«Сөз салмақтауға уақыт жоқ» немесе «Жауды көрсе қуанған...»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мен соғысты алғаш рет қашан жек көрдім?.. Сайын Мұратбековтың романға бергісіз «Жабайы алма» повесі бала кезде оқыған, есте мықтап сақталған санаулы кітаптың бірі. Сталин мен Гитлер арасында орнаған қанды қырғынға қатысты танысқан алғашқы шығармам сол екен...

О баста романтикаға бейімдеу қазақ жұртшылығы жеңілдеу қабылдаған, соғысқа аттанған қимасына көлденең көзден жасырып кестелі орамал сыйлаған қыз қоштасар соңғы сәтте ғана қимастықпен көзіне жас алғаны болмаса, ертеңің не болады дегенге аса бір егілмей, ажалдың аранына кетіп бара жатқан жас жігіттің тез арада даңққа бөленіп, жауды жапырып қайта ораларына сенген көңілмен қала берді... Шал-шауқан, кемпір-сампыр ғана шын қауіп күткендей бір кеп аңғарылады. Бала-шаға ойнап жүр. Ауыл-контордың маңдайындағы радио «Соғыс басталды, жау кеп қалдылап» аттандап жатқанымен, қай шығарманы ақтармаңыз, аса бір үрейді көре алмайсыз...

Соғысты қазақ о баста осылай қабылдапты.

Соғыс туралы естігенмен, онда қан төгілгенін білгенмен - салмағын сезініп көрмегенбіз. Енді міне, алдыңда «Жабайы алма». Басталғаннан-ақ бар тілеуің қос ғашық Тоқтар мен Назираның үстінде болады. Тіпті, жас бала - бас кейіпкердің өзін көп елей қоймайсың. Кітаптың орта шеніне жеткенде... Өлім! Бұл уақыт, - жоқшылық, ауыр еңбек өз алдына, - елдің қара қағаз алып, соғыстың нағыз ауыртпалығын, қайғы-қасіретін толық сезініп болған шағы. Кезекті қара қағаз менің балам болса ғой дейтіндей, жігіттің сұлтаны дерлік Тоқтардан да келді...

Соғыстың не екенін тұңғыш сонда ұқтық... Ауылдағы санаулы ардагерлердің жалғыз қолына, ақсақ аяғына, тіпті, шал басымен аузы бұрқырап тұрғанына өзіңе де түсініксіздеу, беймәлім құрмет, кешірім пайда болған. Иә, «Біз соғысты көрген жоқпыз». Бірақ, толықтай болмаса да сезіне алыппыз.

Әдебиетке мың тағзым!

«Соғыстың 5 жылы - соғыс туралы нағыз шығарманы тудыра алған жоқ», - дейді жалпы пікір. Жан-жақтылық, тақырып ауқымы, көлем мәселесін негізге алғанда солай. Ал, соғыс кезіндегі көңіл-күйді білгіңіз келсе, дәл қан майданда немесе тылдағы еңбек даласында туған қадау-қадау өлең, очерк, публицистикаға назар аударып көріңізші: Ішкі бір түйсікпен әрбір жолынан ауыр жағдайды аңдап отырғанмен, сол соншама қиындықты автордың (лирикалық кейіпкердің) жеңіске деген нық сенімі (белгілі дәрежеде ұрандарға елтіп) көлегейлегенмен, толықтай жасырып, жаба алмайды. Сондай-ақ, кейінгі романтикалық романдарда суреттелетіндей соншалық бір ауыр мұң мен қорқынышты үрейдің де анау айтқандай бола қоймағанын аңғарар едіңіз. Қалай дегенде де, көп нәрседен хабары жоқ былайғы қалың бұқара ҰОС-н кезекті, өтпелі ауыртпалық деп қабылдаған сыңайда. Демек, қан қасаптың қайнап тұрған шағындағы адамдар психологиясының, рухының бірден бір мөр басылған құжаты - қысқа да болса - осы кезең туындылары. Идеологиялық саясатқа сай соғыс кезіндегі кемшілік, қателіктерді бүркемелеу, кейбір шындықтарды аттап кету, қиялмен қаһарманды оқ өтпес дәрежесіне көтеріп жіберетін сәл кейіндеу жазылған шығармаларға тән аздаған кемшіліктерден ада, асығыс болса да адал, тез болса да таза, қимыл үстіндегі көңіл-күймен жазылған себепті, өмірге жақындығымен қымбат.

