Су тасқыны автожолдарға шамамен 2,6 млрд теңгенің залалын тигізді - «ҚазАвтоЖол»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде орын алған су тасқыны автожолдарға шамамен 2,6 млрд теңгенің шығынын келтірді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, күннің күрт жылыну салдарынан туындаған су тасқыны бірқатар өңірлердегі жолдарды қиындық тудырған. Мәселен, республикалық деңгейдегі жолдарды су басып қалудың 90 оқиғасы тіркелді. Соның ішінде Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жолдарды су шайған.

«Бүгінгі күні 10 жол учаскесінде жол төсемдері мен өткелдер, көпірлер мен құбырлар бұзылып, 50 учаскеде жол жиегін толығымен су шайып кетті. Шығыс Қазақстандағы екі, Павлодар облысындағы бір көпір толығымен қирады. Өкінішке қарай, жаңа ғана Шығыс Қазақстан облысында Зыряновск қаласы маңындағы Өскемен-Зыряновск жолының бүлініп, көпірді су шайып кеткені туралы ақпарат алып отырмыз», - деді Е.Қизатов.

Оның айтуынша, су тасқынының салдарын жою үшін арнайы штабтар құрылған. Барлық дерлік жолдарда қозғалыс жандандырылса, тек екі учаскеде екі көпірдің бүлінуі салдарынан жол жабылған. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

«Су тасқынының автожолдар мен құрылыстарға келтірілген залалы шамамен 2,6 млрд теңгені құрайды. Жалпы, бүлінген 23 жол учаскесін, 3 көпір мен 7 су өткізу құбырларын қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен қаражат бөлінеді», - деді ол.