Соғысқа бір әулеттен аттанған алты азаматтың төртеуі аман оралған

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас-ау! Қарша бораған оқ пен лапылдап жанған оттың арасына бір әулеттен аттанған есіл ерлердің екеуіне топырақ жат жерден бұйырды. Ал, төрт жігіт небір сұрапыл шайқастарды бастан өткеріп, туған жерге аман-есен оралды, деп жазады egemen.kz-те жарық көрген мақаласында автор Жомарт Қажырахымов.

Өмір мен өлім белдескен сәтте жауларымен арыстанша арпалысып, жолбарысша жұлқысқан олар бақытты болашағымызды қорғап қалған оғландар қатарынан десек, асыра айтқандық емес. Біздің әулетте, нағашы атамды қоса есептегенде, бір-бірімен құлын-тайдай тебісіп, тетелес өскен жеті адам болды. Біреуі соғысқа дейін дүниеден өтсе, қалғандары тағдырдың жазуымен қолдарына қару алып Еуропаны түгелдей шарлады десе де болады.

Нағашы атам Кәрімжан дуалы сөзімен, ақыл-парасатымен ауыл-аймақты аузына қаратқан сыйлы азамат болғанын анам жарықтық айтып отыратын. Ірі қызметтердің құлағын ұстағандықтан, соғысқа бармау құқығын иеленген. Алайда, ел басына ауыр күн туған шақта қатарластарынан қалып қоюды намыс санап, майданға баруға бірнеше рет сұранған. Тылға да ұйымдастырушылық қабілеті жоғары сендей жандар керек деген үгітке көнбеген. Ақыры діттегеніне жетіп, жергілікті комиссариат арқылы рұқсат алған.

Алғашқы кездері майдан даласынан үшбұрышты сағынышты хаттар келіп тұрғанымен, кейін сиреп, сосын біржола доғарылған. Уәзипа әжеміз көзі жұмылғанша келіп қала ма дегендей есік жаққа қарайлаумен өткені есімізде қалыпты.

Екінші атамның есімі - Мағауия. Бауырлары Мағыпер деп атап кеткен. Бұл кісінің туабітті ерекше бір қасиеті - алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы еді. Фашистермен талай қиян-кескі шайқастарға түскен. Жан алысып, жан беріскен жорықтардың бірінде жарылған жау снарядынан ауыр жараланып, екі қолы мен екі аяғынан айырылады. Госпитальда ұзақ емделгенімен, халінің ауырлап, татар дәмінің аз қалғанын іштей сезеді. Тұла бойы қан қақсап, орнынан тұруға шамасы жетпегеніне қарамастан қаламды тісімен тістеп, «Елмен қоштасу» хатын жазады. «Күтпеңдер мен бейбақты» деп аяқтайды хатын. Көп кешікпей ауыр жарақаттан қайтыс болғаны жөнінде қаралы хабар ауылға жетеді.

Мен үшін ыстық жандардың бірі - Қажырахым. Ұлы атамыз Жандәулет қажылық парызын орындап, алыс сапардан оралғанда бұл кісі дүниеге келсе керек. Содан жаңа туған сәбиге Қажырахым деген есім беріпті. Атамыз өз теңдестерінен оза шауып, ескіше оқуға, орысшаға жетік болған. Әңгімешілдігімен, серілігімен ерекшеленген. «Соғыста небір тығырықтан қапияда жол табуым, туыстарыммен аман-есен табысуым орысша жақсы білгенімнің арқасы», деп айтып отыратын.

Бала кезімізде соғыс туралы киноларға жиі барып, жауды баудай түсірген кеңестік әскерлердің ерлік істеріне қарадай сүйсінетінбіз. Үйге келген соң: - Ата, сіз соғыста қанша неміс өлтірдіңіз, қанша танк қираттыңыз? - деп сұрайтынбыз. Бұл тақырыпқа зауқы соға бермейтін атам балалық әуестікпен білмегінімізді түсініп, былай дейтін:

- Құлыным, соғыстың аты - соғыс. Оны бір сөзбен жеткізу қиын. Жер-көктің астан-кестеңін шығарған бомбалар мен снарядтардың, қара жаңбырдай толассыз жауған оқтың қайсыбірін айтайын? Қарсы бетте - жау, мына жақта - біз. Жүздеген жауынгер оқты қарша боратқанда кімнің оғы тиіп жатқанын қайдан есептейсің? Орден-медаль алайын, атақ-даңққа бөленейін деп ойлаған адамды көрген жоқпыз. Әр ұлттың өкілдерінен құралған қай әскери құрылым болсын бір атаның баласындай күш біріктірді. Тағдыры да, талайы да ортақ болды. Жау шегінсе, «уралап» қуанамыз. Есіл-дертіміз - Отанды қорғау, жауды жеңу. Қол қалт еткен шақта елге бір жапырақ хат жазу, амандығымызды білдіру. Бір күн тірліктің, өмірдің қадірін ұғындық.

