Депутаттың айтуынша, 2011 жылғы республикалық бюджеттен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға (жерді тегістеу, терең қопсыту, каналдар мен кәріздері тазартуға) арналған ілкі жоба қабылданып, бұған орай Оңтүстік Қазақстан облысына 1,8 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Осы ілкі жобаның нәтижесі бойынша аталған жұмыстарды жүргізу үшін 2012 жылдан бастап республиканың басқа да суармалы өңірлерін субсидиямен қамту ойластырылған болатын. «Бөлінген қаржыны тиімді игеру мақсатында 2011 жылдың 9 наурызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы қабылданды. Алайда, Үкімет қаулысымен бекітілген қағидада суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жұмыстары техника пайдалану арқылы және жыл он екі ай бойы жүргізе беруге болатыны ескерілместен, суару жүйелерін арам-шөптерден және лайдан қолмен тазартылады, суармалы жерлердегі мелиоративтік жұмыстар 25 сәуірден кешіктірмей жүзеге асырылады деп көрсетілген. Бұл, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жұмыстарын бастамай жатып, тоқтатуға әкеліп отыр. Бір жылға бөлінген қаржыны 25 сәуірге дейін, бір жарым ай көлемінде игеру мүмкін де емес еді», - дейді Қ. Айтаханов. Оның айтуынша, биыл бөлінген 1,8 млрд. теңге субсидияның толық игерілмей қалу қауіпі туындап, бюджетті пысықтауда оның көлемі 491 млн. теңгеге азайтылған. Ал, 2012 жылға арналған республикалық бюджетте суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға субсидия мүлдем қарастырылмаған.
«Жалпы жоғарыда аталған мәселенің толық шешілуі, елімізді суармалы жерлерде өсетін азық-түлік өнімдерімен, атап айтқанда: қант, өсімдік майы, көкөніс, күріш, жемістер мен жүзім және мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті жоғары белокты жемшөп дақылдарымен қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізген болатын еді. Сондықтан, республикадағы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға 2012 жылға арналған республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге қаржы бөлдіруге ықпал етуіңізді сұраймын», - деді Қ. Айтаханов.