Kazinform: Байқауға қалай келдіңіздер? «Астана аруы» атағына үміткерлер немен айналысады?
Алина Байғожина: Мен 17 жастамын, бала кезімнен модельдеу саласында жұмыс істеймін. Екі жасымнан бастап мен көптеген шоуларға, түсірілімдерге қатыстым, сондықтан осы байқауға да келуім заңдылық шығар.
Раим Шынабекова: Жасым 26-да. Сән саласына кәсіби түрде қатысқан жоқпын. Бірақ фотографтар мені суретке түсіруді жиі сұрайды. Бұл жолы маған «Қазақстан аруы» дирекциясынан хат жазып, «Астана аруына» қатысуға шақырды. Кастинг те сәтті өтті.
Дана Ермекқызы: Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын «Киім дизайнері» мамандығы бойынша бітірдім. Алғаш рет осындай байқауда, модельдік форматта өзімді сынап көруді шештім. Бұған дейін еш жобаға қатыспағанмын.
Анна Зорина: Өткен жылы медицина университетін «Фармацевтикалық өндіріс технологы» мамандығы бойынша бітірдім. Сондықтан мен сән саласынан өте алыс болдым. Алайда қазір шығармашылық табиғатыма байланысты сәнгерлікке, актерлікте бет бұрып, шоу-балет әртісі болып жұмыс істеймін.
Әлима Талғатова: 10 жасымнан сән көрсетілімдеріне қатысып келемін. 2014 жылы менің әпкем «Астана аруы» атанған еді. Сол сәттен бері осы байқауға қатысу менің де үлкен арманыма айналды.
Кәрима Бірімжанова: Мен – 23 жастамын. Бұл байқауға қатысуды көптен бері армандағанмын. Елден жырақта оқып жүргенде Қазақстан атынан халықаралық деңгейде өнер көрсетуді армандайтынмын. Байқауға жарты жыл қалғанда Ерейментаудағы әлеуметтік жобаға қатыстым, онда скрипкашылар тобымен Ерейментау аймағын экологиялық тұрғыда тазарта алдық. Осылайша танымалдылық пен жеке брендтің елге үлкен пайда әкелетінін түсіндім. Сондықтан, егер «Астана аруын» жеңе алсам, көп жақсылық жасай аламын деп ойлаймын.
Kazinform: Сайыстың ақтық сынына дайындық қалай жүріп жатыр?
Анна Зорина: Біз үшін дайындық наурыз айында алғашқы кастингтерімізден басталып кетті. Одан кейін де бірнеше кезеңнен өттік. Алдымен олар бейнетаныстыруымызды жинайды, электронды өтінімдерді қабылдайды, содан кейін бетпе-бет сұхбатқа қатысып, мыңдаған адамның арасынан үздік 20 таңдалып алынды, наурыз айында үздік 10 қыз іріктеліп шықты. Бірақ жазда кастинг тағы жалғасып, қатысушылардың толық саны жиналды. Мамыр айында біз қайырымдылық шарасын өткіздік, онда әрбір қыз маңызды әлеуметтік тақырыпты қозғап, өз жобасын - осы мәселені шешу жолдарын ұсынды. Кейінірек жазда үзіліс жасап, қыркүйекте қызу дайындықты бастап кеттік. Соңғы екі апта бойы финалға дайындалып жатырмыз, күн сайын жеке және жалпы нөмірлерімізді қайталаймыз. Қайырымдылық жобаларын да ұмыт қалдырмадық, жақында ғана Қарттар үйіне барып концерт өткіздік.
Kazinform: Іріктеуде қандай қайырымдылық жобаларын ұсындыңыздар?
