Су тасқыны өзен арналарының тасуынан емес, күннің күрт жылынуы салдарынан болып отыр - В. Божко

АСТАНА. 21 мамыр. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары елімізде орын алған  су тасқындарының басым бөлігі өзен арналарының тасуынан емес, күннің күрт жылынуынан болатын қар ерулері мен нөсерлер салдарынан орын алып отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко осылай мәлім етті.

«Мәселен, сәуір айының басында Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында су тасқынының зор қаупі  туындаған болатын. Министрлік осы өңірге жедел әрекет ету мақсатында 340 құтқарушы бөлімшелерін, 70 техниканы, жүзу құралдарының 44 бірлігін жіберді. Олардың күшімен 4,5 шақырымнан астам қорғау бөгеттері нығайтылды, 30 өзен мен 9 су қоймасы зерттелді. 1437 жарылыс өткізіліп, 39 елді мекенге халыққа қауіп туралы хабарлар ұйымдастырылды. Арналарға құм салынған 6 мыңнан астам қап қойылып,  2,5 шақырым су жіберу арықтары тазартылды», - дейді министр.

Ал ақпан айындағы Оңтүстік Қазақстан облысында су басу аймақтарынан 3305 адам көшірілді. Аталған өңірде төтенше жағдайлар салдарын жоюға 5051 адам және 1687 техника, 348 кіші механизация құралдары жұмылдырылды.

«Жалпы орын алған су тасқындары оқиғаларына орай, елдің және облыстардың бюджетінен қалпына келтіру жұмыстарына 34 млрд. теңге, облыс әкімдіктерінен 3 млрд. теңгеден, ұлттық компаниялардан - 5,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Республика бойынша барлығы 1766 жаңа үй мен пәтер салынды. 1674 үй жөнделіп, осы мақсатқа 855 млн. теңге берілді», - дейді В. Божко.