Байрақты бәсекеге Солтүстік Қазақстанның атынан екі спортшы: Самат Қадырбеков пен Азамат Нұрпейісов қатысты. Самат жарыстың фул- және лоу-контакт түрлері бойынша ересектер арасында чемпион атанды. Бірінші жекпе-жекте ол беларустық спортшыны 3:0 есебімен жеңсе, финалда ресейлік кикбоксшыны тізе бүктірді.
Халықаралық санаттағы спорт шебері Азамат Нұрпейісов бұл жолы сәтсіз өнер көрсетіп, бірінші кездесуде-ақ Финляндия спортшысына есе жіберіп алды.
Әлем кубогына дүниежүзінің 24 елінен спортшылар қатысты. Қазақстанның абыройын қорғаған 17 спортшы жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді: құрама қоржынына 5 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль түсті.