XXI ғасырда су адамзат үшін ең маңызды стратегиялық ресурстардың біріне айналып келеді. Егер өткен ғасырда мемлекеттер мұнай мен газ үшін бәсекеге түссе, бүгінде сарапшылар тұщы су қорлары үшін күрес күшейетінін жиі айтады. Бұл мәселе әсіресе Орталық Азия үшін өзекті. Өйткені өңірдегі ірі өзендер бірнеше мемлекеттің аумағы арқылы ағып өтеді және олардың мүдделері әрдайым сәйкес келе бермейді.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, қазірдің өзінде Орталық Азия халқының едәуір бөлігі су тапшылығын сезініп отыр. Ал 2050 жылға қарай су жетіспеушілігіне тап болатын тұрғындар саны айтарлықтай артуы мүмкін. Бұған халық санының өсуі, климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі және су ресурстарының тиімсіз пайдаланылуы әсер етіп отыр.
— Су мәселесі бүгінде экологиялық немесе шаруашылық мәселесі ғана емес. Ол біртіндеп ұлттық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылыққа ықпал ететін маңызды факторға айналып келеді, — дейді сарапшы.
Нұрбек Матжанидің айтуынша, қазіргі жағдайдың қалыптасуына тарихи факторлар да әсер етті. Кеңес Одағы тарағаннан кейін өңірдегі су ресурстарын басқарудың бірыңғай жүйесі тоқтады. Бұрын Қырғызстан мен Тәжікстан су қорын жинақтап отырса, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан оны ауыл шаруашылығы қажетіне пайдаланды. Тәуелсіздік алғаннан кейін әр мемлекет алдымен өз ұлттық мүддесін басшылыққа ала бастады.
Осының нәтижесінде «су мен энергия алмасуы» мәселесі пайда болды.
— Қырғызстан мен Тәжікстан гидроэнергетиканы дамыту үшін қыс мезгілінде су қорын жинап, электр энергиясын өндіруге мүдделі. Ал Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанға жазғы суару маусымында мол су қажет. Бұл қайшылық әлі күнге дейін өңірлік саясаттағы негізгі мәселелердің бірі болып отыр, — дейді Нұрбек Матжани.
Халықаралық ұйымдар да бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп келеді. Халықаралық дағдарыс тобының сарапшылары су ресурстарын тиімді басқару тетіктері қалыптаспаса, болашақта мемлекеттер арасындағы келіспеушіліктер күшеюі мүмкін екенін бірнеше рет айтқан. Соған қарамастан соңғы жылдары өңір елдері бұл мәселеге бұрынғыдан әлдеқайда прагматикалық көзқараспен қарай бастады.
Бұл ретте Қазақстанның орны ерекше. Өйткені еліміздегі жерүсті су ресурстарының едәуір бөлігі көрші мемлекеттерден келеді.
— Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы жерүсті су қорының 40 пайыздан астамы трансшекаралық өзендер арқылы қалыптасады. Сондықтан су дипломатиясы еліміз үшін экологиялық мәселе ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бағыты саналады, — дейді сарапшы.
Қазақстан үшін Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Шу және Талас өзендерінің маңызы зор. Сондықтан осы өзендердің әрқайсысы бойынша көрші мемлекеттермен тұрақты келіссөз жүргізу қажет. Әсіресе Қытаймен Іле және Ертіс өзендері бойынша ынтымақтастықтың мәні ерекше. Себебі бұл өзендердегі су көлемінің өзгеруі Балқаш көлінің экожүйесіне және еліміздің шығыс өңірлерін сумен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар Орталық Азияда су дипломатиясының нәтижелі үлгілері де бар. Соның бірі — Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Шу мен Талас өзендері бойынша қалыптасқан әріптестік.
— Екі мемлекет гидротехникалық нысандарды бірлесіп пайдалану және су ресурстарын әділ бөлу бойынша тиімді тетік қалыптастырды. Көптеген халықаралық сарапшылар бұл тәжірибені өңір үшін үлгі ретінде бағалайды, — дейді Нұрбек Матжани.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық та жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Соңғы жылдары екі ел трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселесінде өзара іс-қимылды күшейтіп, жаңа үйлестіру тетіктерін енгізді.
Сарапшының пікірінше, бұл су саласындағы бәсекеден серіктестікке көшудің белгісі.
Өңір үшін Арал теңізінің тағдыры да ерекше маңызды. Бір кездері әлемдегі ең ірі су айдындарының бірі болған Арал кейін жаһандық экологиялық апаттың символына айналды. Алайда Қазақстан мен халықаралық серіктестердің бірлескен күш-жігерінің арқасында Солтүстік Аралды қалпына келтіру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
— Бұл су дипломатиясының нақты нәтижесінің бірі. Мемлекеттер өзара түсіністік пен ортақ жауапкершілік танытса, күрделі мәселелерді де шешуге болады, — дейді сарапшы.
Алдағы жылдардағы ең үлкен сын-қатер климаттың өзгеруімен байланысты болмақ. Ғалымдардың мәліметінше, Тянь-Шань мен Памир тауларындағы мұздықтардың азаюы өңірдің негізгі су қорына әсер етуі мүмкін.
— Сондықтан бүгінде су дипломатиясы Орталық Азия елдерінің сыртқы саясатындағы негізгі бағыттардың біріне айналып отыр. Елдердің ортақ мәмілеге келе алуы өңірдің экономикалық дамуы мен қауіпсіздігі үшін шешуші мәнге ие, — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, су тапшылығы күшейіп келе жатқан қазіргі кезеңде өңір елдерінің алдында маңызды таңдау тұр.
— Табиғи ресурстар мемлекеттерді бір-біріне қарсы қоюы да, керісінше жақындастыруы да мүмкін. Су — тіршілік көзі ғана емес, мемлекеттер арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың негізі. Сондықтан Орталық Азияның болашағы елдердің су дипломатиясын қаншалықты тиімді жүргізе алатынына байланысты, — дейді Нұрбек Матжани.
Айта кетейік, Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынып отыр.