«Суқоймаларды, тоғандарды жекеменшіктің қолынан мемлекет өз қарамағына алуы керек» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 қазан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Жасампаз жоба» атты мақала басты. Онда Президент Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі саясаткер, өз елін тәуекелге толы тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен алып шығып, айналасы жиырма жылдың ішінде дү­ние дидарына мығым мемлекет ретінде танытқан тұлға, кемел көшбасшы ретінде көрсеткен қасиеттерінің бірі - ой­шылдығы екендігі айтылған. «Елбасымыздың осы жылдар ішінде дүниежүзілік қоғам­дас­тық­тың ортасына салған көптеген ұсыныстары жүзеге асқа­ны белгілі. Саясаттың сан түрлі себептеріне байланысты кезінде толық көлемінде орындалуы мүмкін болмаған ойлары­ның өзі уақыт өте келе көкейкестілігін арттырып, қажеттілігін дәлелдей түсуде», - деп жазады басылым.

Сондай-ақ аталмыш басылым бетінде «Ұжымдық қауіпсіздіктегі ұстаным ортақтығы» атты мақала жарияланды. Мақалада Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық парламентшілер делегация­сының Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассам­блея­сы Кеңесінің отырысына қатысқандығы және онда көтерілген мәселелер жөнінде баяндалады.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында«Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті Саясат Нұрбекпен болған сұхатты жариялапты. Онда орталық президенті өзінің «Болашақ» бағдарламасы мен оның рөлін әңгімелей келе: «Тіл білу - әр адамның жеке бас тәрбиесіне байланысты. Ананың сүтімен, әкенің ісімен келетін құндылық, асыл мұра. Менің көптеген достарым «асфальтта» өскен, орысша тілі шығып, орысша тәрбиеленген. Кейін солар осы «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып, оқып қайтқан соң, қазақша сөйлеп шыға келеді. Сөйтсем шет елде оларға «Қазақ болсаң, неге орысша сөйлейсің? Тілің жоқ па?» деп келеке қылады екен. Содан олар өзді-өзіне ренжіп, намыстанып, ана тілін үйренуді мақсат етеді», - дейді. Бұл сұхбат «Айқын» басылымының апталық санында «Елбасы қатысатын форумға қызу дайындық үстіндеміз» атты тақырыппен басылды.

Сондай-ақ осы басылым 1969 жылы елдегі монархиялық режимді құлатқан Муаммар сол елдің билеушісі атанғандығын жазады. «Әрине елдің Премьер-Министрі де, қорғаныс қолбасшысы да атанды. Ең соңында мұндай ресми лауазымдардан бас тартып, «революция көсемі» деген атты өзіне қалдырды. 1970 жылы елдегі билікті өз қолына алған ол Ливиядағы өзге елдің әскери базаларын жауып, әскерін қуып шықты. «Біздің жерде ешқандай шетелдің әскери базасы тұруы тиіс емес. Кетуі керек. Әйтпегенде төңкеріс жалғаса береді. Отаршылдардан елді азат етуде біз қаза табамыз. Бірақ бәрібір азаттық соғысы жалғаса бермек», деген жалынды сөздер айтқан», - деп жазады басылым. Бұл туралы «Айқын» басылымның апталық санындағы «Каддафи!» атты мақалада.

***

«Тәуелсіздік қарсаңында рақымшылық жарияланатын болды». «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында осындай мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мақұлданды. Құжатқа сәйкес, істі болған 11 мың адам рақымшылық алып, 5 мыңға жуық қылмыстық іс сотқа жетпестен тоқтатылатын болып отыр.

Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында Гидрогеология және геоэкология институтының директоры, профессор Әлішер Сәтбаевпен болған сұхбатты жариялаған. Ғалымның айтуынша, Қазақстан жан-жағындағы барлық мемлекеттермен трансшекаралық өзендер арқылы байланысып жатыр. Ал мұнайда су саясатының маңызы бар екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан елімізде су мәселесін шешу үшін жерасты суларының көзін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл шара шөл және шөлейт аймақтарды, сортаң жерлерді тұрақты да сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл мәселеге қатысты ғалымның ойларын «Суқоймаларды, тоғандарды жекеменшіктің қолынан мемлекет өз қарамағына алуы керек» атты сұхбаттан егжей-тегжейлі біле аласыз.

***

«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Марат Ахметжановпен болған сұхбат жарияланды. Онда комитет төрағасы мынадай мәліметтерді ортаға салған. 2010 жылы Шымкентте көлік жылдамдығын бақылау құралы арқылы 41 мың ереже бұзу жағдайлары анықталған. Олардың тек 12 пайызы ғана заңға сәйкес айыппұл төлеп, мемлекет қоржынына 23 мың теңге салған. Осылайша жол ережесін бұзушылардың 88 пайызы назардан тыс қалған. Бұл дегеніңіз 36 мың заң бұзу әрекеті немесе 275 милион теңге. Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары тек Бас прокуратураның тексеруінен кейін ғана жол ережелерін өрескел бұзушыларды тәртіпке шақыра бастады. Сұхбат «Шектеу» борышкерлерді шектейді» деген тақырыппен жарияланған.