұл дамылды шақ тиімді еді. Бір жағынан, бірнеше ай бойы соққы астында болған елге тыныстауға мүмкіндік туды. Екінші жағынан, Ормуз бұғазы Тегеранның қолында маңызды көзір болып қалуда. Иран АҚШ-тың құрлыққа әскер түсіре алмайтынын түсінді. Бұған қоса, Йемендегі хуситтерді пайдаланып, Қызыл теңіздегі Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтетін теңіз қатынасына қауіп төндіре алатынын көрсетті.

Сондықтан уақытша тыныштық Иранға да біршама тиімді еді.

Вашингтон уақытша дамыл алған кезде Тегеран да оған келісті. Ал аралық келісімге жол ашатын меморандум кезінде Иранды көндіру үшін оған ұнайтын ұсыныс жасау қажет болды. Сондықтан құжатта АҚШ үшін тиімсіз, ал Иран үшін пайдалы көптеген шарттар жүрді.

Фото: ЖИ

Шын мәнінде, америкалықтар Иранға «сый» ұсынды. Осы арқылы АҚШ-тың өзі қиын жағдайда тұр деген түсінік те күшейді. Сол кезде әлемнің көп бөлігінде қалыптасқан пікір осы еді.

Иран да өзіне сенімді бола түсті. Мұнай сатудан қаржы түсті. Егер маусымдағы меморандум толық орындалса, әскери тұрғыдан Иран аймақтағы ең қуатты елге айналар еді. Оның үстіне 300 млрд доллар қаржысы бөлінсе, соғыс кезінде әуе соққыларынан қираған нысандарды айтарлықтай тез қалпына келтіре алатын.

АҚШ үзілісті ұтымдырақ пайдаланды

Парсы шығанағындағы араб елдері де алаңдап отырды. 17 маусымдағы меморандумда көзделген келісім жүзеге асса, АҚШ-тың аймақтағы ықпалы әлсіреуі мүмкін еді. Бұл ондаған жыл бойы қалыптасқан, Америкаға арқа сүйеген қауіпсіздік жүйесіне қауіп төндіретін.

Аймақ елдері геосаяси жағдайдың күрт өзгеруіне қалай бейімделу керегін ойластырып жатқанда АҚШ Ормуз бұғазына қатысты мәселемен айналысты. Ең алдымен, 28 ақпанда соғыс басталғалы бұғазда тұрып қалған кемелерді шығара бастады. Мұнай ұсынысы бірден өсті. Бұған қоса, Парсы шығанағында өндірілетін тыңайтқыш пен газ да әлемдік нарыққа қайта түсті.

Бірақ ең маңызды жұмыс кемелерді Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өткізу тетігін әзірлеуге бағытталды.

Шілдеге қарай бұл салада жағдай айтарлықтай өзгерген сияқты. 7 шілдеде Иран Катар мен Сауд Арабиясына тиесілі танкерлерге шабуыл жасағаннан кейін АҚШ Иран нысандарына соққы берді. Ал 10 шілдеде Вашингтон Иран мұнайының экспортына салынған санкцияны 17 шілдеден бастап қайта енгізетінін мәлімдеді. Демек, Иранның жаңа оқшаулау шарасына дайындалатын бір апта ғана уақыты болды.

Иран бұған жауап ретінде Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы америкалық нысандарға соққы жасады. Бірақ Израильге шабуыл жасаған жоқ. Бұл Тегеранның келіссөзді жалғастыруға мүдделі екенін жанама түрде көрсетті. Оның үстіне маусымдағы меморандум Иранға айтарлықтай тиімді еді. АҚШ үшін олай болмағандықтан, Вашингтонның шілдеде одан бас тартуы заңды көрінді.

Осы кезеңде АҚШ пен аймақ елдері арасында түрлі саяси қадамдар жасалды. Сауд Арабиясымен ядролық бағдарлама жөніндегі келісім, Түркияның F-35 бағдарламасына қайта қосылу мүмкіндігі, сондай-ақ 8 шілдеде Түркияда өткен НАТО саммитіне Парсы шығанағындағы араб елдерінің қатысуы, бәрі АҚШ-тың аймақтан кетпейтінін және қауіпсіздік мәселесінде бұрынғыдай маңызды рөл атқаратынын көрсетуге бағытталды.

