де жақсы түсінеді. Соған қарай олар теңізді ластамау, оның жан-жануарларын сақтап қалу жағынан тиісті шаралар да қолданып отыр. Өкінішке қарай сол шараларды біреулер шын ниетімен атқарса, енді біреулер оны көзбояушылыққа салып, табиғат берген байлыққа тек материалдық құндылық ретінде қарайтын сияқты. Егер теңіз жағалауы елдері Каспийге шын мәнінде жанашырлық танытып, жауапкершілікті ұстанатын болса, бәлкім жағдай дәл бүгінгідей ушықпайтын да еді.
Бұлай дейтін себебіміз бүгін Каспий жағалауы елдерінің сарапшылары Астанада бас қосып, жоғалып бара жатқан итбалықтардың жағдайын айтып, дабыл қақты. Сарапшылар келтірген мәліметтерге сүйенсек, экологтардың жан ұшырған айқайы себепсіз де емес сияқты. Каспий теңізіндегі жалғыз ғана сүтқоректі жануар болып есептелетін итбалықтардың саны соңғы 100 жыл ішінде 90 пайызға кеміпті. Қалыптасқан жағдайға логикалық тұрғыда баға беретін болсақ, 100 жылда 90 пайызға кеміген жануар ендігі 10-15 жыл ішінде көзден мүлдем ғайып болады. Бұны түсіну үшін үлкен маман болудың да қажеті жоқ. Сөйтіп болашақта біз бұл жануарды ол туралы түсірілген деректі фильмдер арқылы тек теледидардан ғана көретін боламыз. Бұл әрине болжам. Алайда табиғат байлығына деген бүгінгідей көзқарас өзгермейтін болса, болжамымыз қаншама жантүршігерлік болса да күндердің күнінде шындыққа айналары сөзсіз. Бақандай бес мемлекет мамандарының жан ұшыра шырқырап отырғандары осыдан болар.
Жалпы, Каспийдің итбалықтарына қатысты мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Ол осыған дейін айтыла-айтыла жауыр болған проблема. Теңіздің қазақстандық жағалауынан итбалықтардың талай мәрте топ-тобымен қырылып жатқандығы жөніндегі ақпараттар бұрын да жиі жарияланатын. Аталмыш мәселенің ушыққаны соншалық, мамандар оны тіпті ведомствоаралық комиссияның отырысында қарауға мәжбүр болды. Онда тиісті шешім қабылданып, атқарылуы тиіс шаралардың жоспары бекітілгенімен, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалып отырған көрінеді. Бұның өзіндік себебі де бар. Итбалық Каспийдің белгілі бір аумағын ғана мекендейтін емес, реті келгенде теңіздің бір бетінен екінші жағына жиі көшіп отыратын аң. Сондықтан ол теңіздің қай елге тиесілі аумағына қандай жағдайға душар болып жатқандығын да бақылау оңай шаруа емес. Сондықтан теңіз жағалауы елдері бас қосып, әр мемлекеттен итбалықтарды қорғайтын аймақ ашу қажет деп шешіпті. Бұл турасында сөз қозғаған еліміздің Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Эльдана Сәдуақасованың айтуынша, ерекше қорғалатын аймақты ашу жөніндегі бастамаға ұйытқы болып отырған Каспий теңізіне қатысты экологиялық бағдарлама Ғаламдық экологиялық қордың донорлық көмегі есебінен 10 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның аясында теңіз жәндіктерін қорғап қалып, мүмкіндігінше олардың санын арттыруға қатысты іс-шаралар тұрақты түрде іске асырылуда. Қазақстан өз кезегінде аталмыш құжатқа қатысты міндеттерін толығымен орындап келеді. «Біз тіпті 5 жылдан бері теңізде жоғалып бара жатқан жануарларды аулауға қатысты берілген жеңілдіктердің өзін пайдаланудан бас тартып отырмыз. Біз сонымен қатар теңізден ауланатын балықтардың әбір түріне белгілі көлемде шектеу қойып, теңіздің биоәлеуетінің сақталуына ықпал етіп отырмыз. Ал мұндай талаптарды теңіз жағалауының елдерінің барлығы бірдей орындап отыр деп айта алмаймыз. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар соңғы уақытта біршама жандана түсті», деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан тарапы қазір әр елдің аумағында итбалықтарды ерекше қорғауға арналған аймақ құру жөніндегі концептуалды құжат қабылдауды ұсынып отыр. Аталмыш құжатта итбалықтарды қорғау мен олардың санын арттыруға қатысты атқарылатын шаралардың және қажетті ресурстардың көлемі белгіленбек. Ал Қазақстан мұндай міндеттерді осы кездің өзінде орындап отыр. Нақтырақ айтқанда, Каспийдің қазақстандық жағалауы бүгіннің өзінде-ақ ерекше қорғалатын аймақ болып есептеледі. «Енді біз осындай талап-тілектерді, міндеттерді өзге де мемлекеттер орындаса деген ниеттеміз», деді министрдің орынбасары.
