Ауыл шаруашылығы экс-министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ондай тәжірибе дамыған мемлекеттерде кеңінен тараған. Бізге ондай жүйеге көшу әлі ерте. «Бүгінде әлемде аграрлық саланың бағыттары өзгеріп жатыр. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін мемлекеттік қолдауды біртіндеп азайтуымыз қажет. Иә, субсидияларды азайтып, бәсекеге қабілетті болудың басқа жолдарын іздеу керек. Дегенмен, бізге алдымен ғылымды дамыту қажет. Оны іске асыра алсақ, өнімнің саны мен сапасы көтеріледі. Сонда фермерлер сақтандыру шараларына да көше алады», - дейді Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қазіргі ректоры Ақылбек Күрішбаев. Оның ойынша, Қазақстанның бүгінгі құбылмалы ауа-райын ескерсек, субсидияны мүлдем алып тастауға болмайды. Ал сақтандыруға көшетін болсақ, алдымен аграрлық ғылымды барынша дамытып алғанымыз жөн.
Осы орайда университет басшысы Австралияны мысал ретінде келтіріп отыр. Ол жақта жауын-шашын аз болса да, бидайдың көлемі де, сапасы да Қазақстаннан екі есеге артық. Өйткені үкімет ауыл шаруашылығы ғылымына ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстанда рекордтық астық жиналғанмен бидайдың сапасы үшінші сұрыпқа да жетпей жатады. «Бізде аграрлық ғылымның деңгейі түсіп кетті, өте қатты түсіп кетті. Себебі бидайдың жаңа сұрыптарын, соның ішінде ерте пісетін сұрыптарды шығармаймыз. Оны шығаратын технологиялар да тапшы. Тағы бір мысал келтірейін, Голландия деген мемлекет біздегі Алматы облысының бестен бір бөлігімен бірдей болса да, жыл сайын 50 млрд. АҚШ долларына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Ал Қазақстан осы салада небәрі 3 млрд. теңгенің тауарларын шетелге сатып отыр», - деп атап көрсетті Ақылбек Қажығұлұлы.
Оның айтуынша, бүгінде ғалымдардың жаңа формациясын даярлау қажет. Себебі бұрынғы әдіс-тәсілдер ескірген. Ал технологиялар трансферті жағынан қиындық жоқ. Бүгінде елдің дамуына, соның ішінде ауыл шаруашалығын нығайтуға қажетті ғылыми жаңалықтардың барлығы бар. Енді, оны Қазақстанға жеткізуді дұрыс ұйымдастыра білу керек.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да ауыл шаруашылығы саласында субсидияландырудан сақтандыру жүйесіне көшудің тиімділігін жақсы түсініп отыр. «Бүгінде фермерлер банктен несие ала алмай жүреді. Банктер болса, ауылға барғысы келмейді, кепілдік сұрайды, ауылдағы жерді де, фермердің саман үйін де кепілзатқа алмайды. Міне, осы мәселені шешу үшін субсидияландырудан сақтандыру жүйесіне көшу керек. Ондай тәжірибе дамыған мемлекттерде кеңінен тараған. Барлығы сақтандыруға отырады да, сақтандырудың өзі кепілзат сияқты жүреді. Банк те ақша беруге қорықпайды. Өйткені ауа-райының қолайсыздығынан өнім дұрыс шықпай қалса да, несиені сақтандырудың есебінен қайтарып алуға мүмкіндік бар. Сондықтан фермерлер үшін сақтандыру жүйесінің болғаны тиімді. Қазіргі кезде шаруалардың өздері де субсидиялардың орнына жеңілдетілген несиенің болғаны артық деп отыр. Соның арқасында олар ақшаны алып, үш-төрт айдың ішінде өнім өсіріп, алған несиелерін қысқа уақыттың ішінде қайтара алады», - дейді «Атамекен»ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде субсидияға қарап отырған кейбір пысықай кәсіпкерлер түк істемей, мемлекеттен қыруар қаржы алып отыр. Ал субсидия бөлінетін жерде өнім егіле ме, жоқ па, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. «Олар әрбір гектарына субсидия алып отырады. Өнімді егіп жатыр ма, екпей жатыр ма, сол өнімнің сапасы бар ма, жоқ па, шетіне еге салуы да мүмкін. Оған мемлекеттен қыруар қаржы алады. Содан үй салып, джип мініп алады. Ал мемлекет беріп жатқан ақшаның тиімділігі қайда? Тәуелсіздік алғалы бері сол субсидиялар беріліп жатыр. Алайда отандық ауыл шаруашылығы әлі күнге дейін дамымай келеді», - дейді Нұржан Бауыржанұлы.
Шыны керек, егемендік алғалы бері ел бюджетінен агроөнеркәсіп саласына қыруар қаржы құйылып келеді. Әсіресе, мемлекеттік субсидиялардың тиімділігі, ол ақшаның нақты нәтижесі әлі күнге дейін көрінбейді. Иә, ол ақша қолға кеш тиетін шығар. Қазіргі бюджеттік заңнаманың солқылдақтығынан кәсіпкерлер субсидияны жылдың аяғында алатын болар. Дегенмен, мемлекеттік көмектің бұл түрі жергілікті жердегі атқамінерлердің «астауына» айналғаны жасырын емес. Ол жайында Президент те ашық айтқан. Соның салдарынан отандық агроөнеркәсіп саласын экономиканың басты драйверіне айналдырамыз деген ниетіміз сиырқұмшақтанып, іс жүзінде аспай келеді.