Соңғы алты жылда Қазақстанда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артты - С.Қайырбекова

АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Соңғы алты жылда Қазақстанда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артты. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Салидат Қайырбекова мәлім етті.

Мәжілісте С.Қайырбекова Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының арқасында салада бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізілгенін атап өтті. Мәселен, демографиялық көрсеткіштерде - 2004 жылмен салыстырғанда өткен жылы бала туу көрсеткіші 25 пайызға артып, жалпы өлім-жітім 11 пайызға төмендеді. Аталған кезең ішінде ана өлімі 1,5 есеге, сәбилердің шетінеуі - 15 пайызға азайды. Өмір сүру ұзақтығы екі жылға ұзарды. Сонымен бірге, соңғы алты жылда жарақаттардан көз жұму оқиғалары 26 пайызға азайды.

Сондай-ақ әлеуметтік маңыздағы аурулар санының бірқатарының тұрақты төмендеуі байқалып отыр.

«Туберкулезге қарсы жаңа 40 мекеме іске қосылды. Іс-шараларды жүйелі түрде қолданудың арқасында сырқаттану деңгейі 2004 жылмен салыстырғанда - 38 пайызға, 2009 жылмен салыстырғанда - 9 пайызға төмендеді. Туберкулезден болған өлім екі есеге азайды», - деді министр.

Айта кетейік, соңғы алты жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жақсарды. Нақты айтқанда, 400-ден астам медициналық нысан, соның ішінде 7 қан орталығы салынды. 4 мыңнан астам мекеме жөндеуден өтті. Тек республикалық бюджеттен бөлінген 75 млрд. теңгеден астам сомаға медициналық жабдықтар сатып алынды