Биылдан бастап университеттің «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер екінші шет тілі ретінде парсы тілін меңгеруде.
Иран Ислам Республикасының Ақтаудағы бас консулдығы мен Алматы қаласындағы Иран мәдени орталығының қолдау көрсетуімен университетте ашылып отырған бұл кабинет зор мүмкіндіктердің көкжиегін ашпақ.
Аталмыш кабинеттің тұсаукесер рәсіміне Ақтау қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Сейид Алиреза Мортазави және Алматы қаласынан арнайы келген Қазақстандағы Иран Ислам республикасы елшілігінің мәдениет сұрақтары бойынша кеңесшісі Деловар Мохаммадпур қатысып, жаңа кабинеттің ашылуымен құттықтап, тіл үйреніп жатырған студенттерге табыстар тіледі.
Азғана уақыттың ішінде тілді біршама меңгеріп қалған алғыр студенттер өз кезегінде мүдірместен парсы тілінде амандасып, қонақтарды жылы қарсы алды. «Оқу ордасы басшылығының ұсынысын бірден қолдаған консулдық өкілдері кабинетті қажетті құрал-жабдықтармен, бейне аппаратурамен, әдебиетпен, оқу құралдарымен қамтамасыз етті.
Университеттің «халықаралық ынтымақтастық» бөлімінің басшысы Алипа Әубәкірованың айтуынша, әліпбиден бастаған студенттерді болашақта тілді терең меңгеріп, еркін сөйлесе алатын деңгейге жеткізу көзделіп отыр.
Жастарға парсы тілін осы саланың аса білгір маманы Нияз Тобыш үйретуде.
Сейид Алиреза Мортазави мырза «екі елдің ЖОО арасындағы студенттермен алмасу бағдарламасы аясында, тілді жақсы меңгерген ізденімпаз жастарды болашақта Иран еліне оқуға жіберу мүмкіндігінің де бар екендігін» атап өтті.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде ұйымдастырылған көрмеге Иран елінің өкілдері республиканың мәдени мұраларын әкелді.
Маңғыстаудағы белді оқу ордасы - Ш.Есенов атындағы КМТжИУ де өткен халықаралық байланыс күнінің басты мақсаты - таяу және алыс шетелдердің ЖОО-мен байланысты нығайту.
Маңызды шараға Куба Республикасы, Ирак, Иран Ислам Республикасы,Әзірбайжан, Үндістан сияқты елдердің елшілік өкілдері келді. Қазіргі таңда университеттің көптеген студенттері алмасу бағдарламасы бойынша Польшада, Индияда, Қытай мен Германияда оқып жатыр.
Айта кету керек, Иран Ислам Республикасындағы 4 жоғарғы оқу орнымен де өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.