ОРАЛ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Биылғы 21 қаңтарда «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң күшіне енді.
Осыған орай соттар істерді қарау барысында аталмыш заң қағидаларын қолдана бастады.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 23 қаңтарда Батыс Қазақстан облыстық соты апелляциялық сот алқасының судьясы Есенбай Боранбаевтың төрағалық етуімен осындай алғашқы іс қаралды.
Бұзақылық ниетпен азаматтарға қарсы күш қолданғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 257-бабы 1-бөлімімен, 104-бабы 2-бөлімінің «д» тармағымен айыпталған Д.Хайруллин Сырым аудандық сотының 2011 жылғы 4 қарашадағы үкімімен 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген еді. Қорғаушының арызымен апелляциялық алқада қаралған бұл іс бойынша аудандық сот үкімі өзгертілді. Қазақстан Республикасының рақымшылық жасау туралы Заңының 2-бабы 2-тармағына сәйкес сотталушының бас шарасы өзгертіліп, тұтқыннан дереу босатылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).