Теңіз итбалықтарына қатысты қазақстандықтардың «жарғақ-құлағы жастыққа тимей» шырқырауы негізсіз емес. Себебі итбалықтардың жағдайы табиғатты қорғау саласындағы ең өзекті деген мәселелердің бірі. Оның шешілмегені өз алдына, проблема уақыт өткен сайын ушығып барады. Халықаралық қоршаған ортаны қорғау одағының итбалықтарды әлсіз қорғалған жануарлар қатарынан жер бетінен жоғалып бара жатқан жәндіктердің қатарына қосуы - Қазақстанға аталмыш проблеманың зардабын тартып отырған ел ретінде нақты шаралар қолданып, оны Үкімет деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік туып отыр. Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін 5 мемлекет күш біріктіріп, өз аймақтарында итбалықтарды қорғайтын ерекше аймақ құру қажет деп отыр. «Осы тұрғыдан алғанда Каспий экологиялық бағдарламасының маңызы аса зор. Себебі оның аясында атқарылған істер нәтижесін беріп отыр», деді Э.Сәдуақасова.
Ендеше, Каспийдің игілігін арттырып, табиғат байлығын қалпына келтіреміз деген сарапшылардың игі бастамасына сәттілік тілейік. Жобаның барынша нәтижелі ретімен жүзеге асырылғаны басқаны қайдам, Қазақстан үшін бірінші кезекте маңызды. Кеше Аралынан зардап шеккен елге бүгін Каспийінің құдіретінен айырылу оңайға соқпайтыны анық. Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану мен реттеу басқармасы бастығының орынбасары Орынбасар Тоғжановтың айтуынша, басқарма өкілдері Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырмасымен Каспий теңізінің қазақстандық секторының, оның ішінде Маңғыстау бөлігінде аэроғарыштық қашықтықтан бақылау тетігін пайдалана отырып, мониторинг жүргізуде. Биыл 4-ші рет жүргізіліп отырған мониторинг жұмыстарының 2008 жылғы қорытындысы бойынша Каспий теңізі аймағынан 1 мың 474 ластану нүктелері байқалған. Ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 1,5 мыңнан біршама асқан. Басқарма өкілдері жағдайдың мұншама мәз еместігіне қарамастан, жағдайдың соншалықты қайғылы еместігіне сендіріп бағуда. Соны өзінде бұл көңілге уақытша ғана демеу боларлық дүние көрінеді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің», демекші қауіптің көкесі елімізде тағы мұнай, газ өңдейтін орындар ашылып, олар толық көлемде жұмыс істей бастағанда пайда болатын сияқты. Әрине бұл да алдын ала болжам және теңіздің ластануына төнген қауіп те тиісті органдар мен мекемелердің, кәсіпорындардың жұмыс сапасына байланысты. Дегенмен «сақтықта қорлық жоқ». Олай болса, сарапшылардың да алдын ала дабыл қағып, қауіптің алдын алуға тырысуы оңды іс болды. Осы орайда айта кететін мәселе - бүгінде итбалықтардың күрт азайып кетуіне тек адамзат өмірімен байланысты факторлар ғана емес, табиғи факторлар да әсер етіп отырған көрінеді. Айталық, соңғы уақыттарда жаһандық жылымықтың салдарынан теңіздегі мұздықтардың қалыптасу үдерісі жайсыз жүре бастағандықтан, жаңа туған итбалық күшіктері өздігімен жүзіп үйренгенше бауырын төсеп жататын табиғи орта - көк мұздың көлемі де қысқарып барады. Ал тіршілік ортасының бұзылуы қай жануарға болмасын, оңайға соқпайтынын ғалымдар үнемі айтып келеді. Бірақ әзірге мұндай проблеманың қауіпті сипат алуына негізінен адамдардың бейғамдығы мен енжарлығы, ашкөздігі себеп болуда.