Өңірдегі мұздықтар қайта қалпына келместен еріп жатыр
Біріккен Ұлттан Ұйымының зерттеуіне сәйкес, алдағы жылдары Орталық Азиядағы негізгі бассейндер - Сырдария мен Әмударияның суы 15%-ға дейін азаюы мүмкін. Тиісінше, бұл аймақ елдерінің экономикалық дамуына теріс әсер етеді. Атап айтқанда, су тапшылығынан аймақтың ішкі жалпы өнім көлемі 11%-ға қысқарып, жыл сайын 2 млрд доллар жоғалтуы ықтимал.
- Орталық Азиядағы су тапшылығының келешекте одан әрі күрделене түсетінін барлық тарап жақсы түсініп отыр. Сарапшылардың пікірінше, 2040 жылға қарай өңірдегі кейбір елдерде су ресурстарына деген қажеттілік 3 есе артуы мүмкін. Уақыт өте келе экономикалық шығындар аймақтың ішкі жалпы өнімінің 11 пайызына дейін жетуі ықтимал, - дейді Орталық Азия халықаралық институтының директоры Жавлон Вахабов.
Сарапшылардың пайымынша, су тапшылығына бірінші кезекте жаһандық жылыну мәселесі әсер етіп отыр. Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизациялау инженерлері институтының кафедра меңгерушісі Илхом Бегматовтың сөзінше, ірі климаттық өзгерістерден аймақтағы мұздықтар тез еріп жатыр.
- Бірінші кезекте бұған жоғары ауа температурасы теріс әсер етіп жатыр. Кейінгі 100 жылда климат +1,5С° өзгерді. Бұл адамзат үшін қауіпті меже емес. Дегенмен ол мұздықтардың еруіне, су ресурстарының кемуіне, жауын-шашын түсімінің азаюына алып келіп жатыр. Сәйесінше, тұрақты негізде өнімін алу үшін бүкіл Орталық Азия аймағында жасанды жолмен суару әдістерін енгізу қажеттілігі туындады. Мәселен, бүгінде Өзбекстанда 4,3 млн гектар суармалы алқап бар. Ал біздің ел жылына 51-53 млрд текше метр су пайдаланады. Осы көлемнің шамамен 91%-ы ауыл шаруашылығы саласына бағытталады, - деді Илхом Бегматов.
Мәселен, кейінгі бірнеше жылда өңірдегі мұздықтардың шамамен 30% еріп кетті. Орталық Азиядағы мұздықтардың 45% Қырғызстан аумағында орналасқан. Жаһандық жылыну салдарынан олар тез еріп, осы елдің облыстарында сел жүру қауіпін үдете түсті.
Өзбекстандағы «Сушы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тахир Маджитов атап өткендей, қазіргі уақытта Орталық Азиядағы мұздықтар қайта қалпына келместен еріп жатыр. Олар бұрын табиғи жолмен қайта толып отыратын, дегенмен кейінгі 10 жылда бұл теңгерім бұзылды.
- Германиядағы су ресурстары және жер мәселелері жөніндегі жоғары оқу орындарын тәмамдаған өзбекстандық мамандардың зерттеуіне сәйкес, Орталық Азиядағы ең үлкен «Федченко» мұздығының 40%-ға жуығы еріп кетті. Мәселен, «Федченко» 1990 жылдан 2005 жылға дейін 50 метрге төмендеді. Оның ұзындығы - 77, ені - 2,4, тереңдігі 1 шақырымға жетеді. Сонымен қатар Қырғызстан аумағындағы мұздықтардың да 30%-дан астамы еріп кетті. Бұрын олар суға айналса, оның орны толып отыратын. Қазіргі уақытта мұздықтар қайта қалпына келместен еріп жатыр, - деп пікір білдірді Тахир Маджитов.
Осыған байланысты аймақ мемлекеттері 2030 жылға қарай ауыз судың айтарлықтай тапшылығын сезінуі мүмкін. Өзбекстан Су шаруашылығы министрлігіне қарасты Ирригация және су мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Андрей Петров болжамына сай, мәселе жылдам күрделеніп кетуі ықтимал.
