Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтар туралы жаңа келісімшарт АҚШ Конгресі Сенатының қарауына ратификациялауға енгізілді

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат - Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтарды әрі қарай қысқарту туралы жаңа ресейлік-американдық келісімшарт АҚШ Конгресі Сенатының қарауына ратификациялауға енгізілді.

Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігі Сенаттың сыртқы істер жөніндегі комитетіне сілтеме жасап хабарлап отыр.

Дерек көздің айтуынша, АҚШ вице-президенті Джозеф Байденнің кеңсесі комитетке, Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтар туралы келісімшарт мәтіні мен оның ілеспе құжаттары Сенаттың қарауына жолданғанын хабарлаған. Вице-президент конституция бойынша Конгрестің жоғары палатасының төрағасы болып табылады.

Президенттер Дмитрий Медведев пен Барак Обаманың тұжырымы бойынша, аталмыш келісімнің бекітілу үдерістері ұлттық парламенттерде қатар жүретін болады.