Атам бейбіт өмірде ұзақ жыл мінсіз қызмет етті. Інілері Қойшыбай мен Тімтуірді тәрбиелеп, үйлендірді. Отау етіп бөлек шығарды. Олар бұл жақсылықты өле-өлгенше ұмытқан жоқ. 97 жасында бақилыққа аттанды. Өз қолымызбен арулап, жерледік.

Ендігі бір атамыз Көкеннің дауы­сы зор, мінезі қаталдау, бірақ өте қайырымды әрі адал болатын. Ел шаруасына көп араласып, 60-тан асқанда көз жұмды. Қойшыбай атамыз да сауатты, білімді еді. Соғыстан офицер шенімен оралды. Взвод, рота басқарған. Соғыс жайлы тіс жара бермейтін.

Майданнан есен-сау келген төрт атамның ең кішісі әрі еркесі - Тімтуір-тұғын. Атын неге бұлай қойғанын сұрамаппын. Адами қасиеттерімен тым тәуір болсын деген ырыммен атаған шығар деп сырттай топшылаймын. Жеңгелері «бала» деп атайтын. Келіндері «кіші ата» десе, құрдастары «шолақ» деп қалжыңдайтын. Оған еш режімейтін. Себебі, соғыстан бір қолы мен бір көзінен айырылып келген. 17 жасында қанды қырғынды көрген.

- Ата, соғысқа жасыңыз жетпей неге ерте бардыңыз? Кәрі құртаң кемпір-шал мен бала-шағаға қолқанат болып жүре бермедіңіз бе? - деп әңгіме дәмететінбіз. Сонда:

- Е, шырағым-ай, бастапқыда мен де бар ауыртпалықты елмен бірге көтерістім. Екі күннің бірінде «қара қағаз» келіп, жоқтау айтылып жататын. Жауға деген кек, өшпенділік оянды. Бірде денем мығым, комсомол мүшесімін, неге өтініп көрмеске деген оймен Марьевкадағы әскери комиссариатқа бардым. Ондағылар жасың толмайды деп жолатпады. Денсаулығым жақсы, бойым ұзын, бір-екі жас қоса салыңыздаршы, деп қыр соңдарынан қалмадым.

- Мылтық ұстауды, атуды білесің бе? Дәрінің исі мұрнына бармаған сен секілділер соғысты ойыншық көреді білем, - деді комиссариаттағылардың шені үлкендеуі. Шамасы, ұсталған жерің осы деген болу керек.

- Иә, жолдас командир! - деп тақылдата жауап бергенім ұнаса керек, мәселемді сол жерде шешіп берді.

Әкем Ғабдолланың көзінде жас, мен ерекше қуанулымын. Ертеңіне Шәкен, Нәби үшеуі Петропавлға дейін шығарып салды. Мұнда Борки кентінде аз уақыт дайындықтан өтіп, майдан даласына аттандық. Курск иініндегі қиян-кескі шайқасқа қоян-қолтық араласып кеттік. Сұрапыл ұрыстың бірінде жараланып, госпитальға түстім. Айығып шыққан соң генерал И.В.Панфилов дивизиясы құрамындағы 8-ші гвардияның құрамында жауынгерлік жорығымды одан әрі жалғастырдым.

1945 жылдың қаңтарында жойқын шабуыл кезінде бір көзіме оқ тиіп, бір қолымнан айырылып, ауыр жарақатпен Мәскеудің госпиталіне жөнелтілдім. Ауылдасым Шәкеннің ерлікпен қаза тапқанын сонда жатып естідім.

Тімтуір атамның ерлік істері аз емес. Жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, екінші қайтара және марапатталған. Кейін мал дәрігерлік курсты тәмамдап, ауыл шаруашылығында ұзақ жыл еңбек етті. Бүгінде аталарымның бәрі бақилық болған.

Менің ұғымымда соғыс, тыл ардагерлерінің бәрі ұлықтауға лайық. Батырлық, ерлік, елді, жерді шын ықыласпен сүю, жақсы көру марапаттармен өлшенбесе керек. Бүгінгідей бақытты болашағымыз үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, кеудесін оққа төсеп, жаумен қасық қаны қалғанша шайқасқаны үшін мәңгі-бақи қарыздармыз. Оларға шексіз құрмет көрсету - бүгінгі ұрпақтың асыл парызы. Күн өткен сайын кешегі жауынгерлердің қатары мүлдем сиреп барады. Жеңістің 70 жылдығына қаншасы жетері белгісіз. Олай болса, о дүниелік болған арыстарымызды құрметпен еске алып, тірі жүрген аға ұрпақ алдында тағзым етейік! Сұм соғыстың қайталанбауын тілейік!