«Соңғы үш жылда Қазақстанға сырттан 4401 ғалым шақыртылған. Аз ба, көп пе?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 5 маусым, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше елордамыз Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 28-жалпы отырысы өтті, деп жазады «Айқын» басылымы «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақстан сапалы азық-түлік өнімдерін жеткізуші елге айналады» атты мақалада.

Халықаралық ұйымдар мен әлемдік алпауыт компаниялардың басшылары қатысқан «Шетелдік инвесторлар кеңесінің» биылғы жиынына «Қазақстандағы агробизнесті дамыту» тақырыбы арқау болды.

- Бұл тақырып кездейсоқ таңдалған жоқ, - деді пленарлық отырысты ашқан Мемлекет басшысы. - Қазақстан - аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын және ауыл шаруашылығының бірегей ресурстарына ие ел. Қазақстан дәстүрлі өңірлік нарықтарды, сондай-ақ Қытайдағы, Үндістан мен Таяу Шығыстағы жаңа нарықтарды қамтамасыз ету үшін географиялық тұрғыдан қолайлы орналасқан. Ауыл шаруашылығы ресурстарының ауқымын ескерсек, елдің отандық және шетелдік инвесторлар үшін тартымды, бірақ әлі ашыла қоймаған әлеуеті бар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын дамытудың қамын жасаған ел қапы қалмайтынын айтты. Осындай елдер болашақта ең бай-бақуатты елдерге айналуы мүмкін. Өйткені Елбасының айтуынша, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі жаһандық дамудың күн тәртібінде тұрған ең негізгі тақырыптардың бірі болып табылады. БҰҰ болжамынша 2025 жылға қарай Жер тұрғындарының саны 8 миллиардтан асады, ал ғасыр ортасында 9 миллиардқа жетпек. Яғни әр адамды тамақтандыруға күн сайын орташа есеппен, 2 келі азық-түлік кетеді десек, адамзат күн сайын 18-20 миллиард келі өнім тұтынады деген сөз», - делінген мақалада. Сонымен қатар бұл күні «Айқын» басылымында «Жанашыр» жобасы - жақсылықтың бастауы» атты мақала жарияланды.

Мақалада атап көрсетілгендей, Атырауда елімізде бірінші рет ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық жасаудың жаңа жолы ұсынылды. Жаңа жобаның мақсаты - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тәрбиесіне еңбек ұжымдарын қатыстыра отырып, жас жеткіншектердің қоғамда саналы азамат болып ержетуіне орасан зор мүмкіндік беру.

Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тапсырмасымен облыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін ұжымдық, әлеуметтік қолдау мақсатында «Жанашыр» жобасы жүзеге асуда.

«Жанашыр» жобасы бойынша, ұжым баланы өз қамқорлығына алып, оны үш бағыт бойынша, өмірге жетелейді: тәрбие, білім және әлеуметтік қолдау. Баланы қамқорлығына алған компания қызметкерлері баламен бірге демалыс және мереке күндерін өткізуге, онымен араласуға, кеңес беруге мүмкіндігі бар.

«Ересектермен араласып, олармен әңгіме айту жас баланың дүниетанымын кеңейтіп, көпшілікпен араласуына ықпалы болады. Балалар да оқудан бос уақытта ересектерге көмектесе алады. Компания балаларды өз қызметімен таныстырып, олардың қолдарынан келетін жұмыстарды орындауға жиі тапсырма беріп тұрады. Бұл баланы жастайынан еңбекке баулуды үйрете білген ұлтымыздың айнымас ұстанымы екеніне ескерсек, балалар еңбек арқылы тәрбиеленіп, қоғамдағы масылдық психологиядан ада болып ержетеді. Ұжым музыка немесе білім беру курстарына, спорт үйірмелеріне қатысқысы келетін баланы қолдай алады. Ескеретін ең маңызды екі жайт - болашақта орта оқуды бітірген жас жеткіншектің жұмысқа орналасуына кәсіпорынның көмегі болады және балалар үйінің түлегі өзіне баспана сатып ала алуы үшін жоба шеңберінде компанияларға банктерден тұрғын үй депозитін ашу ұсынылды. Бізге түсіндірілгендей, ұжымдық қамқорлық - бұл заң жүзіндегі емес, іс-жүзіндегі процесс» - делінген аталған материалда.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілхановпен болған сұхбат ұсынылып отыр. Әңгіме ауаны негізінен Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне арналды.

«Дін мен дін еместің ара-жігін ажыратып алуда мемлекет пен дәстүрлі діндер өкілдері азаматтарға дұрыс жолды көрсете білуі қажет. Яғни, ең алдымен қоғам өмірін реттеуші институт ретіндегі діннің шынайы болмысын тереңдей түсіне және түсіндіре білуге, діннің проблема емес, оны шешудің тетігі ретіндегі рөлін дұрыс пайымдап, орынды пайдалануға тиіспіз», - дейді вице-министр.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда адамзат баласына тартыспен емес, татулықпен, ымырасыздықпен емес, ынтымақпен күн кешу үшін дінаралық үнқатысу мен діни төзімділіктің насихаты ауадай қажет.

«Ішкі және сыртқы рухани келісімге, жеке тұлғалық және қоғамдық үйлесімге, рухани кемелдікке қол жеткізу - әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі мақсаты. Сондықтан, әлемдік қоғамдастықта бейбітшілік пен дінаралық келісімнің салтанат құруына әлемдік және дәстүрлі діндердің шексіз әлеуеті кеңінен тартылуы тиіс. Бейбітсүйгіш мемлекеттер тарапынан жүргізіліп келе жатқан сан салалы жұмыстардың қарапайым да қастерлі мақсаты - осы», - деп атап өтті М.Әзілханов. Толығырақ, «Рухани келісімге қол жеткізу - әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі мақсаты» атты материалдан оқи аласыздар.

***

Ал «Түркістан» газетінің бүгінгі санында «Соңғы үш жылда Қазақстанға сырттан 4401 ғалым шақыртылған. Аз ба, көп пе?» деген мақала жарияланды.

«Өткен аптада «The Telegraph» сырттан келетін мамандарды жарылқаудан жалықпайтын мемлекеттердің тізімін жариялады. Біздің еліміз үздік үштіктің қатарынан көрінді. Басылым ұсынған дерекке сүйенсек, шетелдік қызметкерлерге ұсынатын жалақының көлемі жөнінен Нигерия көш бастап тұр. Мұнда әрбір шетелдік маманның жалақысы 250 мың доллардан асады, бұл - жалпы жұмыс күшінің 12 пайызын құрайды екен. Екінші орынды өзара бөліскен Ресей мен Қазақстандағы шетелдік азаматтардың да жылдық еңбекақысы 250 мың доллар шамасында, тек жұмыс күшінің жиынтық көлеміне шаққандағы үлесі сәл азырақ: 11 пайыз. Нигерияға «есе жіберіп» қойғанымыз сондықтан», - делінген аталған мақалада.

«Жуырда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешев күні бүгінге дейін жарияланбай келген біраз цифрдың бетін ашты: соңғы 3 жылда Қазақстанға сырттан 4401 ғалым шақыртылған. Атап айтсақ, Еуропадан - 1886, Оңтүстік-Шығыс Азиядан - 237, Шығыс Азиядан - 85, АҚШ-тан -403, Канададан -11, Ресейден - 1294, Беларусь Республикасынан - 69, Украинадан - 106 жəне өзге елдерден 311 ғалым елімізге тәжірибе алмасу мақсатында келген. Алайда Амандық Төлешов сырттан шақыртылған ғалымдардың қаншасы келісімшарт мерзімі біткен соң өз еліне оралғанын, қаншасы Қазақстанда қалып қойғанын айтқан жоқ. Жоғары оқу орындарында сабақ беріп жүрген шетел оқытушыларының көбейгеніне қарап, қазақтың қолдап-қолпаштауына риза болған жатжұрттықтардың басым бөлігі елімізде тұрақтап қалғанын аңғару қиын емес сияқты», - деп жазады «Түркістан».

***

Алматының қоғамдық белсенділері мен педагогтары ұлттық бірыңғай тестілеуді тоқтатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды ресми тілде шығатын «Экспресс К» басылымы «ЕНТ: единая национальная трагедия» атты мақаласында.

Олардың сөзіне қарағанда, ҰБТ-ны өткізудің бүгінгі әдістері Конституцияға және адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияға қайшы. - Мен психолог ретінде мәлімдеймін, балалардан «шпаргалка» іздеу - бұл оқушыны қорлау және сенімсіздік танытудың дөрекі түрі, - деп мәлімдеді Алматыда өткен баспасөз мәслихатында тең құқық және тең мүмкіндіктер институтының басшысы Маргарита Өскембаева. - Балаларға тінту жасайды, оларды шешіндіреді, аяқ киімдерін шешкізеді. Бірақ туған-туыстарынан басқа оларға ешкімнің де қол тигізуге құқықтары жоқ. Бұл конституциялық құқықтарды бұзу болып табылады. ҰБТ-ға қатысты психологиялық ауыртпалық балалар арасында суицидальдық көңіл-күйлерге алып келеді», - дейді ол.