СҮЛЕЙМЕНОВ БЕКЕЖАН СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ

Сүлейменов Бекежан Сүлейменұлы (1912-1984) - ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Карл Либкнехт атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген.

1938-1942 жылдары - Қазақ педагогикалық институты (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) КСРО тарихы кафедрасының аға оқытушысы. 1942-1943 жылдары - Қазақ мемлекеттік шет тілдер мұғалімдер институтының (Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті) ректоры. 1943-1946 жылдары - КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесінің Тіл, әдебиет және тарих институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1946-1952 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатын зерттеумен шұғылданған. 1-орыс революциясы тұсындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірдің ерекшіліктері жайында еңбектер жазған. Ермұхан Бекмахановтың негізсіз айыпталуына қарсылық танытып, оның Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы туралы ғылыми тұжырымын қолдаған.

1952 жылы Бекежан Сүлейменовтің өзі кеңестік тоталиатарлық жүйе тарапынан қысымшылыққа ұшырайды. Оның еңбектеріне «реакциялық пиғылдағы бай феодалдарды, хандар мен сұлтандарды дәріптеді, ұлттшылдық идеяларды насихаттады» деген айыптар тағылып, сот шешімімен 25 жылға сотталған. Жазасын Иркутск облысындағы еңбекпен түзету лагерінде өтеп жүрген кезінде 1954 жылы ақталып шыққан. Осы жылы Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасқан. 1957-1984 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтының революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі аграрлық мәселелер, 1916 жылғы көтеріліс және Қазақстандағы қоғамдық ой-пікір мен ағартушылық тарихы туралы «Амангелді Иманов - Қазақстан азаматтық соғысының батыры», «Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс», «Қазақстандағы 1905-1907 жылдардағы революция», «Қарағанды көмір бассейінің тарихы», «Қазақ батырлары»,«Аграрный вопрос в Казахстане в последней трети XIX и начале XX в.» (Москва), «Реформы 1867-1868 гг. в Казахстане», «Казахстан в составе России в XVIII - начало XX века» атты ғылыми еңбектері мен деректі жинақтарын жариялаған. Ғалымның тікелей басшылығымен 20-дан астам кандидаттық диссертация қорғалған.

Бекежан Сүлейменов Ыбырай Алтынсариннің шығармаларына зерттеулер жүргізіп, 3-томдық жинағын құрастыруға жетекшілік еткен. 5-томдық «Қазақ КСР тарихы - Ежелгі дәуірден бүгін күнге дейін» жинағын даярлауға қатысқан. 1980 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілген.

Бекежан Сүлейменов 1984 жылы 30 маусымда Алматыда қайтыс болған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 8 том.