Сотталғандардың денсаулығын түзеумен медицина мамандары айналысуы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Еліміздің барлық өңірлерінде жаңа үлгідегі қылмыстық атқару мекемелері салынуы керек». Еліміздің бас полицейі Қалмұханбет Қасымов мәселені осылайша төтесінен қойып отыр.

Ішкі істер министрінің айтуынша, жазасын өтеу орындарының мәселесі ұзақ жылдар бойы жабулы қазан күйінде келеді. Бүгінде бұл халықаралық құқық қорғау ұйымдарының бізге қойып отырған негізгі кінәсі. Өйткені, олардың материалдық-техникалық жағдайы шетелдегілермен салыстырғанда өте төмен. Сол секілді күзеттің инженерлік-техникалық жабдықтары да жаңалап, жөндеуді қажет етіп тұр. Министр жалпы бүгінде сотталғандарды барақтарда отрядпен ұстау мүмкін еместігін, әлемдік тәжірибеде бұл үрдістің әлдеқашан жоғалғанын атап өтті. Жаңадан қабылданған Қылмыстық атқару кодексі бойынша, осы мәселе бас бостандығынан айрылғандарды камерада ұстау шарасы құқықтық тұрғыда шешілді. Алайда, министрдің мәлімдеуінше, оның толыққанды жүзеге асуы қиынға түседі. Өйткені, алдын ала болжам бойынша, 2016 жылы камерада ұсталынатын сотталғандар қатары 8200 болып, барлық жазасын өтеушілердің 18 пайызына жетуі мүмкін. Ал, бұл шара қыруар қаржыны қажет ететіндіктен, орта жолда қалуы ғажап емес. «Бір осындай колонияның құрылысына 10-12 млрд теңге қажет екен. Ал, бізге керегі 25 колония. Сондықтан, біз оларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салғанды дұрыс санап отырмыз», - деді Қасымов мырза бұл ретте.

Мәселе тек мұндай колониялардың қажеттігілімен шектелмей тұр. Жаңадан қабылданған Қылмыстық кодекстің 150-бабы бойынша, қылмыстық қылық жасағандарға тұтқындау шарасы қолданылатыны белгілі. Отыз күннен тоқсан күнге дейін созылатын бұл жазаны өтеу, яғни, тұтқындалғандарды қабылдау орындары да біздің онсыз да бүйірі тесік бюджетке үлкен салмақ салатыны белгілі болып отыр. Министрдің сөзінен аңғарғанымыз, аталмыш бап бойынша елімізде енді жыл сайын ұсталатындар қатары 17-18 мыңға жетеді. Ал, бұзақыларды қамайтын орындардың жағдайы ешқандай санитарлық талапқа сай емес. Сондықтан, барлық өңірлерде елуден екі жүзге дейінгі орынды қамтитын ұзын саны 29 қамау орынын салу да өзекті мәселе. Қазіргі таңда тек Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы қамау орындары құрылысының жобалау-сметалық жұмысына ғана қаржы қарастырылыпты.

Негізі министрдің айтуынша, түрмеге түсушілер қатары жылдағымен салыстырғанда 30 пайызға азайыпты. Қазіргі таңда колонияларда 42700 адам жазасын өтеп жатыр екен. Оның 3400-і әйелдер. Сол секілді, 18 тергеу изоляторында 6000 адам тұтқында отыр. Ал, 240 қылмыстық атқару инспекцияларында бас бостандығы шектелген 21 мың адам есепте тұрған көрінеді. Жалпы, қазір қылмыстық атқару жүйесін соңғы үш жылда өз қарауына алған ІІМ-не бұл салада тәртіп орнатып, заңдылықты қалыптастырудың өте қиынға түсіп отыр. Жазасын өтеу орындарындағы ахуалға көбіне қылмыстық орта мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың серкелері ықпал етеді. Мекемелердегі әкімшіліктің заңды талаптарына топтасып қарсы шығу, бағынбау, сотталғандардың дене мүшелерін жарақаттау фактілері тіркелді. Есірткі заттарын, спирттік ішімдік, суық қару, ұялы телефондарды сақтап, қолдану жағдайлары болды. Жағдайдың қиындағаны соншалық, оның соңы жаппай тәртіп бұзушылық, күзетшілерге шабуыл, топтасып колониялардан қашуға дейін барған оқиғалар орын алғаны белгілі. Министрлік өз тарапынан бұған мүмкіндігінше шаралар қолданды да. Мәселен, колонияларда қатаң тәртіп орнатып, қайтадан бақылау қызметі жолға қойылған. Жедел тәртіп бөлімінің штаттары нығайтылып, колонияларға психолог, жекелеген бөлімдерге теолог қызметтері ашылған.

Колониялардағы тағы бір өзекті мәселе сотталғандардың денсаулығын қалпына келтіру мәселесі. Жалпы түрмеге түсетіндердің отыз пайызға жуығы түрлі ауруға шалдыққандар. Мәселен, былтыр қабылданған сотталушылардың 447-і АҚТВ жұқтырған екен. Сол секілді, 1500-і есірткіге тәуелді болса, 1800-інде басқа ауру түрлері анықталған. Ал, төрт жүзге жуығы туберкулездің ашық түріне шалдыққан. Бірақ, көпшілігі денсаулық сақтау орындарына есепте тұрмаған, яғни, бұған дейін ешқандай ем-дом қабылдамаған. Бұл мәселені шешу үшін түрмедегі медицина қызметін Денсаулық сақтау министрлігінің еншісіне беру керек. Өйткені, колонияларда бұл қызметті атқаруға мамандардың ықыласы жоқ.

Қасымов мырза қылмыстық атқару жүйесінде белгілі деңгейде тиімді шешілген мәселе ретінде Үкіметтің түзеу мекемелеріндегі кәсіпорындардың таза табыстарын салықтан босату туралы мәміле қабылдағанын атап көрсетті. Негізі оның айтуынша, түзеу мекемелері кәсіпорындарының әлеуеті жоғары емес. Десе де, құзырлы орын кәсіпорындардың техникалық қуатын арттыруға, оларды жаңғыртуға қатысты жұмыстарды атқаруда. Осы орайда, аталмыш атқарушы билік қабылдаған шара үлкен қолдау болып отыр.