«Бүгінде фермерлер банктен несие ала алмай жүреді. Банктер болса, ауылға барғысы келмейді, кепілдік сұрайды, ауылдағы жерді де, фермердің саман үйін де кепілзатқа алмайды. Міне, осы мәселені шешу үшін субсидияландырудан сақтандыру жүйесіне көшу керек. Ондай тәжірибе дамыған мемлекеттерде кеңінен тараған. Барлығы сақтандыруға отырады да, сақтандырудың өзі кепілзат сияқты жүреді. Банк те ақша беруге қорықпайды. Өйткені ауа-райының қолайсыздығынан өнім дұрыс шықпай қалса да, несиені сақтандырудың есебінен қайтарып алуға мүмкіндік бар. Сондықтан фермерлер үшін сақтандыру жүйесінің болғаны тиімді. Қазіргі кезде шаруалардың өздері де субсидиялардың орнына жеңілдетілген несиенің болғаны артық деп отыр. Соның арқасында олар ақшаны алып, үш-төрт айдың ішінде өнім өсіріп, алған несиелерін қайтара алады», - деді Нұржан Әлтаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның айтуынша, бүгінде субсидияға қарап отырған кейбір пысықай кәсіпкерлердің түк істемей, мемлекеттен қыруар қаржы алып отыр. Ал субсидия бөлінетін жерде өнім егіле ме, жоқ па, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. «Олар әрбір гектарына субсидия алып отырады. Өнімді егіп жатыр ма, екпей жатыр ма, сол өнімнің сапасы бар ма, жоқ па, шетіне еге салуы да мүмкін. Оған мемлекеттен қыруар қаржы алады. Содан үй салып, джип мініп алады. Ал мемлекет беріп жатқан ақшаның тиімділігі қайда? Тәуелсіздік алғалы бері сол субсидияларды беріп жатыр. Алайда отандық ауыл шаруашылығы дамымай келеді», - деп атап көрсетті «Атамекен» басшысының орынбасары.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы xалыққа арнаған биылғы Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыруды тапсырды. «Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз xалықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз», - деді Президент. Осы орайда «субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу» міндеті алғашқы тапсырмалардың бірі ретінде белгіленген. Бұған дейін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың ауыл шаруашылығы саласындағы кооперацияның тиімділігін бір ғана мысалмен дәлелдеп берген болатын.