Сот билігі қашанда мінсіз болуға тиіс - Алтай Өтемісов

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – ҚР Конституциясында еліміздің ең басты байлығы адам және оның құқықтары мен бостандығы екені алғашқы жолдардан-ақ айқын жазылған. Сондықтан, мемлекетіміздің әрбір тұрғыны өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы.

Фото: Мұхтар Холдорбеков / Kazinform

«Заң мен Тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы мақсатта соңғы жылдары сот жүйесіне түрлі реформалар іске асырылды.

Осынау өзгерістер жайлы Сарыағаш аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Алтай Утемисовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Адам құқықтары мен оның бостандықтары жайлы әңгіме қозғағанда алдымен мынаған назар аудару керек. Әр азаматтың құқығы заңда көзделген нормалармен дұрыс қорғалуы үшін бізге бірінші кезекте мықты заң керек. Одан кейін судьялардың тәуелсіздігін күшейтетін жүйелер қажет болды. Осы мақсатта жыл сайын елімізде судьялардың съезі өткізіліп тұрады. Биылғы съезде еліміздің сот саласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген негізгі жетістіктер сөз болды.

«Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Қазір оларды іріктеу жұмысы цифрлық жүйеге толық көшкен. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Бұл құрылым жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде сот істерінің жартысынан астамы азаматтар мен бизнестің пайдасына шешіліп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Түптеп келгенде, мұның бәрі экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашады», – деді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Әділ сот – елдің тірегі. Сондықтан сот билігі қашанда мінсіз болуға тиіс.

- Дұрыс айтасыз, соттың абыройлы болғаны ел тұрғандарының мемлекетке деген сенімін күшейте түседі. Айтыңызшы, қазіргі таңда аудандық сотта негізінен қандай істер қаралуда ?

- Қазіргі таңда өзіңіз білетіндей, елімізде адамдардың несие қарыздарының көптігіне байланысты қаржылай қиындықтар туындап отырғаны мәлім. Бұл орайда Сарыағаш өңірінде де адамдардың несие төлеу мүмкіндіктері төмендеуіне байланысты, шарт бойынша несие қарыздарын өндіру талаптарына байланысты заң бұзушылықтар бойынша істер көптен түсуде. Аталған талаптардың шеңберінде Сарыағаш аудандық сотының судья медиаторлары күнделікті татуласу шараларын өткізуге атсалысуда. Бұл дегеніміз, тараптарға ыңғайлы ортақ негіздерде қарыз соманы бөліп төлеу мүмкіндіктері қарастырылуда. Демек, қарызы бар адам, қарыздан шығатын жол бар екенін түсінуі керек. Сот тарапынан заң нормаларына сәйкес әр жағдайдың ерекшеліктерін ескере отырып, «Дау-мұраты біту» деген ұстаныммен даудың екі жақтың да ризалығымен аяқтауға күш салып жатырмыз.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 135-бабының 3-тармағына сәйкес сот бұйрығы заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерді орындау туралы талаптар бойынша шығарылады. Бұл дегеніміз – кәсіби медиаторлардың жәрдемімен тараптар ортақ келісімге келген жағдайда медиациялық келісім жасалады. Медиациялық келісімдегі шарттар орындалмаған кезде талап қоюшы сотқа сот бұйрығын шығару туралы арызбен жүгінеді. Арыз АПК-нің 136-бабына сәйкес келген жағдайда сот үш жұмыс күні ішінде сот бұйрығын қабылдайды. Мәселен, Сарыағаш аудандық соты 2024 жылдың 10 айында осындай 20 сот бұйрығын қабылдады.

Орайы келгенде айта кетейік, «Отан-отбасынан басталады» немесе «Ұяңда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген ата-бабамыздан қалған нақыл сөздер бар. Халықтың құқықтың мәдениеті де отбасынан басталуы тиіс. Еліміз демократиялық, құқықтық унитарлы мемлекет болып табылады. Демек, құқықтық мемлекетте еліміздің әрбір азаматы заңға бағынуы, өз құқығын қорғап, өзгенің құқығын сыйлауы, сақтауы тиіс. Бұл орайда, бәріне мәлім, мектеп қабырғасында құқық бойынша арнаулы пән енгізілген. Осы бағыт одан әрі жалғасса деген ұсынысым бар. Яғни, әрбір колледж, университетте, бұл оқу орындарының білім беру бағытына қарамастан «Құқықтану пәні» міндетті пән ретінде енгізілсе дұрыс болар еді. Сонымен қатар, жұмыс орнына қабылдау кезінде жұмыскердің базалық құқықтық білімдері тексерілсе, әрбір азамат өзінің құқықтық сауатын ашуға құштар болар еді.