Соғыс әдебиеті десе өзімізге қатысты қандай шығармалар аталады қазір? Нақты статистика жүргізіп көрген ешкім жоқ, десе де, атауы соғыспен біте қайнасып, құлаққа сіңісті болып кеткен санаулы шығармалар бар. Бірақ, біз оларға арнайы тоқталмаймыз. Бір нәрсені ескеру керек. Соғысты қазақ әдебиеті қаншалықты ашты деген сұраққа бір қарағанда толықтай жауап берілгендей, бұл тақырып таптаурын болғандай көрінеді. Әйтсе де, сәл тереңдеп көріңізші, бірді-екілі зерттеулерде, сын мақалаларда әр шығарма жеке-жеке аталып, кейіпкер мен оқиға туралы талдау жасалғанмен, соғыстың қазақ әдебиетінде көрініс табуы көп қаралмапты (әр жерде қорғалған диссертациялар, көпшілікке жете қоймайтын там-тұм монографиялар болса, кешірім сұраймыз).

Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы соғыс тақырыбындағы шығармалар тізімінде жиі аталғанмен, тіпті, «соғыс кезінде жеткен қазақ әдебиетінің шыңы» деп әспеттелгенмен, осы бір «Ақын өлімі туралы аңызды» толық танымаппыз. Танытпаппыз... Арнайы айналып соғуға басты себеп те осы.

Бір қарағанда, жараланып, госпитальда жатқан тынымды бір сәтті құр жібермей жазып тастағандай көрінетін «Абдоллаға» үңіле келсеңіз, автордың ұзақ уақыт бойғы толғағынан туғанын көруге болады. Өзі жақсы көрген, өзін жақсы көрген інісі, досы Абдолла Жұмағалиевтің қазасы ауыр тиген Қасым ақын біртұтас, кесек дүниені бір деммен дүниеге әкелгені байқалады. Мұнда автордың өзі де жауынгер болғандығы ерекше көрініп тұрады. Сонымен:

«Шаштан сүйреп махаббатты..,

...Найзаға іліп ар-ұятты...

...Келе жатты сұм жендеттер» бейнесіндегі жауға қарсы:

«Көкірегінің кекті зілін

Қоса түйреп қорғасынға» - батыр ер атойлайды. Бір нәрсе анық: күш тең емес. Мақсаты өлтіру, өлім себу ғана болған күші басым жауды «жендет» деп кемсітіп, алдымен, өз кейіпкерінің рухын биіктетіп алады. Және, ақын-кейіпкерде бір-ақ мұрат: жастығын ала жығылу. Аманжоловтың қаһарманының басты артықшылығы - өлімге бас тігуінде. Оның басты қаруы да сол. Сол ғана. «Бомба болып жарыл жүрек» дейтіні де содан. Жауға деген өшпенділік пен өліспей бітіспес кектің де шығар жері әлгі намыс.

«Қуса сені өз төріңнен,

Көнсең соған,

Не масқара!..» - Бұл қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан жауынгерлік рухы, ерлік, елдік дүниетанымының ақын қаламына сәтімен іліге кеткен бір үзімі. Бұйығы, үреймен, аңдысумен күн кешуге көшкен, өз ішінен жау іздеп (халық жауы), бір-біріне өшпенділікпен қарауға ауысқан, ерлікті қорқаулық жеңген заманда өмір сүріп жатқан қазақтың ендігі жауы анық еді. «Іш қазандай қайнайды, күресуге жоқ дәрмен» кептегі құсасын ақтарып, зәрін төгіп тастайтын шақ туғанда, бір сәт қалғып кеткен рух дүбірге елтіп, құтырына оянады.

«- Алмай қойман! - деді дұшпан,

- Ала алмайсың! - деді ер ұлан».

Қасым кейіпкерінің түйсігінде елді жаудан қорғау мұраты бұлыңғыр ғана елес береді. Оның осы сәттегі бар ындыны «жауды көрсе қуанған» метафорасымен астасып жатыр.

«Отан үшін алға! Ура!» ұраны жат бір шығарма болса - осы «Абдолла». Жан пида етпекке бекінген кейіпкердің рухы басқыншылыққа, қырғынға қарсы.

