ОРАЛ. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылдық округіндегі Асқар Сағынаевтың «Сұлтан» шаруа қожалығы мал басын 86 бас қазақтың ақбас тұқымды сиырымен және 2 бұқасымен толықтырды.
Бұған дейін аталмыш қожалықта 135 қазақтың ақбас сиыры, оның ішінде 105-і аналық сиыр болды.
А.Сағынаев жаңа келген малды ауданның Алғабас ауылдық округіндегі осындай тұқымдас сиыр мен көшім жылқысын өсіретін, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Сәбит» шаруа қожалығынан сатып алды. «Сұлтан» мен «Сәбит» қожалықтарының арасында байланыс бұрыннан қалыптасқан. Бұдан бұрын да А.Сағынаев осы 40 бас сиыр мен 2 бас аталық мал сатып алған еді. Былтыр бұл қожалық аналық мал басы үшін 7 миллионнан астам теңгенің демеуқаржысын иеленді.
Айта кетейік, «Сұлтанға» биыл «Бизнестің жол картасы- 2020» бойынша 12 шақырымдық электр желісі тартылып, қуат жеткізіледі.
Шаруашылықта ірі қарадан басқа, 450 бас қой-ешкі мен 46 бас жылқы да бар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).