Сот ОҚО тұрғынын адам саудасы үшін 5,5 жылға бас бостандығынан айырды

ШЫМКЕНТ. 4 маусым. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Күлзамира Қалыбаеваға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

«Екі немесе одан да көп тұлғаны пайдалану, жезөкшелікпен айналысуға тарту мақсатында оларды бостандықтарынан заңсыз айыру, жезөкшелікпен айналысу ордаларын ұйымдастыру - осылардың барлығы бір өндіріске енгізіліп, сотқа жіберілді», - деді ОҚО прокуратурасының өкілі Балғабай Сеңгірбаев.

Сарыағаш аудандық сотының кесімімен К.Қалыбаева айыпты деп танылып, 5 жыл 6 айға жалпы режімдегі колонияда бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сол кесімі заңды күшіне енді.

«Қаңтар айында К.Қалыбаева Үмида есімді әйелмен одан екі бойжеткенді 100 мың теңгеге сатып алуға келісті. Үмида К.Қалыбаеваның Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылында орналасқан үйіне бірнеше өзбек қызын әкелген. Қалыбаева аталған бойжеткендерді бостандығынан айырып, олардың тәуелділік жағдайын пайдалана отырып, пайда табу мақсатында жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі», - деді прокурор.

Бойжеткендер көп ұзамай терезедегі торды ашып, қашып кеткен. Бірнеше күннен кейін Қалыбаева бір азаматпен басқа бойжеткендерді сатып алуға келіседі. Әрқайсысын 15 мың теңгеден сатып алмақшы болады. Бірақ ақшасының жоқтығын сылтауратып, сатылған бойжеткендер үшін соманың бір бөлігін ғана беріп үлгереді.

«Осылайша, Қалыбаева өз үйінде жезөкшелік ордасын ұйымдастырып, пайда табу мақсатында жеңгетайлықпен және бойжеткендерді жезөкшелікпен айналысуға тартумен айналысқан», - деп қосып өтті Б.Сеңгірбаев.