«О, Құдірет!

Құнсыз темір,

Кеше ғана жатқан шаңда...

...О, зымиян, сұрқия жау,

Қайран өнер, қайран ақыл», - деген оймен қайнай түскен қан иесін танкімен жекпе-жекке ойландырмастан жетелейді. Және:

«Ол темірден алды тартып,

Адамзаттың өнер-күшін», - деп, жау танкісінің өртенген тұсын философиямен түйіндейді.

«Осы-ақ болды-ау келген қолдан» - танкімен бірге өртеніп кеткен жауынгердің де соңғы сөзі бұл. Өкіне тұрып, қан кешуде мүмкіндігінің шырқау шегінде әрекет еткеніне, солай өле алғанына, солай кеудесін оққа ойланбай тоса алғанына деген тәубені аңдайсыз. Содан соң ғана қанмен өтелмес, шыбын жаннан мәңгі биік тұрар асқақ дүние - туған жер, туған ел түсінігі оянады. Жоғарыдағы көзсіз ерлік пен қанмен ғана жуылар кектің қайдан туғанын ақын-батыр ес пен түстің арасында ғарыштық жылдамдықпен ойлап өтеді. Оқушыға солай әсер етеді. Сонда ғана әлгі бір сәттік тәубе, мезгілсіз өлімге жалғыз ғана жұбаныш орнын қайтадан өкінішке босатып береді. «Соңына дейін шайқаса алмадым, жаудың тізесін бүктіре алмадым-ау» деген ышқынған жүректің бұлқынысын аулап қаласыз. Ақын жанына «Отаным, сен үшін жан пида» деген ұран, «Сен үшін өлдім, міне» деген міндетсіну жат, ол жай ғана сын сағаты төнгенде жүрегінің қалауына бағады. Намысына салады бәрін. Қалғаны оның еркінен тыс орындалып жатады.

«Қош бол, енді, туған елім,

Кетті де, бір қарыздар жан», - деп сүйіспеншілігін ақтарып салған ұлан тағы да:

«Кеттім, кеттім қарыздар боп», - деп, ел алдындағы парыздың қанмен, өліммен де ақталмайтынын қайталап айтады. Өлім сәтіндегі батырдың әттеген-айы да жауын ықтырып, досын рухтандырғандай.

Қасымның кейіпкері жапанда қансырап, жақындай түскен өлім сағатын күтіп жатқан жаралы жауынгер емес. Көктегі құстардан сәлем жолдап, алыстағы ел-жұртымен қоштасуға мүмкіндігі жоқ. Оның бір секундтық қана өлім сәті асты-үстіне шығып, бытысқан, сапырылысқан, әртүрлі сезімдердің шағылысқан кеңістігі. Шығармадан сюжет немесе белгілі бір уақыт аралығын белгілеп бере алмайсыз. Әйтсе де, автордың жетелеуімен соңғы дем кезіндегі тынымсыз алмасқан көңіл-күйге, дүниені тынымсыз кезіп кеткен сана-сезімге бойлай түсесіз, қаныға түсесіз. Ақын еш нәрсені қағыс қалдырғысы келмейді. Өмір мен өлімнің ауысар тұсын қимай, ұзақ жүріп алатыны содан. Ақыры:

«Ғашық жардай қайран өмір,

Қиналдырмай қалатын ба ең?» - дейді. Кейіпкердің өмірге деген құштарлығы ғана емес, кейіпкерді өлімге қимаған автордың ішкі даусы бұл.

Сан тараудан келіп қысқа ғана бір сәтке түйіскен сезімдер автордың өз жүрегінің соғысы. Туын құлатпай, ерлігін жықпай өлген ерге деген құрметі мен сүйсінісін «пай-пай»-лап бере салуға қимайды. Тіпті, артында белгі де қалдырмастан жарылыспен бірге ауаға айналып кеткен, жаңада ғана арпалысып, атойлап жүрген адамның жоқтығына сенбей, есеңгіреп тұрып қалады. Келесі сәтте ғана ерліктің иесін ардақтауға, жоқтауға ауысады. Ал, жаудың тілегі жан алу ғана емес, тізе бүктіру, жеңілгеніңді, жасығаныңды көру. Қарсыласының өзін өлтіргенмен, рухын өлтіре алмаған дұшпанның ендігі әрекеті:

«Ұмтылды жау таптамаққа,

Ең болмаса қалған күлін».