- Барлығымыз білетіндей, біздің өңірде мұздықтардың тез еруіне байланысты су жыл сайын азайып барады. 2030 жылға қарай аймақ елдері ауыз судың айтарлықтай тапшылығын сезінуі мүмкін. Сондықтан ортақ ұстанымдарды тағы бір саралап, мәселенің теріс әсерін барынша азайту бойынша күш-жігерлерді үйлестіру қажет, - дейді Андрей Петров.
Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жобаларын іске асыру агенттігінің басшысы Вадим Соколовтың бағалауынша, климаттың өзгеруі бұрынғыдан да ауқымды зардаптарға алып келуі мүмкін.
- Біз соңғы рет осындай жағдаймен 2000-2001 жылдары бетпе-бет келгенбіз. Ол кезеңде мемлекеттерге ірі көлемде залал келді. Әсіресе, ауыл шаруашылғы саласына ауыр соққы болды. Бүгінде өзбек тарапы 80-85% суды осы мақсаттарға бағыттайды. Бізде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да мәселе бар. Өзбекстанның көп аймағында жер асты суларының қоры аз. Сондықтан жер үсті суларын пайдаланады. Мәселен, Қарақалпақстан және Хорезм облысы ішер судың 80%-дан астамын жер үсті көздерінен алады, - дейді сарапшы.
Осыған байланысты Орталық Азия елдері бүгінде өздерінің су шаруашылығы саласындағы тұжырымдамалары мен кодекстеріне тиісті өзгеріс енгізіп жатыр.
- 2025 жылы Орталық Азиядағы 5 елдің төртеуі жаңа Су кодекстерін қабылдады. Былтыр 24 қазанда күшіне енген Өзбекстанның Су кодексінде біз ұлттық мүддеге сай басым бағыттарды айқындадық. Мәселен, 52-ші бап нақтыланып, онда бірінші кезекте су халық денсаулығы үшін бағытталуы тиіс екені көрсетілді. Бұрын алғашқы орында экология мәселесі болса, ол енді екінші басымдыққа айналды, - деп пікір қосты Вадим Соколов.
Тахир Маджитовтің пайымы да осы болжамға ұқсас. Оның айтуынша, 1991 жылы Орталық Азияда 6 млн гектарға жуық суармалы жер болса, 2024 жылы олардың көлемі 10 млн гектардан асты. Егер 1991 жылы аймақта 45 миллионнан астам халық тұрса, бүгінде олардың саны 85 миллионнан асты.
Су шаруашылығы саласындағы Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығы
Қазақстан мен Өзбекстан бүгінде су шаруашылығы саласында өзара тиімді ынтымақтасып келеді. Атап айтқанда, қос мемлекет осы уақытқа дейін аймақта қалыптасқан платформалар және екіжақты байланыстар аясында іс-қимылдарды жүйелі жолға қойды. Мәселен, ресми Астана мен Ташкент Халықаралық Аралды құтқару қоры, Орталық Азия су-энергетика министрлерінің консультативтік отырысы және Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы желісімен ықпалдастықты жалғастыруда.
Сарапшылар атап өткендей, осы кезге дейін қалыптасқан екі ел арасындағы қарым-қатынас ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Қазақстан мен Өзбекстанның су шаруашылғы министрлері де осындай пайымда.
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бүгінгі қарым-қатынас мені қуантады. Кейінгі жылдары екі ел арасында су шаруашылығы саласында ынтымақтастық нығайып келеді, нәтижелер жетерлік. Бұл өзге мемлекеттерге үлгі болуы тиіс. Біз бір-бірімізді бір ауыз сөзден түсінетін деңгейге жеттік. Нақты есеп пен ортақ болжамдар бар. Атап айтқанда, қай арна арқылы қанша су алатынымыз, қанша көлемде су беретініміздің барлығы толық келісілген, - дейді Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев.
Министрдің айтуынша, су дипломатиясы қандай да бір елдің ұлттық мүддесіне кереғар келмеуі тиіс. Шавкат Хамраевтың пайымы келешекте қабылдануы ықтимал шешімдер барлық тараптың дамуы мен өркендеуі жолында қызмет етуі керек дегенге саяды.
- Біз алдағы уақытта трансшекаралық өзендердің бойына салынатын гидротехникалық нысандардың баршаға пайда әкелуі тиіс екенін ескеруіміз қажет. Осы орайда Қазақстан мен Өзбекстан ақылдаса отырып әрекет етіп келеді, - деп жауап берді Ш. Хамраев Kazinform тілшісінің сауалына.
