ОРАЛ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Келесі жылы Ресейдегі Татарстан елінің астанасы Қазан қаласында өтетін студенттер арасындағы 4 жылда бір болатын Универсиаданың алғашқы жарыстары басталды. Бұл жолы Қазан қаласында самбо күресінен дүние жүзінің 40 мемлекетінен 200-ден астам спортшы қатысқан жарыста студенттер арасында әлем кубогі сарапқа салынды.
БҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен батысқазақстандықтар жүлделі орындардан көріне білді. Олар: Сырым Мейірманов (57 келі, 2-орын, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 3 курс студенті), Нұрбол Серіков (68 келі, 3-орын, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 2 курс студенті), Айдана Елеусінова ( 64 келі, 3-орын, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы, 3 курс), Аида Садықова (68 келі, 5-орын, М.Өтемісов атындағы БҚМУ, 1 курс). Бас жаттықтырушы - Қазбек Ибрашев.
Жалпыкомандалық есепте Ресей, Қазақстан, Грузия құрамалары жүлделі орындарды бөлісті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).