«Абдолланың» өн бойынан, - ол турасында ешқандай суреттеу берілмесе де, - кескілескен ұрыста баудай түсіп, қынадай қырылған майдандастарына көмектесуге дәрменсіз, қаншама өлі денені жау табанының астына жаншылтып, жеңіліп, шегініп келе жатқан қалың әскердің сыртқы сұлбасы андағайлап тұр. Сөйтсе де, автор әлгі бір сәттегі көңіл-күйден шыға алмайды да (шыққысы келмейді), шейіт болған өренге жан дәрмен арашаға ұмтылады. «Таптатпан!» - дейді ақынның көмейі. Қарсы тұрар қауқар тағы жоқ. Аласұрған ақын жаны ақыры өзін өзі жұбатуға көшеді. Күтпеген жерден пайда болған дауыл солдаттың күлін көкке көтеріп әкететіні арқылы тосын шешімге келген соң ғана автор-бақылаушы, автор-қатысушы демін алады. Оқырман шығарманың соңғы нүктесіне жеткенде асау һәм мұңды күй тыңдағандай тылсым бір хәл кешеді, алқынып барып тыныс табады. Бас кейіпкер өлмегендей, кеуденің төрінде жеңімпаздық салтанат орнайды. Бұл салтанаттың автор көңіл-күйімен астасып жатқанын айта кету керек. Ал, ол көңіл-күй дос алдындағы парыздың өтелуімен тікелей байланысты.

«Ақын өлімі туралы аңыз» поэмадан гөрі толғауға көбірек ұқсайды. Тіпті, жоқтаудың жаңа, озық үлгісі деуге келеді. Автор Абдолла есімін соңында, эпилогта ғана ауызға алады. Өзі қан сасыған қырғынды далада көрген, жүрегінен өткізген кесек-кесек, үзік-үзік суреттерді жымдастыра, үндестіре келіп, ақынның өлім сәтімен қиюластыра алғанына деген қуанышын поэманы оқып шыққанда-ақ аңдап қоюға болады. Мезгілсіз келген қазаның иесі, келешегі зор деп сенген ақынның алдындағы бір парызы көп уақыт бойы кеудесінде жатқанын, тіпті, жаза алмай кетем бе деген қауіптің де болғанын болжау қиын емес. Бәлкім, жараланып, госпитальге түсер қарсаңдағы өкініші де осы болған шығар. Тіпті, туындының сәтті жазылып бітуге таянған кезіндегі көңіл-күйін жасырғысы да келмегені байқалады. Сол көңіл-күйдің ашық берілгені үшін нағыз естелік ретінде құны күн өткен сайын жоғарылай түспек.

Бүгінде жиі айтылатын, соғыс қарсаңындағы асығыстық салдарынан туған шығармалардың басты кемшілігі - жұртшылықты жауға қарсы күресте табандылыққа, ерлікке шақырумен жүріп, көркемдікке деген қырағылықты әлсіретіп алған көптеген авторлардан кеткен ақаудың орнын бір өзі толтыра салған «Абдолла» толғау-поэмасы жоғарыда айтылған майдан даласындағы жауынгер рухының бірден бір көрінісі. Оның сыртында біз аттап кетуге мәжбүр болған соғыс суреті, майдан даласының фото-көшірмесін берудегі қызметі бір төбе.

Тура сол жылдары жазылған, әр жолынан оқ дәрінің иісі мен майдан даласының лебі есіп тұрғандай көрінетін жазбалардың бірі қазақ әдебиеті жоғалтқан, соғыс туралы бірден-бір ірі туынды (басқасын айтпағанда) жазуға тиіс қыршын кеткен талант Баубек Бұлқышевқа тиесілі дер едік. Оның сол кездерде баспасөз бетінде жарияланып тұрған майдан даласынан жазған хаттарын оқыған адам осы пікірге ден қояр еді. «Қазір сөз салмақтауға да уақыт жоқ» деп Бұлқышевтің бір кейіпкері («Жауыздық пен махаббат» әңгімесі) айтқандай, қысылтаяң шақта асығыс жазылса да санаулы ғана әңгімелерінен (өлеңдерінен бөлек) жазушылық зор қуат аңдалады. «Жауыздық пен махаббатта»: «Ұрыста жаныңда жолдас болса, қандай қиын уақытта да көңілге жеңіл. Сондықтан ба, әлде адамның адамға деген махаббаты зорлығының әсері ме, әлде өлсем көрім бір болсын дегенге сүйенесің бе, әйтеуір оқ астында окопты бір-біріңе жақын қазуға тырысасың», - дейді. Автор айтып отырған себептерден бөлек, беймәлім бір қорқыныш аңдалады. Бір қарағанда, сол кездегі сұраныс әртүрлі ұлт өкілдерінің татулығы, түсінісуі сияқты мәселелерді көтеруді көздегендей көрінгенмен, тұтастай алғанда, солдаттың жай күйін, ой-арманын, сана-сезімін нақты жеткізудегі ролі ерекше...

