Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында еліміздегі сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған заң жобаларын талқылау барысында ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Бектас Бекназаров осылай мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заңға соттардың қызметін кадрлық, қаржылық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Бұл ретте ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Бектас Бекназаров: « Жоғарғы Сот кеңесі кадрлардың кәсіби даярлығын тексеруді, судьялыққа кандидаттардың адамгершілік бейнесінің жарасымдылығын әрі атқаратын қызметіне лайық болуды қадағалауды өз мойнына алуы тиіс. Ал судьялық өзін-өзі басқару органы, сот қазысы судьялардың тәртіптік жауапкершілік мәселелерімен айналысатын болады», - деп атап өткен болатын. Оның айтуынша, заң судьялардың өкілдіктері анағұрлым кеңейтуге арналады. Бұл судьялардың тәуелсіздігін нығайтып, оларды сот төрағаларының тарапынан болатын ұсақ-түйекке араласушылықтардан құтқарады. «Міне, осылайша судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде сот басшылығы тарапынан еш қысымға ұшырамай жұмыс істейтін болады. Қабылданған заң осыған нақты мүмкіндік береді деген сенімдеміз», - дейді Б. Бекназаров.
Оның айтуынша, облыстық сот төрағаларына кассациялық сот алқасын басқаруды жүктеу облыстағы сот тәжірибесінің дұрыс қалыптасуына тікелей міндеттеп, кассацияда қаралған әрбір заңсыз сот актісіне оның жауапкершілігін арттырады.
«Жалпы заңды әзірлегенде қолданыстағы заңнаманың артықшылықтарын сақтап, кемшіліктерін толықтыруға баса назар аударылды. Мәселен, кассациялық және қадағалау сатыларында істерді алқалы түрде қарау сол қалпында сақталды. Істерді кассациялық қарауды кемінде үш судья, жоғары сатыда қарау кезінде 8 судьяға дейін қатыстыру көзделеді», - дейді төраға. Оның сөзіне қарағанда, заңнаманың жаңа редакциясы арқылы тараптардың сот актілерін аппеляциялық және қадағалау сатыларында шағымдануға мүмкіндігі мен мүдделілігін қамтамасыз ететін нормалар да енгізілген. Бұл ретте процеске қатысушылар сот ісін жүргізудің осы маңызды сатыларынан тыс қала алмайды. «Тіпті тыс қалудың өзі олар үшін енді тиімді болмайды. Өйткені, аппеляциялық сот барлық дәлелдемелерді бәсекелестік процесінде тікелей қайтадан зерттеп, тексереді. Осы сатыда тараптарға өз мүдделерін қорғап, қосымша дәлелдер келтіруіне мүмкіндік беріледі. Бұл жағдай сот істерінің қайта қаралуына жолдануын тоқтатып, әрбір істің бірінші сатыдағы сотта бір-ақ рет қаралуына әкелетін төте жол болып табылады. Яғни, мыңдаған тараптарды сот шеңберін қайта-қайта айналу әуре-сарсаңынан арылтады», - дейді Б. Бекназаров.