Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев су құбырларын жаңғырту жұмыстары жөнінде мәлімдеме жасады.
Оның сөзінше, бүгінде сумен жабдықтау және су бұру саласы – коммуналдық шаруашылықтың ең өзекті мәселесінің бірі.Өйткені, инженерлік желілердің тозуы, жиі болатын апаттар, қуаттың жеткіліксіздігі және ескірген технологиялар коммуналдық қызметтердің сапасына кері әсерін тигізіп келеді.
– Қазіргі таңда Ұлттық жобаның платформасында жалпы құны шамамен 330 миллиард теңгелік 105 жоба орналастырылған. Оның ішіндегі 20 жобаның құрылыс жұмыстары басталды, 58 жоба іске асыруға дайын, 2 жобаның тарифті бекіту рәсімі аяқталуда, тағы 25 жоба қаралуда. Сонымен қатар, жалпы сипаттағы трансферттер аясында 209 миллиард теңгеге 516 жобаны қаржыландыру көзделген, – деді министр.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, осы жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 1,9 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желісі жаңғыртылып, олардың тозу деңгейі 43%-ға төмендейді.
Кәріз инфрақұрылымын жаңарту жобалары
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі кәріз-тазарту құрылыстарын жаңарту барысына айрықша тоқталды. Оның сөзінше, еліміздегі кәріз-тазарту құрылыстарының басым бөлігі жарты ғасыр бұрын салынған. Олардың орташа тозу деңгейі 65%-дан асады. Бұл экология мен санитариялық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.
– Ұлттық жоба шеңберінде жалпы құны 800 миллиард теңгеден асатын 45 кәріз-тазарту құрылысын іске асыру көзделген. Оның ішінде 7 жоба халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен, ал 38 жоба түрлі қаржыландыру көздерімен жүзеге асырылады. Соңғы екі жылда 5 жоба аяқталды. Қазір жұмыстар 3 қалада жүргізілуде. Оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Барлық жобалардың іске асырылуы министрліктің тұрақты бақылауында, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Отандық өнімдерге басымдық беріледі
Еліміздегі тозған су құбырлары, кәріз жүйесі т.б. инфрақұрылымды жаңғыртуда Қазақстанда жасалған материалдар пайдаланылады. Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың назарынан бұл мәселе де тыс қалған жоқ.
Оның мәлімдеуінше, ұлттық жобаны іске асыру құрылыс материалдарына, жабдықтар мен қосалқы бөлшектерге айтарлықтай ішкі сұраныс қалыптастырып, отандық өнеркәсіпті дамытуға қосымша серпін береді.
Ұлттық жобаның негізгі міндеттерінің бірі – отандық өнімді дамыту.
Бүгінде отандық өндірушілер Ұлттық жобаның қажеттілігін кең ауқымда қамтамасыз етуге дайын.
Алдағы екі жылда ұлттық жоба аясында құрылыс материалдары мен жабдықтарға шамамен 900 миллиард теңге қажет болады.
– Оның ішінде электрмен жабдықтауға қажеттілік 342 миллиард, жылумен жабдықтауға 232 миллиард, сумен жабдықтауға шамамен 200 миллиард және су бұру жобаларына 177 миллиар теңгеден астам қаржы керек. Қазақстандық тауар өндірушілердің өндіріс қуаты осы қажеттіліктің басым бөлігін, әсіресе кабель-өткізгіш және құбыр өнімдер, темірбетон бұйымдары мен құбыр арматурасын қамтамасыз етуге қабілетті, – деді министр.
Қуаты 7,3 ГВт жаңа генерация көздері іске қосылады
– Ел экономикасының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2029 жылға дейін жалпы сомасы 6,2 трлн теңге болатын жалпы көлемі 7,3 ГВт жаңа генерация көздерін іске қосу, оның ішінде қолданыстағы қуаттарды алмастыруға бағытталған жобалар көзделген, – деді ол.
Осылайша, ұлттық жоба шеңберінде жаңа қуаттардың өсімі 6 484 МВт болса, ал қолда бар қуаттарды алмастыру көлемі қазірдің өзінде 825 МВт-қа жеткен.
Сонымен қатар, биыл ұлттық жоба шеңберінде шамамен 2 418 МВт қуатты іске қосу жоспарланып отыр.
Ал 2027 жылы шамамен 825 МВт жаңа қуат іске қосылмақ. Оның ішінде Жамбыл МАЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газ-турбиналық қондырғыны және «МАЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысын іске қосу жоспарда бар.
– Аталған қуаттарды іске қосу 2027 жылдың басынан бастап экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт/сағ көлемінде профицитін қалыптастырады. Сонымен қатар Ұлттық жоба шеңберінде 2028–2029 жылдары 4 000 МВт-тан астам қуатты іске қосу көзделген, – деді Ерлан Ақкенженов.
Осылайша, 2029 жылы Қазақстанның энергия жүйесінде 20% көлеміндегі қуат резерві қалыптасады. Содан кейінгі жылдарда да тұрақты түрде электр энергиясының профициті, яғни республикаға қажетті деңгейден артық қуат қоры болады деп болжанып отыр. Мұндай жағдай еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Желілерді жаңғыртуға 4 трлн теңге жұмсалады
«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасында жылу және электр желілерін жаңғырту жұмыстары да қарастырылған. Бұл жөнінде де Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Атап айтқанда, 1,6 мың шақырым жылу желісі жаңартылып, оған 1,3 трлн теңге жұмсалмақ. Ал 77,5 мың шақырым электр желісін жаңғыртудың құны 2,7 трлн теңге болмақ.
– Бұл жұмыстар 2029 жылға қарай ел бойынша жылу және электр желілерінің орташа тозу деңгейін тиісінше 52%-дан 42% -ға және 74%-дан 45%-ға төмендетуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Ерлан Ақкенженовтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Энергетика министрлігі ұзындығы 11 561 шақырым электр желілерін жаңғырту және реконструкциялау бойынша сомасы 514,5 млрд теңгелік 246 жобаны іске асыруды қолдады.
Қазір 70,2 млрд теңгенің 61 жобасы құрылыс-монтаждау жұмыстарының әртүрлі сатысында. Ал 269,7 млрд теңгенің 113 жобасы бойынша EPC-мердігерді және техникалық қадағалауды анықтау бойынша сатып алу рәсімдері өтіп жатыр.
– Құны 11,2 млрд теңгелік 1 жобаның тарифі анықталуда. Сонымен қатар, 163,4 млрд теңгенің 71 жобасын іске асыруға министрлік келісті және ол жобалар қараудың 1-ші кезеңінде, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Бектенов Энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғырту жобасы Президенттің бақылауында екенін мәлімдеген еді.