Б. Бұлқышевтың аз ғана әңгімелерінің басты ерекшелігі албырт жастың соғысты қабылдауы, керек болса, кез-келген сәтте ажал оғы қиып кетуі мүмкін екенін түйсінуі, өзін өлімге дайындауы, жастыққа тән даңққа құмарлық сияқты көзге көріне бермейтін адам жанының әлдебір түкпірінде жататын ішкі сезімдерді жастыққа тән пафоспен-ақ суыртпақтап тастайды. Тағы бір жерде «Олардың өлімінде де өмір бар», - деп, шейіт кеткен майдандастарын үлгі тұта сөйлейді.

...Соғыс бітті. Бірақ, басқа бір майдан басталған. Әдебиеттегі майдан. Қапылыста жазылып кеткен повестер романға айнала бастаған шақ. Баяғы қапылысу жоқ, байыппен жазылған шығармалар келіп жатты өмірге. «Бәрі де майдан үшін» деген ұранның көлеңкесінде қалып келген тылдағы жанкешті еңбек «соғыстан қайтқан солдаттардың» көрген-білгенімен тұтастықта қаралып, екі тарапты бірдей қамтыған романдар шеруі басталды. Соғыс жүріп жатқан аймақты ерлік жасап, даңққа бөленіп қайтатын арена деп түсінетін қарапайым жұртқа от пен оқтың ортасындағы жұмыр басты адамға тән пендешіліктерден де құр алақан қалмаған майдан даласының шежірелері жаңа кейіпте жетіп жатты. Бірақ, бұл кездің басты талабы соғыстың шындығын ашу емес, еңсесі түскен елдің иінін көтеру, дәтін бекіту, сөйтіп, қайта құру кезеңіне тың күшпен үлес қосуға үндеу болатын.

«Соғыс басталды» деген сөзден бастап, көп, өте көп жазылған соғыс тақырыбы сәтті, сәтсіз әр түрлі формада толассыз туындап жатты. Соғыс туралы болмаса да, соғыс тудырған тақырыптар болды. Өндірістік романдар жеңістен соң қолға алынған, жолға қойылған, өкімет қана емес, қоғам талап еткен тақырыптардың ең негізгісі болды. Майданға кірмеген, бірақ, соғыстың қиын кезеңінде қалыптасқан, ес тапқан жазушылар жаңа тақырып - ауыл суреттерін, тыл еңбеккерлерінің ерлігін нысана еткен туындылар берді. Соғыста ерек көзге түскен, ерлігімен танылған, батыр атанып, бұл кезде даңқы алысқа кеткен, республикаға аты ардақты өлі-тірі тұлғалар өмірінен әдеби-көркем, деректі шығармалар шоғыры оқырманмен жылма-жыл қауышып жатты. Бұл міндет, әсіресе, поэма жанрының еншісіне тиді.

Уақыт өте берді. Кейінірек майдан даласын есіне алып отырып Сырбай Мәуленовтың:

«Жай борыш деп санадық,

Теңдесі жоқ ерлікті», - деп салатыны бар. Иә, соғыс естелікке айнала бастаған. Соғыс тақырыбы ендігі жерде өз шындығы арқылы гуманистік тақырыптарға қызмет етуге кірісті. Зұлматты жылдар салған жара туралы Қадыр айтқан:

«Айдаһар болып майдан жұтып жатты,

Ата мен немеренің аралығын», - немесе Мұқағалидың:

«Әкелді шуақ бар маңға,

Соғыстың соңғы көктемі...