Ведомство басшысы мәлім еткендей, ресми Ташкент су ресурстарын басқару және оны тиімді пайдалану саласында Астанамен ынтымақтастықты ілгерілетуге ниетті.
Қазақстан да өз тарапынан су шаруашылығы саласындағы ұлттық саясатты үнемі жетілдіріп келеді. Таяуда Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісіне сұхбат берген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған еді.
- Елімізде жаңа Су кодексі қабылданды. Құжатта су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдері қамтылған. Сондай-ақ, онда суды үнемдеу мәселелеріне ерекше назар аударылған. Біз суды ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұрмыстық секторда тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыруды басым міндет ретінде қарастырамыз, - деді министр.
Ведомство басшысы атап өткендей, алқаптарға заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу жұмысы белсенді жүріп жатыр. Бекітілген кешенді жоспар аясында 14,5 мың шақырым ирригациялық жүйеге жөндеу жүргізілуде. Оның нәтижесінде суды 20%-ға үнемдеуге мүмкіндік туады.
- 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға дейінгі суармалы жерлерді осындай технологиялармен қамту жоспарланып отыр. Қазақстанның Су кодексінде 2030 жылға қарай тиісті сүзгіден өткен суды қайта пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылған, - деп жауап берді Нұржан Нұржігітов.
Бұл бағытта Өзбекстанда да ауқымды істер атқарылып жатыр. Алдағы 3 жылда ресми Ташкент ауыл шаруашылығы жерлерінің 80 пайызын су үнемдеу технологияларымен қамтуға ниетті. Халықаралық Аралды құтқару қорының Өзбекстандағы жобаларын іске асыру агенттігінің басшысы Вадим Соколовтың мәліметінше, енді аймақтағы су көлемі көбеймейді, ол жылдан жылға кеміп барады. Сондықтан оны ысырап етпей пайдалану маңызды.
- Өзбекстанда су үнемдеу технологияларын енгізу жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Осының нәтижесінде біз 5 жыл ішінде 10 млрд текше метрге аз су алатын болдық, яғни, бұл жалпы көлемнің 25 пайызына тең. Өзбекстанда 4,3 млн гектар суармалы жер бар. Бүгінде оның 2,6 млн гектары осы технологиялармен қамтылды. Президент жақында су секторының 2028 жылға дейінгі стратегиясын бекітті. Оған сай, алдағы 3 жылда олардың көлемін 3,5 млн гектарға дейін жеткізу қажет. Осылайша, Өзбекстандағы жалпы суармалы жерлердің 80%-ы үш жылдан кейін су үнемдеу технологияларымен қамтылады, - деді Вадим Соколов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, жыл сайын Орталық Азиядағы су көздері тартылып, басты өзендердің ағысы азайды. Сондықтан барлық мүдделі мемлекеттермен бірлесе әрекет етіп, іс-қимылдарды жүйелеу маңызды.
- Аймақтағы су көлемі көбеймейді, ол жылдан жылға кеміп барады. Осыған байланысты өңір елдері ортақ жоспар қабылдап, бұл бағыттағы іс-қимылдарды үйлестіруі керек. Бір-бірімізге техникалық қолдау көрсетіп, жобаларды өзара ақылдаса отырып іске асыру орынды. Бүгінгі күнде бізде бұдан басқа жол жоқ, - деп тоқталды сарапшы.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейнінде бірнеше бірлескен жобаны іске асырып жатыр. Соның бірі – аталған өзен бойына суды есепке алатын құрылғыларды орнату.
- Бүгінде біз өзбекстандық әріптестерімізбен бірге Сырдария өзенінің суын есепке алу жүйесін автоматтандыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте 10 негізгі учаске іріктеліп алынды. Оның бесеуі Қазақстан аумағында болса, қалғаны Өзбекстанда орналасқан. Белгіленген аймақтарға заманауи автоматтандырылған есепке алу және мониторинг жүйелерін енгізу жоспарланған, - деді министр Нұржан Нұржігітов.
Аталған жұмыстар институционалдық деңгейде бекітілген. Яғни, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында тиісті келісімге қол қойылды.