Анна Зорина: Менде адамдарды эмоционалды сауаттылықпен таныстыратын жоба болды, осылайша біз абьюзивті қарым-қатынастарды, манипуляцияларды, сондай-ақ жағымды эмоцияларды анықтауды үйретеміз. Менің жобамның шешімі – мектептер мен университеттерде дәрістер өткізу болды. Өйткені сіз терминді білсеңіз, оны өміріңізде тиімді қолдана аласыз. Осылайша ұлттық деңгейде эмоционалды интеллекттің жалпы деңгейін көтере аламыз.
Кәрима Бірімжанова: Қайырымдылық жобалар кешінде балалар үйлеріне көмек ретінде «Тәлімгерлер» бағдарламасын таныстырдым. Ондағы балалар көбінесе заттар, ойыншықтар сияқты материалдық қолдауды қажет етпейді, тірі адамның қолдауына мұқтаж болады. «Тәлімгерлер» бағдарламасы қарапайым адамға нақты бір баламен кездесуге мүмкіндік береді. Олар психологиялық тесттер арқылы салыстырылады және барынша сәйкес келетінін баланы анықтайды. Содан кейін олар аптасына бірнеше рет 1-3 жыл бойы кездесуге келе алады, осылайша баланың әлеуметтенуіне, қалыпты өмір сүруіне көмектеседі. Сондай-ақ, бағдарламаға баланы мейрамхана бизнесінде тағылымдамадан өткізуге және болашақта жұмысқа орналасуға көмектесе алатын кез келген бизнес қатыса алады.
Дина Үсіпбек: Менің жобам қаланы жасанды интеллект арқылы көгалдандыруға жөнінде болды. Яғни "Астана аруы – 2023" байқауының биылғы тақырыбы – экология мен цифрлық интеллектке негізделген. Мен «Бір тал» атты жобаны жасап шықтым, онда әрқайсымыз онлайн форматта қашықта отырып-ақ бір ағаштан отырғыза аламыз. Ол үшін кез келген адам қандай да бір сома жібере алатын платформа жасадым.
Айым Нұрдәулетова: Жобам «Өзі кінәлі» деп аталады, онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді қорғау мен қолдау көзделген. Менің ойымша, бұл Қазақстандағы басты мәселе болып отыр. Жалпы Қазақстанның ТМД-да тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша бірінші орында тұрғанын естігенде қатты таң қалдым. Бұл жобамның басты мақсаты – мәселені қоғамдық деңгейде көтеру, мектептерде, жоғары оқу орындарында сабақ өткізу, зардап шеккендердің барлығына көмектесу үшін шалғайдағы пункттерде, ауылдарда түрлі көмек орталықтарын көбейту.
Әлима Талғатова: Менде тамақтану арқылы Қазақстан халқын сауықтыруды көздейтін жоба болды. Біздің отбасымыз әрдайым дұрыс тамақтануды ұстанды. Біздің үйде тәттілерге тыйым жоқ, бірақ ұн мен сүт қнімдерін шектейміз. Себебі мұның бәрі біздің денсаулығымызға зиян, ағзадағы РН жоғарылайды немесе түсіп кетеді. Осы жобаның арқасында мен мектептерде, жоғары оқу орындарында дұрыс тамақтану тақырыбын қамтығым келеді. Мысалы, шеберлік сабақтарын өткізу, мәзірлер жасау, тұтынуға болатын және жеуге болмайтын өнімдер тізімін құру. Себебі барлық дерлік аурулар тамақтануға тікелей байланысты.
Kazinform: Жас оқырмандарға кеңес ретінде сұлулық құпияларымен бөлісе аласыздар ма? Қандай өмір салтын ұстанасыздар?
Анна Зорина: Сұлулықтың басты сыры – дұрыс ұйқы және дұрыс тамақтану. Оған спортты да қосу керек, себебі ол метаболизмді жақсартады. Ұйқы күніне 8 сағаттан кем болмауы керек. Таңертең міндетті түрде таңғы ас ішемін, сонда ағзаның жұмысы да жүйеленеді. Мен арнайы диеталарды ұстанбаймын, өйткені ағзаның өзі қандай тағамдар қажет екенін және не жетіспейтінін интуитивті түрде біледі деп ойлаймын.
