Сұлтанғали Серік «Руханият» партиясының төрағасы болып сайланды

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін «Руханият партиясы» қоғамдық бірлестігінің басшылық құрамы мен оның өңірлік филиалдары делегаттарының қатысуымен партияның кезектен тыс Съезі болып өтті.

Бұл туралы саяси ұйымның баспасөз релизінде хабарланған.

Съезде 2012 жылғы жұмыс қорытындыланып, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа бағыты» атты Жолдауына сәйкес партияның жаңа міндеттері мен басымдықтары анықталды.

«Руханият» партиясының төрайымы А.Жағанова өз сөзінде атап өткендей, биыл партияның қайта тіркеуден өткеніне тура 10 жыл толады. Осы он жыл ішінде партия қоғамдағы татулық пен келісімді, этносаралық және конфессияаралық тепе-теңдікті, әлеуметтік мәселелердің шешілуін, жоғары парасатты және рухани бай қоғамның дамуын жақтады. Партияның көзқарастары әрқашан Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың негізгі идеяларына сәйкес болды.

А.Жағанованың ұсынысы бойынша партияның жаңа төрағасын сайлау туралы мәселе қаралды, осы орынға ұсынылатын кандидатура талқыланды. Бастаманы барлық делегаттар қолдап, «Руханият партиясы» қоғамдық бірлестігінің жаңа төрағасы болып «КазТрансГаз» АҚ Бас директоры  Сұлтанғали Серік бірауыздан сайланды.

- Бұл өз ісіне шексіз берілген адам. Өз кәсібінің жарқын өкілдерінің бірі. Оның жетекшілігімен елдің газқұбыры жүйесін дамыту жөніндегі орасан жұмыс жалғасын тапты. Ол патриоттығымен, мақсат жолындағы ұмтылысымен, кәсібилігімен, өз ісі мен адамдар үшін жауапкершілік сезімімен ерекшеленеді. Мен біздің партиямызды басқаруға нақ осындай адамның лайық екеніне сенімдімін, - деп атап өтті А.Жағанова.

Сондай-ақ Съезде партияның Республикалық комитеті мен Республикалық комитеттің Саяси атқару комитеті бекітілді.

Анықтама үшін:
Сұлтанғали Серік - 1953 жылғы 17 сәуірде Алматы облысы Кеген (Райымбек) ауданының Жалаңаш селосында дүниеге келген. 1977 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ Политехникалық институтын бітірген.

Еңбек жолын 1977 жылы "Қазқалақұрылысжоба" Бас сәулет-жоспарлау басқармасында сәулетші болып бастаған. 1991-1994 жылдары Алматы қаласында Тұрғын үй департаментінде және «Алтын-Алма» акционерлік қоғамында басшылық лауазымда жұмыс істеді. 1994-1995 жылдары - Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары. 1995-2004 жылдары - «Айсель Қазақстанның» ең ірі құрылыс компанияларының бірінің президенті.

2004-2005 жылдары «КазТрансГаз» АҚ бас директорының орынбасары қызметін атқарды. 2005-2007 жылдары - «КазТрансГаз» АҚ бас директоры. 2007-2009 жылдары - «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы болды. 2010 жылғы қаңтардан 2011 жылғы ақпанға дейін  -  «КазТрансГаз» АҚ бас директоры. 2011 жылғы ақпаннан бастап «КазТрансГаз» АҚ Директорлар Кеңесінің төрағасы болып сайланды, 2012 жылғы тамыздан бастап «КазТрансГаз» АҚ бас директоры болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен, РФ мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін І Дәрежелі Ұлы Петр орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған, Президенттің алғыс хатымен атап өтілген.  «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» белгісіне ие, КСРО және Қазақстан Сәулетшілері одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының бірқатар қалаларының құрметті азаматы.