«Елімізде 17 мыңнан астам өзен мен уақытша су ағындары, 4 мың көл, 4,5 мың жер асты су кен орындары, 13 мыңнан астам су шаруашылығы нысаны бар. Су шаруашылығы нысандары жалпы санының 6 501-і – республикалық меншікте, 6 296-сі - коммуналдық меншікте, 528-і - жеке меншікте және 31-і - иесіз. Жалпы алғанда еліміздегі жыл сайын пайдалынылатын су ресурстарының 65 пайызына жуығы ауыл шаруашылығы қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қолданылады. Ауыл шаруашылығындағы инфрақұрылымдардың тозығы жеткендіктен оларды дамыту өзекті мәселе болып отыр. Жыл сайын осы инфроқұрылымдардың тозығы жетуінен суармалы егіншіліктің өзінде шамамен 2 текше шақырымнан аса су жеткізу кезінде шығын болады», - деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, аталған шығындардың көлемін азайту мақсатында министрлік тарапынан Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында нысандарды реконструкциялау және арналардың пайдалы әсер коэффицентін ұлғайту мақсатында жұмыс істеліп жатыр.
«Сонымен қатар еліміздегі инфрақұрылымдардың жетілмеуі себебінен де үстіміздегі жылы болған су тасқыны кезеңі қиын жағдайда өткені өздеріңізге мәлім. Сондықтан министрлік тарапынан жаңа су шаруашылығы нысандарын қарқынды салу мен барларын жөндеуге басымдық беріледі. Су тасқыны кезеңінде көп судың келуіне байланысты Ақтөбе, СҚО, Қостанай, Амола, БҚО, Атырау өңірлерінде аса шиеленісті болды. Оған қоса көрші Ресей және Қытай елдеріндегі ірі су бөгеттерінің жарылуы елімізге трансшекаралық өзендер арқылы келетін су ресурстарын барынша қауіпсіз өткізу мақсаты туындады», - деді Ерболат Ибрайханов.