«Судьялардың психикасы тексерiледi» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 24 қаңтар, сенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

"Егемен Қазақстан" газетiнiң бүгiнгi санында қазақтың енжар мiнездерiн бетке басатын мақала жарияланды. Мақала авторы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қанапия Мырзағожин қазақтың мырза мiнездерi жойылып барады деп қынжылыс бiлдiрген.

"Біздің елімізде кім кедей, деп сұрай қалсаң, әрине, қазақ, дейді көпшілік жұрт. Ешкім бұған дау айта қоймас. Ал өзге ұлт өкілдері ауқатты ғұмыр кешіп, сәнді өмірдің қызығына кенелуде. Қазақ жұпыны тіршілігіне қанағат етеді, «Алла, бергеніңе шүкір, тәубе», деп отырғаны. Міне, осы «тәубе» қазақты етектен тартып, алға ұмтылуға, алдымызға үлкен мақсат қойып, сол жолда ерінбей-жалықпай еңбек етуге қолбайлау жасайды", - деп жазылған "Икемсіздің ісі өнбес" атты мақалада.

"Қазаққа жалқаулықпен қоса жабысқан дерт арақ дер едік. Бүгінде екінің бірі араққа бой алдырып, маскүнемдік жолына түскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жылына сегіз литр арақ ішкен адам маскүнемдер қатарына жатады екен. Ал бізде, Қазақстанда адам басына шаққанда арақ ішу 33,5 литрден келеді. Міне, араққа қатысты шындық осындай. 8 литр мен 33,5 литрді салыстырып көріңіз. Осылай кете берсек, түбі не болар. Тапқан-таянғанын араққа салып отырған отағасынан не күтуге болады. Бүгінде арақ ішпейтін қазақты табу қиын. Рас, біреулер көп ішсе, біреулер азырақ ішеді. Айырма сол ғана. «Ағайын тату болса арақ көп, абысын тату болса шарап көп», деген сатирик-ақын Сейіт Кенжеахметовтің мысқыл мақалы өмір шындығынан туған ғой. Республикалық «Атамекен» газетінің дерегіне сүйенсек, қазақ елі көп ішетін елдердің рейтингінде «мәртебелі» 8-орынға жайғасыпты. Ал Ресей 22-орында. Міне, жеткен жетістігіміз осындай. Мұнымен қалай ел, қалай жұрт боламыз?" - деп күйiнедi ұлт жанашыры.

Ал "Айқын" басылымы бүгiнгi санында: Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Жоғарғы соттың кеңейтілген кеңесінде «судьялар корпусының коррупциямен күресте біраз жетістіктерге қол жеткізгендігі» жария етілді, деген хабар таратты.

"Жоғарғы сот судьясы, Судьялық этика жөніндегі комиссия төрағасы Нұржан Қайыпжан заманауи «билердің» мораль­дық-адамгершілік бейнесіне тоқталды. Егер судьяның қолы мен ниеті арам болса, заң қанша жақсарғанымен, бұл саладағы жағдай жақсармауы мүмкін. Заман түзелді, заң түзелді, ал соттар ше?

Тарата айтсақ, судьяларға қатысты шағымдарды қарау нәтижесінде, 18 судья тәртіптік жазаның ең жұмсағымен - «судьялық бетке басумен» (судейское порицание) құтылған, 24 судья бойынша «талқылаумен шектелген», 8 судья тәртіптік жазаға тартылған, оның ішінде екеуіне - сөгіс жарияланған, алтауы - қызметінен қуылыпты. «105 шағым бойынша дәйек­темелер расталмады» деді әдеп комиссия­сының басшысы", - делiнген "Судьялардың психикасы тексерiледi" атты мақалада.

Оның дерегінше, коррупциялық заңнаманы бұзғаны үшін 2014 жылы жергілікті соттардағы 3 судья қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Салыстырсақ, 2013 жылы - 8 жемқор судья түрмеге қамалған еді.

Кеңесті қорытқан Жоғарғы сот төрағасы жемқорлықтың алдын алу үшін бірнеше шара қабылданып жатқандығын жеткізді. Мәселен, соңғы кездері судьялық корпус басшылығы «жоғарғы лауазымдарға кан­дидаттардың кәсіби, іскерлік және адам­гершіліктік қасиеттерін зерттеу мақсатында өңірлерге ұдайы шығып, солармен кездесіп» тұрады екен.