- Құжат онлайн режимде деректермен алмасу жүйесін құруды, сондай-ақ мемлекетаралық маңызы бар су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуды, трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқаруды көздейді. Бұл шараларды іске асыру су ресурстарын басқарудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бірінші кезеңдегі жобаларды жүзеге асыра отырып, алдағы уақытта Сырдария өзенінің өзге де учаскелерін автоматтандыруға кірісеміз. Сондай-ақ, ортақ бассейндерді ескере отырып, Орталық Азияның басқа мемлекеттерін осы жұмысқа кезең-кезеңімен тарту жоспарланған, - дейді Нұржан Нұржігітов.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан суды ынтымақтастық құру ресурсы ретінде қарастыру қажет екенін жақсы түсініп отыр. Бұл мәселе бірлескен шешімдерді талап етеді. Бұл ретте Қазақстанның Халықаралық су-энергетика консорциумын құру бастамасы осы ынтымақтастықты ілгерілету жолындағы маңызды қадам саналады.
- Су мен энергетика бір-бірімен тығыз байланысты, екеуін бөлек қарастыруға болмайды. Сонымен қатар суды үнемдеу мәселесін тиімді шешу қажет. Яғни, су көлемінің қысқаруы экономика секторларына теріс әсер етпеуі керек. Бұл мәселе дамуға кедергі болмауы тиіс, - деді өзбекстандық сарапшы Тахир Маджитов.
Сарапшылар Еуропа елдерінде бар инновациялық шешімдерді Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстанға бейімдеу қажеттігін баса айтты. Қазіргі уақытта Германияның GIZ компаниясы жерасты суларын зерттеп, мониторинг жүргізіп, талдау жасайтын ақпараттық жүйені ұсынып отыр. Ол бұрыннан тиімді жұмыс істеп келе жатқан жүйе.
Мәселені шешуге бағытталған қадамдар
Тахир Маджитовтың пайымынша, Орталық Азия елдері суды тиімді пайдаланса, қазірдің өзінде суармалы жерлердің көлемін 2-3 млн гектарға дейін ұлғайтып, 100 миллион халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Ол үшін өңірдегі ынтымақтастықты нығайтып, су дипломатиясын дамытуды орынды.
- Суды әділ бөлу, оны тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік немесе қауымдастық керек. Осы орайда, біз Арал комитетін құруды ұсынамыз. Тиісінше, оның жұмысы су шаруашылығы саласындағы басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Бұл комитетті құру үшін бірнеше жыл керек. Аталған жобаға барлық Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделі болғаны қажет, - деген ұсыныс айтты Өзбекстандағы «Сушы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тахир Маджитов.
Орталық Азия халықаралық институтының директоры Жавлон Вахабовтың сөзінше, қазіргі сын-қатерлер мен тәуекелдер елдерді біріктіретін маңызды құралға айналуы тиіс. Сәйкесінше, Халықаралық Аралды құтқару қоры шеңберінде күш жұмылдыру маңызды.
- Орталық Азия елдері әлі де Халықаралық Аралды құтқару қорының бірыңғай өңірлік алаң ретіндегі рөлін әлсірететін және оның үйлестіруші орган ретіндегі әлеуетін шектейтін бірқатар кедергілерге тап болып отыр. Негізгі тәуекелдердің бірі - су шаруашылығы мен энергетика саласы арасындағы өзара байланыстың күшеюі, климаттың тез өзгеруі және оның су ресурстарына әсері. Әсіресе, тіршілік нәріне энергетика мен ауыл шаруашылығы секорлары айтарлықтай тәуелді, - деп тоқталды Ж.Вахабов.
Осы ретте су шаруашылығы саласы мамандарын даярлауға екпін түсіру маңызды. Сонымен қатар кадрлардың әлеуетін көтеру мақсатында өзара тәжірибе алмасу тетіктерін дамыту қажет.
Қорытындылай келе, сарапшылар су тапшылығының теріс салдарын болдырмау және оның ірі шығынға ұласпауы үшін бірлескен күш-жігер қажет деген тоқтамға келді. Ол үшін Орталық Азия елдері жеке қызығушылықтан ортақ мүддеге ойысуы керек.