Соғыс кезінде әскери тәртіпті орындау жағынан қазаққа тең келетін ешкім болған жоқ - майдангер Ғалым Тоқсанбаев

АЛМАТЫ. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Біз ешқашан жауға жотамызды көрсеткен жоқпыз. Ұлы Отан соғысы кезінде өз офицерлерінің бұйрығын орындауда қазаққа тең келетін ешкім болған жоқ, дейді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген майдангер Ғалым Тоқсанбаев.

"Мен 1923 жылы Отар стансысының тұсындағы Ақ қайнар деген жерде тудым. Алғашқы зұлматты 6 жасымда көрдім. Бұл - 1930-31 жылғы ашаршылық. Большевиктер соғыстан шыққан орыстардың жер айдайтын күш-көлігі жоқ деп алдымен қазақтың жылқысын тартып алды. Одан кейін алдындағы сауып отырған сиыры мен қойын айдап кетті кәмпеске деп. Оған менің де әке-шешем ілігіпті. Сол кезде ішер астан тарыққан халық аштықтан көз жұма бастады. Оларды көмбей, арбамен темір жолдың бойына әкеп үсті-үстіне төге беретін", дейді Ғалым Тоқсанбай. Әке-шешеден жастай жетім қалып, балалар үйінде ержеткен ол 1942 жылы соғысқа аттанады. 3-ші Украина бригадасы құрамында соғысқа кірген майдангер, елге 1945 жылы қарашада оралады.Еңбек жолын теміржол саласында жалғастырып, отбасын құрып 2 қыз 5 ұл өсіреді. Бүгінде немере-шөберелерінің санынан жаңылып қалған ақсақал «олардан взвод құруға болады» деп мақтанады.

"Соғыста алғашқы кезде қазақтарды марапаттан да, әскери атақтан көп шеттетті. Бірақ кейін еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Өйткені офицерлердің бұйрығын бұлжытпай орындау жағынан қазақтарға ешкім теңдесе алмады. Қанға біткен қасиеттің арқасында қазақ халқы өзінің досына адал, мейірбан екенін, ал дұшпанымен ешқашан ымыраға келмейтінін дәлелдеді. Мәселен, Мәскеу түбінде жаудың негізгі күшіне қарсы Қазақстанда құрылған әскери дивизиялардың ерекше қаһармандық көрсетуі кездейсоқтық болған жоқ. Тіпті олардың ерлігіне риза Сталиннің өзі Панфиловты шақырып алып, Түркістанға барып далалықтардан тағы бір дивизия құруға қалай қарайсыз деп сұраған да көрінеді. Бұл туралы кейін жарық көрген түрлі естеліктерде жан-жақты айтылып жүр", дейді Ғалым Тоқсанбаев. Алматыдағы 28 гвардиялық панфиловшыларға қойылған ескерткіштің авторына өзінің алғысы шексіз екенін айтқан ардагердің пікірінше, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақтардың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Қайта тарих қойнауындағы ақтаңдақ беттер ашылған сайын ол биіктей түспек.

Енді ешқашан соғыс болмаса екен деп тілейтін майдангердің пайымдауынша, соғыстың бәрі бір елдің өзгелерді тонау мен жаулап алу мақсатында ғана жасалады. Мәселен, неміс әскері де кезінде өздері басып алған қала мен елді мекендерде тонаушылықпен айналысты. Олардың өз үйлеріне тонап алған заттарын посылкамен жіберіп отыруына әскери басшылық әдейі мұрсат берді. Онсыз басқыншылық соғысты ақтап алу қиын еді. Ал Кеңес армиясы соғыс біткен кезде ғана әскерлерге үйлерін посылка жіберуіне 1 рет рұқсат берді. Оның 3-4 келіден аспауын қадағалаған және ондағы заттарды да мұқият тексеріп отырған.

"Соғыс кезінде оңай олжаға кенелмек болғандар біздің арамызда да кездесті. Олар жауға өз еркімен беріліп, қарсы жаққа қашты. Өзге ұлт өкілдері арасында мұндайлар кездесті. Бірақ оның ішінде бірде-бір рет қазақ болған жоқ", дейді бүгінде жасы 87-ге келіп отырған қарт жауынгер. Соғысты Мюнхеннен 40 шақырым жердегі Гитлердің туған деревнясында аяқтаған майдангердің денесіне 2 оқ, 13 снаряд жарықшағы тиіп, одан 3 рет жаралы болған. "Оқтың жарасы жазылғанмен, жүрекке түскен соғыстың жарасы жазылмайды екен. Ол еске түскен кезде бүгінгі бейбіт өмірге жеткеніме тәубе етіп, тәуелсіз елдің жарқын келешегіне үміт артып, көңілім марқайып қалады", дейді соғыстан алған атақ-дәрежесін айтып мақтанғанды ұнатпайтын ардагер Ғалым Тоқсанбаев.