Сондай-ақ сот басшылары өз қоластына алатын кандидаттардың кейінгі әрекет­теріне басымен жауап берулері тиіс: кандидаттарды судьяға ұсынушылардың дербес кепілдік беруі (личное поручительс­тво) институтын енгізу мәселесі зерттелуде екен. «Биылғы жылдан бастап, кандидат­тарды психологиялық тестілеуді ендіру жоспарланып отыр» деді Қайрат Мәми.

"Айқын" газетiнiң келесi мақаласы Шығыс Қазақстан облысының әкiмi Даниял Ахметовтың "бiртүрлi" ұсынысына қатысты болып отыр.

"Шығысқа келгеніне бірер ай болғанда, әкім біртүрлі «қылық» шығарды. Облыс әкімі Даниал Ахметов Өскеменде бір түсті плитамен көмкерілген алаң ашқысы келеді екен. «Бір түстес плиткамен жабылған алаң болса. Мәселен, қызыл түс. Жасыл түс те жақсы көрінер еді» дегенді Даниал Ахметов облыстық әкімдікте өткен жиындардың бірінде айтса керек. Әкімнің бұл ұсынысына жергілікті жұртшылық риза емес. Олар әкім Өскеменді Мәскеуге ұқсатқысы келеді деп түсінеді. Тіпті жұртшылық арасында бұған әкімнің бірнеше жыл Ресей астанасында қызмет етуі себепкер болуы мүмкін деген болжам да бар", - деп жазады газет.

Жаңа алаңды бір түспен өзгерту аз шығынды қажет етпейді. Оған облыстық бюджеттен қыруар ақша бөлінуі тиіс. «Алаңды бір түспен өзгерту үшін артық шығын жұмсағанша, ол ақшаны әлеуметтік нысандарға жұмсағанымыз абзал емес пе?» деген пікірді алға тартады шығыстықтар.

"Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орталықтың жалпы көрінісін жаратпайтыны жайлы ғаламтор беттерінде де аз сөз болмаған. Тіпті Өскемен қаласы­ның әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісінің өткен жылдың қараша айында Мәскеудің сәулетімен танысу үшін арнайы іс-сапармен барғаны да көпшілікті алаңдатып отыр. Жұртшылық «егер әкім орталықтағы алаңды жасыл түске өзгерткісі келсе, Мәскеудің сәулетімен танысудың қажеті қанша?» деген пікірлерін де жасырмайды", - делiнген "Ахметов "қызылға" неге құмар?" атты мақалада.

Ресми тiлде шығатын "Экспресс К" басылымы USAID стратегиялық және бағдарламалық бөлiмiнiң директоры Алер Граббстың "Esquire" журналында жарияланған Қазақстан туралы мақаласын жариялап отыр.

Алер Граббс онда Қазақстанда өткiзген алғашқы Жаңа Жыл мерекесiн әңгiмелептi.

"Мен Қазақстанға жаңа келдiм және Рождествоны Алматыда қарсы алдым. Жаңа елде қысқы демалысты өзiң жалғыз қарсы алу өте көңiлсiз сияқты. Бiрақ Қазақстан мен үшiн рождестволық ертегiнi ашқандай болды және менi қатты таңырқатты. Барлық жердегiдей, мұнда Рождество мерекесiн қатты жақсы көредi екен", - деп жазады америкалық мейман. "Менiң Алматыдағы сүйiктi жерлерiм - халық көп жүретiн Фурманов көшесi, 28 панфиловшы атындағы саябақта орналасқан тамаша собор мен Достық көшесi. Рождестволық үлкен шырша сауда орталығының алдында орнатылған - дәл менiң туған қалам Нэшвиллдегiдей. Бiз Қазақстаннанбыз ба, әлде Америкаданбыз ба ол маңызды емес, бiз ортақ дәстүрге иемiз. Алматыда ақ сақалды, камзол киген, ақ тоны бар қарияның үлкен мүсiнi орнатылған. Ол Санта-Клаустан аумайды. Бiрақ ол өзгешелеу. Америкалық Санта қызыл камзолда, ал Аяз Ата көк киiм киген", - дейдi ол. Толығырақ, "Алер Граббс: я восхищена рождественской сказкой, которую открыла в Казахстане" атты мақаладан оқи аласыздар.