Алина Байғожина: Ұйқы жөнінде Аннаның айтқанымен толық келісемін, бұл сұлулықтың маңызды аспектілерінің бірі, күні бойғы көңіл-күйімізге ықпалын тигізеді. Екі ай бұрын мен жүгіруді бастадым. Алғашында хобби ғана болса, қазір марафондарға қатысамын. Соңғы рет 21 шақырым қашықтықта жүгірдім. Екі ай бұрынғы және қазіргі күйімді салыстырар болсам, айырмашылық жетерлік. Спорт біздің сұлулығымызға және жалпы күйімізге қатты әсер етеді, күш-жігерімізді дамытады.
Kazinform: Байқауға дайындық барысында қандай қарым-қатынас орнады, араларыңызда бәсекелестік бар ма?
Дана Ермекқызы: Шын мәнінде, қыздармен өте жақын дос болып кеттік. Бізде ешқандай негатив немесе қызғаныш жоқ. Барлық қыздар мейірімді және позитивті. Байқау аяқталғаннан кейін де байланысымыз үзілмейді деп үміттенемін. Бәріміздің осы байқауда танысып, кездескенімізге өте қуаныштымын. Өйткені, мұндағы әрбір қыз – сұлу, жан-жақты және әрбірі жеңіске лайық.
Анна Зорина: Әрине арамызда бәсекелестік бар. Бірақ ол бақталастық емес, таза бәсеке. Дайындық кезінде бір-бірімізді қолдаймыз, біреу қиындыққа тап болса – көмектесеміз. Айталық, Кәрима бізге үнемі психология бойынша құнды кеңестерін береді. Әлима дұрыс тамақтану жолдарын түсіндіреді. Мен биді жақсы білгендіктен, кей қозғалыстар бойынша жәрдем көрсете аламын. Яғни әрбіріміз өзіміз жақсы білетін салалар бойынша пайдалы дүниелермен бөлісеміз.
Kazinform: Бірнеше жыл бұрын актер Әнуар Нұрпейісов «Қазақстан аруы» байқауының қатысушыларын кітапты аз оқиды деп сынаған болатын. Сіздер қазір не оқып жүрсіздер және оқырмандарға қандай кітап оқуға кеңес бересіздер?
Анна Зорина: Қазір Евгений Замятиннің «Біз» кітабын оқып жатырмын. Бұл антиутопия жанрындағы шығарма, кітапты жанрына қарап таңдамаймын. Сипаттамасы ұнаса жеткілікті, ашып оқи бастаймын. Негізінен, классикалық, шетелдік, қазақ және орыс әдебиеттерін сүйіп оқимын.
Кәрима Бірімжанова: Мен мұнда мінсіз болып көрінгім келмейді, мектеп кезінде кітап оқуды мүлдем ұнатпадым. Тек университетте психологияны зерттей бастағанда, сабақтан тыс кітаптарға қызығушылығым арта бастады. 2020-2021 жылдардан бастап тұрақты кітап оқырманымын. Қазір сүйікті кітаптарымның үлкен тізімі бар, оны әлеуметтік желіде өзім секілді жас қыздарға ұсынып отырамын. Оқыған соңғы кітабым – «Бегущая с волками» деп аталады. Онда әйел архетиптері, әйел энергиясы жалпы әлемге, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қалай әсер ететіні жазылған.
Айым Нұрдәулетова: Қазір Исай Калашниковтың «Жестокий век» кітабын оқып жатырмын. Тарихты өте жақсы көремін, әсіресе мектеп кезінен бері өз халқымның тарихына өте қызығамын. Бұл кітапта Шыңғыс хан туралы, оның жорықтары туралы жазылған және дәл қазіргі уақытта осы шығарма маған шабыт сыйлады.