Ормуз бұғазы енді Иранның басты көзірі болмай қалды

Бұл оқиғаның түйінді мәселесі – Ормуз бұғазының жұмысын АҚШ қамтамасыз ете ала ма деген сұрақ.

19 тамызда америкалық БАҚ-та АҚШ пен Парсы шығанағы елдері Ормуз арқылы тәулігіне 10 млн баррель мұнай өткізетін жасырын арна құрғаны туралы ақпарат тарады. Бұл соғысқа дейінгі тәуліктік 20 млн баррель көлемінің жартысына тең. Оған Сауд Арабиясының ішкі құбырлары арқылы Қызыл теңізге және БАӘ арқылы Араб теңізіне жеткізілетін 7 млн баррельді қоссақ, бұғаз блокадасын іс жүзінде айналып өту мүмкіндігі пайда болған.

Фото: ЖИ

Әрине, бұл жүйенің толыққанды жұмыс істеп тұрғанын кесіп айту қиын. Бірақ америкалық БАҚ-тағы мұндай ақпараттар көбіне белгілі бір негізге сүйенеді. Мысалы, Axios жариялаған мәліметте бұл бағыттың «соңғы бірнеше аптада» жұмыс істей бастағаны айтылған.

Бұл мерзім шілденің ортасына сәйкес келеді. Сол кезде АҚШ Иранның жағалауындағы, соның ішінде Ормуз бұғазындағы аралдардағы нысандарды белсенді түрде бомбалады. 17 шілдеде Иран мұнайының экспортына салынған санкциялар қайта күшіне енді. Егер бұғаз арқылы мұнай тасымалданғаны рас болса, Иран бірнеше апта бойы бұл тасымалды тоқтата алмаған.

Демек, АҚШ Иранның бұғаздағы кемелерге шабуыл жасау мүмкіндігін шектей алған болуы мүмкін. Мұндай шабуылдар әлі де болып жатыр. Мысалы, БАӘ Иранның әмірлік танкерлеріне шабуыл жасағанын, 18 тамызда екі баллистикалық зымыранмен соққы бергенін мәлімдеді. Осыдан кейін әмірліктер Иранмен сауда және қаржылық операцияларды белгісіз мерзімге тоқтатты.

БАӘ-нің бұл қадамының өзі көп нәрсені аңғартады. Соғыс басталғалы Парсы шығанағындағы араб елдері Иранның шабуылдарына барынша сабырмен жауап беріп келді. Кей елдердің, соның ішінде Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің Иранға жауап соққысын жасауы мүмкін деген ақпарат тарағанымен, ол ресми түрде расталмады. Өйткені бұл елдердің экономикасы әскери қысымға өте сезімтал және олар қақтығыстың тезірек аяқталғанын қалайды.

Сондықтан БАӘ билігінің қатаң ұстанымға көшуі олардың өз қауіпсіздігіне деген сенімі артқанын көрсетуі мүмкін. Демек, әмірліктер қақтығыстың айналасында болып жатқан үдерістерден жақсы құлағдар және жағдайдың өзгергеніне көз жеткізген болуы ықтимал.

Бұл ретте 16 тамыздағы Дональд Трамптың Оманға қатысты қатаң мәлімдемесін де еске алған жөн. Fox News-ке берген сұхбатында Иранмен Ормуз бұғазына қатысты келіссөзге Оман кедергі келтірсе, оны бомбалайтынын айтты.

Иран мен Оман арасындағы келіссөздер шамамен 10 шілдеде басталған және тамыздың басына қарай белгілі бір ілгерілеу байқалған. Сонымен қатар тамызда Иран бұғазды ашудың шарты ретінде АҚШ-тан өтемақы төлеуді және теңіз блокадасын тоқтатуды талап етті.

Трамптың мұндай реакциясына не себеп болды? Оман Иран мен АҚШ арасында күрделі жағдайда тепе-теңдік сақтауға тырысқан болуы мүмкін, ал бұл Вашингтонға ұнамаған.

