Министрдің айтуынша, Қазақстанда қазіргі жағдайда суарудың заманауи әдістерін пайдалану және агротехнологияларды сақтау арқылы жоғары өнім алуға болады. Мәселен, кейбір шаруашылықтарда сүрлемдік жүгерінің өнімділігі гектарына төрт жүз центнерге дейін өндірілген. Ал еліміз бойынша жүгері өнімділігінің орташа деңгейі гектарына 113 центнерден келген еді.
«Суармалы жер - Қазақстан ауыл шаруашылығының алтын қоры. Сондықтан да, бүгінгі күні саладағы аса өзекті мәселенің бірі суармалы жерлердің мелиоративтік жүйесін сауықтыру болып табылады», - дейді министр.
Оның айтуынша, Қазақстандағы су ресурстарының ауқымы 100 текше/ шақырымнан астам суды құрайды. Соның ішінде 56 пайызға жуығы немесе 56,6 текше/шақырым Қазақстан аумағының өз ішінде қалыптасатын болса, қалған 44 пайызы ел аумағынан тыс жерлерден келеді. «Бұл ретте судың барлық ауқымының пайдалануға қалатыны 42 пайызды немесе 42,6 текше/шақырымды құрайды. Осыған орай, жыл сайын елдегі судың жағдайына, су нысандарының санитарлық жағдайына қарай оны тұтыну лимиті белгіленіп келеді. Мәселен, экономика салаларындағы суды пайдалану бойынша лимит 2012 жылы 26,7 текше/шақырымды құрады. Бұның 18,4 текше/шақырымы нақты іс жүзінде пайдаланылды. Ал суды пайдаланудың басым бөлігі, немесе аталған көрсеткіштің 60 пайызы ауыл шаруашылығы саласында тұтынылады», дейді А. Мамытбеков.