Статистика сапалы әрі дұрыс болса, даму бағдары бұрыс болмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Статистика - ел дамуының айнасы. Латын тілінен аударғанда «status» ахуал-жағдай деген мағынаны білдіретін статистикаға көпшілік құр жалпақ сан-айғақ ретінде қарауы да мүмкін. Алайда, статистика - әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен үдерістерді, олардың құрылымын, динамикасын зерттейтін қоғамдық ғылым саласы. Сондықтан да, статистика қоғамның кез келген саласын қамтып отыр, сол үшін мұның елдің дамуындағы рөлі өте зор. Сонымен қатар, «статистиканың құр әшейін статистика үшін» жасалатын заманы да келмеске кетті. Ендеше дәл осы саланың шынайылығы мен сапалылығы мемлекет үшін аса маңызды бола түспек.

Бүгін ҚР Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов Мәжілістегі Үкімет сағатында болып, былтырғы жылды қорытындылап, ағымдағы жылға жоспарын баяндаған болатын. Қарасақ, қазақтың статистика жүйесі жаман емес, әлемдік әдістемелерді сіңіре түскен, соңғы уақытта тіпті тың жетістіктерді де бағындырған. Алайда мәжілісмендердің статистикалық мәліметтерге деген күмәні біршама кемігенімен, әлі де толық жойылмағанға ұқсайды. Агенттік басшысының баяндамасына ден қойғаннан соң, негізгі сауалдар да осы төңіректе болған еді. Сондықтан да, осы статистика саласындағы мәселелерге қатысты Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов қосымша баяндама жасап, озық халықаралық стандарттарға сәйкес статистикалық ақпараттың құрылымын жетілдіруді көлденең тартқан болатын.

«Біріншіден, халық үшін де, депутаттар үшін де экономика саласы мен ел өңірлерінің дамуын талдау, сондай-ақ стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көрсетілген көрсеткіштер мәселесі өзекті болып қала беруде. Белгілі болып отырғандай, бүгінде Қазақстанда ел экономикасын, білім беруді, денсаулық сақтауды, кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, халықты ауыз сумен, тұрғын үймен қамтамасыз етуге және тағы басқаларға бағытталған 3 стратегиялық құжат, 3 стратегия, 2 доктрина, 20 тұжырымдама, 8 мемлекеттік бағдарлама қабылданды.

Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі таңда көрсетілген бағдарламалық құжаттарды іске асыру бойынша ағымдағы статистикалық көрсеткіштерді табу қиын немесе олар мүлдем жоқ. Қазіргі кезде агенттік Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасындағы көрсеткіштер индикаторларына тек қана мониторинг жүргізуде. Бұл ретте, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына осы мониторингті жүргізуге арналған көрсеткіштер бизнес-қоғамдастықтардың мүдделері ескерілместен, мемлекеттік органдармен ғана келісіліп жүргізіледі», - дейді С. Әйімбетов. Бұған қоса, депутат салалардың басқа да статистикалық көрсеткіштері бойынша олардың анықтығына күмән келтірілетінін айтып, «Агенттік пен министрліктің статистикалық көрсеткіштері неліктен әр түрлі?» деген сауалды алға тартады.

Депутат көтерген екінші мәселе, пайдаланушыларды анық және өзекті ақпаратпен қамтамасыз ететін статистика, сондай-ақ статистикалық деректермен тиімді және ыңғайлы жұмыс істеу тәсілі мәселесі. Бұл ретте комитет төрағасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі көрсеткіштерді алға тартады.

«2013 жылғы 11 қазанда Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «статистика елдегі шағын және орта бизнестің өскенін көрсетіп отыр. 2 жыл ішінде жеке кәсіпкерлер саны 21 пайызға өссе де, олардан түсетін салықтық түсімдер бар болғаны 11 пайызға өскен», - деп атап көрсетті. Салықтық түсімдердің өсуі жеке кәсіпкерлер санының өсуіне неліктен сәйкес келмейді деген заңды сұрақ туындайды? Сондықтан да біздің Агенттіктің сайтынан мынадай көрсеткіштерді көргіміз келеді: Кәсіпкерлік сенімділік индексі; Өндірістің өсуін шектейтін (коммерциялық кредиттің жоғары пайызын; білікті жұмысшылардың жетіспейтіндігін; бәсекелесуші импортты қамтитын) факторлар; Өндірістік қуаттылықтарды пайдаланудың орташа деңгейі; Бәсекелестік ортаның жай-күйі. Біздің ойымызша, осыларды пайдалана отырып мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерден қосымша деректерді сұратпай-ақ дербес талдау жүргізуге болады. Сонымен қатар, «Көлік», «Байланыс», «Инновация» сияқты көрсеткіштері бойынша да кемшіліктер орын алған. Онда мынадай статистикалық деректер: қатты жабынды жолдары жоқ ауылдық елді мекендердің саны; халықты телевизиялық радиохабар таратумен қамту; экономикалық қызмет түрлері бойынша технологиялық инновацияларды пайдаланатын шағын және орта кәсіпорындардың үлес салмағы және т.б. болуы тиіс», - дейді Сейітсұлтан Әйімбетов.