...Қуанта бірақ алмады

Сонау бір үйді шеттегі», - жырларындағыдай прозада, поэзияда, әдебиеттің бар саласында соғыстың салдары мен зардабы айқын көрініс таба бастады. Сол қарсаңда әдебиетке келген қай ақын, қай жазушы болсын, сондай «шеткері үйдің» бір-бір тұрғындары еді. Сондықтан да, толықтай «қуана алмаған» үйдің ішінде дәл жеңіс күні қандай қасірет тұнып тұрғанын олар жақсы білетін. Ауыр еңбектің астында, аштықта, қайғыланып өскен буын әкелген жаңа дауыста мұң тұнып тұрды. Жаңа қоғамды жырлайтын әдебиеттің өкілдерінің басым бөлігі - жетімдер еді. Төрт құбыласы түгел деген автордың өзі бұл тарапты айналып өте алмас еді. Ендігі әдебиет бала кезінде қызық көрмеген, «өмірді бірден азамат боп бастаған», өмірге, оның шаттығына, жылуына ашқарақ кейіпкерлермен берілді. Жарым жан, мүгедек, бейбіт өмірге тәубемен яки қызғанышпен қарайтын майдангерлерсіз шығарма кездестіру қиын. Және бұл кейіпкерлердің көпшілігі өмірге самарқау қарайтын. Жесірлер образы... Бұлар көп жағдайда екі түрде көрініс берді: бірі - ер-азаматқа бергісіз, жетімектерді жетілдіру жолында бар қиындыққа төзген, шейіт болған ерінің орнын суытпай, шаңырағын құлатпай ұстап қалған қайраткер аналар. Екіншісі, осыған қарама-қарсы кейіпте, жастығын қор қылған сұм заманға кеткен есесін қайыру жолында мораль мәселесіне жеңіл қарайтын және соны соншалық ар көрмейтін әйелдер. Сол жесірлердің бауырында есейіп келе жатқан, әкесінің кім екенін сұрай алмайтын шаталар бейнесі... Тағдыр-талайы қатал шешілсе де, көркем әдебиетте сұлбаланды. Әкіреңдеген өкіл, қоқаңдаған бригадир, кісімсінген ауыл совет... Соғыс жылдары және одан соңғы он жылдықта жазылған шығармаларды бұл типтерсіз елестету әсте мүмкін емес. Әбіш Кекілбаевтың «Шеткері үйіндегі» ерін соғысқа, сәбиін балалар үйіне берген жас келіншектің ғұмыр бойғы жалғыздықта өмір сүруі, тіпті, туған баласы азамат болып алдына келгенде де бөтенсінетіні сияқты, кісікиік, жалғызбасты әйелдер немесе М. Мағауиннің «Бір атаның балалары» хикаяты ашып берген соғыс жылдары Қазақстанға әкелінген жат елдің жетімдерінің тағдыры, ер жеткеннен соңғы жай-күйі - соғыс туралы жаңа замандағы тың көзқарастар еді.

Мұның бәрі соғыс әкелген әдеби кейіпкерлер. Ал, соғыстың салдарынан қазақ әдебиетіндегі әкелер бейнесі кенже қалды. Әдебиет әкенің нақты бейнесін емес, оған деген зарықты сағыныш пен түгесілмес мұңды ғана бере алды. Әке образы жетімдер көңіліндегі соғысқа деген жек көрініштің негізгі құралы ретінде ғана бой көрсетіп тұрды.

Бүгін ше? Бүгінгі әдебиет соғыс туралы аз сөйлейді. Тек, ұлттық тұрғыдан келгенде қазақ соғыста жойдасыз көп қырылған, оған себеп, өктем ұлттың майдан даласындағы әділетсіздігі дегеннен өрбіп жатады. Қалай десек те, ҰОС қазақ әдебиетінің ауқымында ең көп қарастырылған тақырып. Көркемдік деңгейі, шындығы туралы айтыла берер. Мүмкін, жаңа бір көзқарастағы шығармалар да туар болашақта. Бірақ, анығы сол, солардың қай-қайсысы да соғыс жылдарына жақын жазылған туындылардан тамыр тартады. Осыны есепке алғанда, Ұлы Жеңіске жету жолында біздің халық жүріп өткен жолдың ақиқатын іздегенде сол бір әдеби мұраларға жүгінетімізге күмән жоқ.

Алмас Нүсіп