АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа-2023» турнирінде 22 ақпанда қазақстандық төрт спортшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елорда уақытымен 17:00-де басталатын күндізгі сессияда Ерасыл Таңқай (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) сынға түседі.
Айта кетсек, бұған дейін Ерасыл Таңқай пен Ертуған Зейнуллинов алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Ал Нұрқанат Райыс пен Қамшыбек Қоңқабаев алғашқы кездесуін өткізеді.
Енді Ерасыл Таңқай филиппиндік Пол Джулайфер Баскон, Ертуған Зейнуллинов өзбекстандық Мужибилло Турсуновпен кездеседі.
Сондай-ақ, Нұрқанат Райыс австралиялық Доминик Молинаро, Қамшыбек Қоңқабаев нидерландтық Стэн Бертенспен шеберлік байқасады.
Фото:olympic.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.