Kazinform: "Астана аруы" атағы сіздерге қандай мүмкіндік сыйлайды?
Айым Нұрдәулетова: Менің ойымша, бұл атақ бірінші кезекте қазақ халқы мен қазақ әйелдері алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ, «Астана аруы» мәртебесін сұлулық пен ақыл-ойдың қатар көрсеткіші деуге болады. Бұл мен жасағым келетін қайырымдылық жобаларына да үлкен жол ашар еді. Осы атаққа ие болсам, мен өз халқыма пайда әкеліп, қайырымдылық жасағым келеді.
Валерия Антонова: Шын мәнінде, мен үшін "Астана аруында" жеңіске жету –
маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеруге үлкен мүмкіндік болар еді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, жануарларға қатысты зорлық-зомбылық, экологиялық мәселелер тақырыбын жоғары деңгейде қозғай алар едім. Біз қарапайым ортада басқа адамдарға, мемлекетке еш әсер етпейміз, теңізге тамған тамшы сияқтымыз. Ал қандай да бір атақ-даңқ болса, адамдар сізді тыңдай бастайды, байқай бастайды, үніңізге құлақ асады.
Kazinform: «Қазақстан аруы» байқауына жолдама алып, жеңіске жеткен жағдайда, бас жүлде – 5 млн теңгені қалай жұмсар едіңіздер?
Алина Байғожина: Конкурста жеңіске жеткен жағдайда, мен қонақ үй ісімен айналысар едім. Қонақүйдің немесе мейрамхананың болашақ дамуына инвестиция салып, ашылуын жоспарлар едім.
Кәрима Бірімжанова: Мен бұл қаражатты ата-анама берер едім, олардың тәрбиесі үшін, өмірі үшін ризашылық қана емес, олардың салып жатқан мектебіне үлес қосар едім. Өткен жылы олар бастауыш сынып мектебін салды, биыл орта мектеп құрылысымен айналысуда. Барынша демеушілерді іздейді, болмаса өз қаражатына салады. Сондықтан бұл ақшаны отбасымның ісіне жұмсар едім.
Әлима Талғатова: Ақшаның бір бөлігін Қазақстан халқын тамақтандыру, сауықтыру туралы қайырымдылық жобамды ашуда жұмсайтын едім. Ал екінші бөлігі анама берер едім, өйткені ол қазір жабық киінетін дін жолындағы қыздарға арналған сапалы киім брендін ашумен айналысуда. Бұл да біздің қоғам үшін өте маңызды бағыт деп ойлаймын.
Әмина Танабаева: Әрине, осы күнге дейін қомақты ақша ұтып алсам, қайда жұмсар едім деген сұрақ мені де мазалаған. Мен жүлде қорын үш бөлікке бөлер едім. Ең алдымен өзімді дамытуға, өз біліміміді арттыруға инвестиция құюым керек. Екіншіден, Кәрима айтқандай, ата-анаға қолдау көрсету де өте маңызды. Үшінші бөлім – қайырымдылыққа жұмсалуы керек.
Айта кетейік, 12 қазанда өтетін «Астана аруы-2023» сұлулық байқауының жеңімпаздарына қомақты ақшалай жүлде берілмейді. Оларға «Қазақстан аруы» байқауына жолдама мен «Тұран» университетінің тегін оқу гранттары сыйға беріледі.
Биылдан бастап «Астана аруы» қалалық сұлулық байқауын өткізуді «Қазақстан аруы» байқауының ұйымдастыру комитеті өз мойнына алған болатын. Ондағы басты мақсат – елордадағы сұлулық байқауының сапасын арттыру және алдағы байқауларға лайықты бойжеткендерді дайындау.
Қазылар алқасының құрамында «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауының президенті Айдай Исаева, өткен маусымның жеңімпазы Томирис Кәкімова, блогер және тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімова, әнші әрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева және Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ерлан Дәкенов бар.