- Бүгінде елімізде сот сот мамандарының құзыретін күшейтуге баса мән берілуде. Президенттің айтуынша, Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс. Жалпы, мемлекетімізде судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Ол үшін әрине, оларға әлеуметтік жағынан жағдай жасалуы қажет. Осы мәслеге қатысты пікіріңізді бідре кетсеңіз ?

- «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, судьяға және оның отбасы мүшелерiне кезектен тыс, бiрақ қызметiне кiрiскен күнiнен бастап алты айдан кешiктiрiлмей, нақты жер жағдайына қарай, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан, судьяны тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж азаматтардың санатына жатқызбайтын нормалар бойынша тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiледi. Енді осы негізге ала отырып айтайық, Сарыағаш аудандық сотына басқа өңір азаматтары судья лауазымына тағайындалғанына мән берсек, барлығы қызметтік тұрғын үймен қамтылған.

Сот төрелігінің сапасын жақсарту мәселесі Сарыағаш аудандық сотының үздіксіз бақылауында. Бұл орайда әр аптаның дүйсенбісінде сот тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жиналыстар өткізіледі. Жиналыста түрлі бағыттар бойынша мәселелер - судьялар қабылдап жатқан сот актілерінің сапасы, істердің заңмен көзделмеген мерзімдерде қаралуы, сот процестерінің уақытылы ұйымдастырылуы және өзге де соттың жұмысына қатысты мәселелер талқыланады. Сот отырысының хатшылары мен сот кеңсесінің мамандарының өздеріне жүктелген міндеттеріне сәйкес семинарлар, қолданыстағы ақпараттық жүйеге енгізіліп жатқан өзгерістер талқыланып, орындалу барысы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бірінші сатыдағы соттарда қылмыстық істерді қарауды судья жеке-дара, ал аса ауыр қылмыстар бойынша төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру; бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне қарсы, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар; террористік және экстремистік қылмыстар; соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар; қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар; кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, айыпталушының өтінішхаты бойынша сот алқабилердің қатысуымен бір судья және он алқаби құрамында жүзеге асырады. Осыған қарай, аса ауыр қылмыстарды қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарайтындықтан Сарыағаш аудандық сотында алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер қаралмағанын айта кету керек.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жергілікті және басқа да соттардың қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша оларға қатысты кассациялық саты функцияларын жүзеге асырады. 2025 жылдың 1 шілде айынан бастап азаматтық және қылмыстық істер бойынша дербес кассация енгізіледі. Көрсетілген кезеңнен бастап кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңі алынып тасталады. Сонымен қатар, сот ісін жүргізудің барлық түрлеріне кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізіледі. Жаңашылдық кассациялық соттарда жалпы барлық істер қарауға жататын болады.

- Енді бүгінге дейін аудандық соттың судьялары қараған істер туралы тарқатып айта кетсеңіз...

- Жыл басынан бүгінге дейін аудандық сотқа 470 адамға қатысты 427 қылмыстық іс түскен болатын. Өткен жылдан 37 қылмыстық іс қалдық болып өтті. 462 адамға қатысты 433 іс аяқталды. Оның ішінде 410 адамға қатысты 405 үкім шығарылды. 18 адамға қатысты 15 іс қысқартылды. 3 іс 3 адамға қатысты іздеу жариялануына байланысты прокурорға қайтарылды. 26 іс қалдық қалып отыр. Медиаторлардың қатысуымен 1 қылмыстық іс аяқталды.

2024 жылдың 10 айында 992 санкция қаралған, оның ішінде күзетпен ұстауды санкциялау -276, күзетпен ұстауды санкциялауды ұзарту -55 және өзге де тергеу судьясының өкілеттігіне кіретін санкциялау материалдары қаралған.

Сонымен қатар, азаматтық істер бойынша 2112 талап қою келіп түсті. Оның ішінде 1842 іс аяқталды. 1163 шешім қабылданса, 29-ына сот бұйрығы шығарылды. 465-нің өндірісі тоқтатылды. Тоқтатылғаны істердің 14-і татуласуға байланысты болса, 391-іне медиациялық келісім бекітілді, ал 39-ы талаптан бас тартуына байланысты тоқтатылды.

Әкімшілік істер бойынша сот 42 істі қарады. Оның 10-ы бойынша шешім қабылданды. 7-еуінде тараптар медиациялық тәртіппен келісімге келді. Ал, 28-і кері қайтарылды.

- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Заңымыз үстем болсын!