Студенттер ЖИ-ді пайдаланудан оны жасауға көшті - министр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан студенттері түрлі саладағы міндеттерді шешуге арналған өздерінің жасанды интеллект агенттерін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек AI-Sana бағдарламасын іске асыруға арналған іс-шара барысында айтты.

Фото: Kazinform/AI

Министрдің атап өтуінше, бағдарламаның екінші кезеңінде студенттер жасанды интеллект негіздерін меңгеруден нақты шешімдер әзірлеуге көшті.

- Биыл бағдарламаның екінші кезеңі басталды. Оның аясында студенттеріміз жасанды интеллект агенттері деп аталатын жүйелерді тереңірек әзірлеуге үйреніп жатыр. Бүгін сол агенттердің бірқатар үлгісі таныстырылды. Олар ауыл шаруашылығынан бастап білім беру, денсаулық сақтау және өнеркәсіп салаларына дейінгі кең ауқымды қамтиды, – деді Саясат Нұрбек.

Ол бағдарламаның мақсаты адамдарды дайын жасанды интеллект сервистерін пайдалануға ғана үйрету емес екенін атап өтті.

- Көпшілік жасанды интеллектіні кәдімгі Google іздеу жүйесі сияқты немесе түрлі сұраныс жіберу үшін пайдаланады. Ал алгоритмдердің қалай жұмыс істейтінін терең түсіну, ең бастысы – нақты әрі арнайы міндеттерді шешуге арналған өз алгоритмдеріңді үйрету – міне, нағыз қосылған құн осы, – деді министр.

Бұған дейін Президент Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы барысында ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін «Вашингтон моделін» құптайтынын айтқан еді.