Комитет төрағасвы көтерген үшінші мәселе статистикалық есептер нысандарының санын азайту және оларды тапсыру кезінде «он-лайн» режимін пайдалану арқылы респонденттердің жүктемесін азайту. Айта кету керек, бұл бағытта агенттік пен мемлекеттік органдар белгілі бір жұмыстарды жүргізген. Мәселен, Агенттік 2012 жылы 361 статистикалық нысанды қайта қарауды ұсынды. Осы кезеңде Агенттік 7 статистикалық нысанның күшін жойды. Сонымен қатар, респонденттерге ыңғайлы болуы үшін «он-лайн» режимінде Интернет арқылы статистикалық есептерді толтыру енгізілді.

«Статистикалық деректер бойынша 2012 жылы Қазақстанда 49 853 кәсіпорын Интернетті пайдаланған. Алайда, «он-лайн» режимде статистикалық есептерді тапсыру бар болғаны 5%-ды немесе 2 552 кәсіпорынды құраған және ол 2013 жылы тек 15 042-ге дейін өскен немесе - 30 %-ды құрайды. Осыған байланысты, Агенттіктің есептерді «он-лайн» режимде тапсыру үшін Интернетке қолжетімділігі бар кәсіпорындарды жүз пайыз қамту бойынша пәрменді шараларды қабылдауы қажет», - дейді С. Әйімбетов.

Бұдан бөлек, жиын барысында Статистика агенттігінің Кеден одағы мен Дүниежүзілік сауда ұйымы елдерінің статистика органдарымен өзара бірлескен іс-қимылына да баса назар аудару қажеттілігі көтерілді. Бұл ретте Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде статистика саласындағы қажетті құжаттар қабылданып жатқанына назар аударылады. «Өкінішке қарай, Кеден одағы елдерімен өзара сауда жөніндегі статистика деректерінде Кеден одағы шеңберінде айырмашылықтар бар. Осындай жағдай ұсынылатын статистикалық ақпараттың анық еместігін көрсетеді. Бұл бәлкім респонденттер ұсынатын статистикалық есептіліктің әдістемесі мен нысаны әр түрлі болғандықтан шығар. Сонда да, біздің елімізге БҰҰ Статистикалық комиссиясының бірыңғай әдістемелік ұсынымын қолдану (Тауарлардың халықаралық саудасының статистикасы) және кәсіпкерлік субъектілері мен халықты объективті және анық статистикалық ақпаратпен уақтылы қамтамасыз ету үшін сауданы есепке алудың ортақ жүйесін пайдалану саласында Кеден одағының статистика органдарының өзара іс-қимылын жандандыру қажет. Алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге байланысты басқа елдердің статистика органдарымен осыған ұқсас жұмыс жүргізу маңызды», - дейді С. Әйімбетов.

Сөз соңында комитет төрағасы Статистика агенттігі мен мемлекеттік органдардың Қазақстанның жетістіктері мен қазақстандық даму моделін көрсете білу жөнінде кешенді шаралар қабылдауы тиістігін де атап өтеді. «Мұны нақ осы ресми статистика деректерінің негізінде іске асыру қажет. Бұл дыбыс- және бейнероликтерді, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану, ұлттық телевизия арналарындағы бағдарламалар арқылы міндетті түрде көрсету жолымен жүзеге асырылады. Бұған қоса, осы іс-шаралар халықтың статистикалық деректерге деген сенімін күшейтіп, статистика органдарының жұмысын кеңінен таратуға ықпал етеді»,- дейді комитет төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов.