«Субсидияға мелдектеген салада неге шығын көп?»- баcпасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 24 қыркүйек, сәрcенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымында «Тапсырмалар тиянақталды» деген мақала жарияланды. Кеше Үкіметтің кезекті отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысындағы бірқатар мәселелер қаралды. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.Үкімет отырысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатына Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев және Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев қатысты.Үкімет отырысында Елбасының тапсырмасымен әзірленген «Білім беру мәселелері бойынша Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл жөнінде Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев хабарлады. Аталған заң жобасы Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050 Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленген, деді ол. Бұл заң жобасы бойынша, мектепте бір сыныпта әртүрлі жастағы балалардың оқуын болдырмау мақсатында қатаң түрде 6 жастан бастап мектепке қабылдау ұсынылған. Сондай-ақ, 2016 жылдан бастап бастауыш, негізгі және бейінді мектептерден кейінгі ұлттық тестілеу енгізіледі. Яғни тестілеу бастауыш мектепте - оқушылардың оқудағы жетістіктерін анықтау мақсатында, негізгі мектепте яғни, 10-сыныптан кейін - оқушылардың бағытын айқындау мақсатында, ал бейіндік мектепте - алынған білім мен дағдының деңгейін бағалау мақсатында жүзеге аспақ. Сонымен қатар, бұл заң жобасында түлектерге техникалық және кәсіптік тегін білім беру жағы да қарастырылған.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, бір отбасында жоғалып кеткен Гүлнұр есімді қыздың тоғыз айдан бері қайда жүргенін ешкім де білмеген. Тіпті оның шырылдап жылағанын естігендер де дер кезінде көмектеспеген. Бірде үйден қашып шыққан қызды жолықтырған ауыл тұрғыны полицияға хабар бермегенде, бүлдіршіннің тағдыры не боларын ешкім білмейтін еді. Бұл оқиға Алматы облысының ықшамауданында тіркелген. Мекенжайға келген полиция қызметкерлері, аудандық білім бөлімінің мамандары отын-су жинайтын қорадағы темір төсек пен ескі жамылғыны көргенде Гүлнұрдың «мен көмір қорада ұйықтаймын» деген сөзіне амалсыз сенген. Денесінде соққының іздері бар қызға сот-медициналық сараптама тағайындалып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі Гүлнар Мағзұмованың айтуынша, кәмелетке толмаған қызды тоғыз ай заңсыз ұстап келген үй иесі Гүлнұрды «Алматыдағы базарлардың бірінен тауып алдым» деп ақталған.

Бұл - бір ғана оқиға. Ал еліміз бойынша жоғалғандардың тізімі ұзап барады. Айталық, Ақмола облысында адам саудасы бұрынғыдан да өршіген. Облыстық прокуратураның мәліметі бойынша, биылғы жарты жылда жергілікті сот орындары 7 адамға қатысты осы санаттағы 5 қылмыстық іс, 2013 жылы 14 адамға қатысты - 9 іс, 2012 жылы - 3 адамға қатысты 2 қылмыстық іс қаралған. Деректер жыл санап өсіп барады. Бұл туралы «Адам саудасы азаяр емес» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы газетте «Субсидияға мелдектеген салада неге шығын көп?» деген мақала жарияланды. Ел Үкіметі кешегі отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мәселелерін қарады. Атап айтқанда, Елбасы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бюджеттен миллиардтар бөлінетіндігін, субсидияға да қыруар қаржы шығындалатындығын, алайда қомақты қайтарымы болмай тұрғанын сынға алды. Сондықтан бұл саланы реформа күтіп тұр. Осы орайда Үкімет жиынында Ұлттық экономика министрі ауыл шаруашылығындағы субсидияларды оңтайландыру және тиімділігін арттыру бағытындағы шараларды ұсынды. Қазіргі уақытта тек өсімдік шаруашылығында ғана субсидияның 13 түрі бар. Атап айтқанда, олар өсімдіктер тұқымдарының құнын арзандатуға және өндіріске кеткен шығындарын өтеуге, жеміс дақылдары мен жүзім егістерін егуге, тыңайтқыштардың құнын төмендетуге, мақта өндірушілердің өнім сапасы сараптамасына жұмсаған шығындарын толық өтеуге, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру төлемдеріне, биоагенттер мен биопрепараттар құнын субсидиялауға арналған. Дегенмен егіншілер барлық субсидия түрлерін біріктіруді, субсидиялау кезінде өсіп шыққан ақырғы өнімді негізге алуды сұрауда. Әйтпесе кейбір аграршылар егіс күтімін аяғына дейін жеткізбей, тіпті шыққан өнімді де жинамай тастайтын көрінеді: мемлекеттен алған мол субсидия егін егуге кеткен шығындарын онсыз да артығымен жабады екен.

«Айқын» газетінде «Көкейдегі сауал» айдарында «Мұғалімдердің мәртебесін арттыру үшін арнайы мемлекеттік агенттік керек пе?» деген мәселе көтерілді. Осы орайда басылым бірқатар мамандардың пікірін ортаға салып отыр.

Қазақстанның Еңбек Ері, Алматыдағы №159 мектеп-гимназияның директоры Аягүл Миразова: «Мұғалім ежелден халық арасында элита саналған. Алайда қазіргі мұғалімдердің әлеуметтік ахуалы, мүмкіндігінше көтеруді талап етеді. Себебі мұғалім өзінің киім киісімен, білімімен, өзін ұстауымен жас ұрпаққа үлгі болуы керек. Алайда талапқа сай киім сатып алу үшін қаражат керек. Біз ғой, тәжірибелі мұғалімдер, сан жылдар бойғы еңбек өтілімізге байланысты айлық аламыз. Ал жас мұғалімдерді ойлап жатқан кім бар? Олардың айлығы шайлығына жетпейтіні ақиқат. Мұның өзі білікті де білімді, қолынан іс келетін мұғалімді мектепте ұстап тұруға кедергі болуда. Осының салдарынан тамаша мұғалімді ұстап тұра алмаудамыз. Қалай болғанда да, мұғалімдер қауымының мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік жағдайын жасай алатын болса, онда ондай құрылым қажет»,- дейді.

***

«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Черный доктор Суицид» атты материал басылды. Астанада өзіне-өзі қол жұмсауға бейім балаларға консультативтік және психологиялық көмек көрсететін жедел топ құрылды. Бұл туралы Астана қалалық мәслихатының сессиясында қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева айтты. Бүгінде елордадағы суицидтік ахуалдың алдын алу үшін ведомствоаралық қарым-қатынастардың жүйелі жоспарлары бекітілді.