Өйткені америкалықтардың өз жоспары бар екені анық. Оның кейбір бөлшектері уақыт өте келе ғана ашылып жатыр. Axios мәліметі де соны растайды.

20 тамызда Трамп Иранға қарсы «ауқымды экономикалық соғыс» басталғанын жариялады. Бұл екі мәселе өзара байланысты. Егер Ормуз бұғазы арқылы кемелер жүре алмаса, Иранды толық оқшаулау әлем экономикасына тым ауыр соққы болар еді. Ал бұғаздың жұмыс істейтініне Трамптың сенімді болуы – АҚШ Иранның соққыларынан аса қауіптенбейтінін көрсетеді.

Иранның қолында қандай амал қалды?

Енді Тегеран не істейді? Ахуалды көктемдегі деңгейге қайтара ала ма? Ормуз бұғазын бөгеп, Парсы шығанағындағы араб елдеріне қысымды қайта күшейте ала ма? Иранның бұрынғыдай ауқымды әскери операция жүргізуге мүмкіндігі бар ма?

Егер ондай мүмкіндік болмаса, Ормуз бұғазы жұмыс істеп тұрған жағдайда АҚШ Иранды ұзақ уақыт бойы оқшаулап ұстай алады.

Фото: Majid Asgaripour

Ал Иранның әскери ресурстары, әсіресе зымырандары мен дрондары әлі жеткілікті болса, ол америкалықтар мен Парсы шығанағындағы елдерге айтарлықтай зиян келтіріп, оларды Тегеранның шарттарына келісуге мәжбүрлеуге тырысуы мүмкін. Мұның ықтималдығы уақыт еншісіндегі мәселе.

Бұл жерде екі негізгі сценарий бар. Біріншісі бойынша, Иранның АҚШ пен Парсы шығанағындағы елдерге шабуыл жасау мүмкіндігі сақталған. Онда бәрі «қалқан мен қылыш» текетіресіне айналады. Яғни Иранның зымыраны мен дроны бұрын таусыла ма, әлде АҚШ пен оның одақтастарының әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары бірінші түгесіле ме? Бірақ бұл сценарий жүзеге асқан жағдайда да АҚШ Иран инфрақұрылымына кезең-кезеңімен соққы бере алады: алдымен бір зауыт, кейін бір электр станциясы және тағы басқа нысандар.

Екінші сценарийде Иранның мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі. Зымыран мен отын өндіретін зауыттар қираған болса, оларды қысқа мерзімде қалпына келтіру оңай емес. Соған қарамастан Тегеран өзінің әскери дөңайбатын белгілі бір деңгейде ұстап, саяси беделін жоғалтпауға, келіссөз үстеліне қайта оралуға тырысады.

Алайда Иран тығырыққа тірелсе, ел басшылығындағы қатаң саясатты жақтаушылардың қандай қадамға баратыны маңызды. Толық блокадаға төтеп беру оңай болмайды. Бұған дейін Иран америкалық санкцияларды ұзақ уақыт айналып өте алған кезде Парсы шығанағындағы кейбір елдер оған көмектескен. Қазір, әсіресе БАӘ-нің соңғы шешімінен кейін, мұндай мүмкіндік айтарлықтай тарылды.

Бұған қоса, қыркүйекке қарай Ресей және Иранмен қарым-қатынас жасайтын елдерге қарсы санкцияны күшейтетін Грэм-Блюменталь заңы Трамптың қолына тиюі мүмкін. Құжат шілдеде Сенаттан өтіп, Конгреске жіберілген.

Осылайша, жағдай Иран үшін барған сайын қолайсыз сипат алып барады. Ел іс жүзінде оқшауланды. Ал маусымда Иран барынша тиімді шарттарға қол жеткізетіндей көрінген еді. Сол кездегі сенім Тегеранның АҚШ-қа қоятын талаптарын күшейтуіне, тіпті белгілі бір эйфорияға бой алдыруына алып келді.

Алайда шындық басқаша болып шықты: АҚШ үзілісті ұтымды пайдаланып, өз позициясын айтарлықтай күшейтті.